Басты жаңалықтарҚала

Ең әдемі үйлер — Ақтөбеде

Биыл қаламызда алғаш рет «Ақтөбе қаласының абаттандырылған ең үздік ауданы» конкурсы ұйымдастырылды. Өткен аптада осы конкурстың Астана ауданы бойынша үздіктері марапатталды.

 

7 номинация, 23 жеңімпаз

Биыл Ақтөбе қаласында алғаш рет ұйымдастырылған бұл байқауға «Көппәтерлі үйдің ең үздік ауласы», «Көппәтерлі үйдің ең жасыл ауласы», «Жеке үйдің ең жақсы дизайны», «Ең жақсы гүлзар немесе гүл бақшасы», «Үздік аула сыпырушы», «Кәсіпорын мен ұйымның ең жайлы аумағы», «Тұрғындардың қатысуымен құрылған үздік спорт нысаны» номинациялары бойынша 81 қатысушы қатысқан. Олардың ішінде 23 қатысушы үздік атанған.
«Ақтөбе қаласының абаттандырылған ең үздік ауданы» конкурсын ұйымдастырудағы басты мақсат — ауданда, шағын ауданда, көшеде, аулада, үйде, кәсіпорында және ұйымдарда тұрғындарды қаланың келбетін жақсартуға үндеу, қаламызды гүлдендіруге үлес қосуға шақыру, Ақтөбе қаласы аудандары әкімдіктерінің тұрғылықты жері бойынша халықпен, аудандардағы кәсіпорындар және ұйымдармен жұмыс формаларын жетілдіру, қала тұрғындары үшін жайлы орта қалыптастырудың сапасын жақсарту, аудандарды, шағын аудандарды, кварталдарды, аулаларды кешенді абаттандыру. Ал байқаудың құрылтайшысы Ақтөбе қалалық әкімдігі болса, шараны ұйымдастырушылар — Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ішкі саясат бөлімдері, сондай-ақ Ақтөбе қаласының Астана және Алматы аудандарының әкімдіктері.
Негізі бұл жобаның авторы — облыс әкімінің кеңесшісі Сәния Қалдығұлова. Биыл осы кісінің бастамасымен аталған конкурс қаламызда алғаш рет ұйымдастырылды. Бұл жоба екі кезеңнен тұрады: жазғы және қысқы. Жазғы кезеңде байқаудың жеңімпаздарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына мемлекеттік мекемелердің басшылары, қоғамдық кеңестің мүшелері, депутаттар мен блогерлер кірді.
Осылайша өткен аптада біз жазғы кезең бойынша конкурс жеңімпаздарын анықтадық. Жалпы бұл жобаға қалалық бюджеттен 2 миллионнан астам қаржы қарастырылды. Биыл бұл байқаудың жазғы кезеңі маусым-тамыз айларында өткізілсе, қысқы кезеңі желтоқсан-ақпан айларында өтеді. Екі кезең бойынша үздік атанғандар облыстық кезеңде бақ сынайтын болады. Сөйтіп, біз өңіріміздің, қаламыздың көркеюіне атсалысып, оның тазалығына, дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтарды анықтап, өзгелерге үлгі ететін боламыз.
Бір қуаныштысы, бұл байқаудың жазғы кезеңіне қатысқан азаматтар қысқы кезеңге де қатыса алады. Дегенмен екі кезеңнің өзіне тән ерекшеліктері бар. Мәселен, жазғы кезеңде қатысушылардың өз аумағын тазалап, оған гүл, ағаш егуіне, жасыл желекті көбейтуіне мән берілсе, қысқы кезеңде мекемелер мен тұрғындардың уақытында өз аулаларын, үйлерінің айналасын қардан тазартып, жинақы болуы ескеріледі, — дейді Астана ауданы әкімінің орынбасары Жақсат Төлегенов.
Сонымен жазғы кезеңнің жеңімпаздарын атап өтетін болсақ, байқауда «Көппәтерлі үйдің ең үздік ауласы» номинациясы бойынша І орынды Батыс-2 шағын ауданы, 9/1 тұрғын үйінің кондоминиумы жеңіп алды. Бұл мекемеге 150 мың теңгенің сертификаты табысталды. ІІ орынды Актюбинская 47/2 тұрғын үйінің кондоминиумы иеленсе, ІІІ орын Сәтбаев, 5 және 101-атқыштар бригадасы, 6А үйінің кондоминиумына бұйырды.
«Көппәтерлі үйдің ең жасыл ауласы» номинация бойынша І орынды «Юнис Сити» пәтер иелері кооперативі (Бөкенбай батыр, 153) иеленсе, ІІ орын «Тынышбаев 55» кондоминиумына, ал ІІІ орын «Достық» қарапайым серіктестігіне берілді.
— Байқаудың қорытындысы бойынша «Кәсіпорын мен ұйымның ең жайлы аумағы» номинациясын «Энергокомплект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алып, 100 мың теңгенің сертификатына ие болса, «Ең жақсы гүлзар немесе гүл бақшасы» номинациясы №3 қалалық емханаға берілді. Бұл мекемеге 50 мың теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ конкурста «Үздік аула сыпырушы» атағы мен 100 мың теңгенің сертификатын Батыс-2 шағын ауданында орналасқан 9/1 үйдің жұмысшысы Александр Прыщев жеңіп алса, «Жеке үйдің ең жақсы дизайны» номинациясы Бөкенбай батыр, 50 Г мекенжайында тұратын отбасыға берілді. «Тұрғындардың қатысуымен құрылған үздік спорт нысаны» номинациясы бойынша 1-орынды ағайынды Жұбановтар, 300/1 тұрғын үйінің кондоминиумы жеңіп алды. Соңғы екі жеңімпазға 70 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Жалпы бұл байқауға қатысушылардың әрқайсысының қаламыздың көркейіп, өркендеуіне қосқан үлесі зор. Олар өзге тұрғындарға үлгі көрсетіп, болашақта қаламыздағы әр ауланың жасыл желекке толып, абаттандырылуына ерекше еңбек сіңірді, — дейді Ж.Төлегенов.

Екі номинацияны жеңіп алды

Байқауда жеңімпаз атанғандардың бірі — Батыс-2 шағын ауданы, 9/1 тұрғын үйінің кондоминиумы. Бұл мекеме «Көппәтерлі үйдің ең үздік ауласы» және «Үздік аула сыпырушы» номинацияларын жеңіп алды.
Кондоминиум есепшісі Шара Қанымқұлдың айтуынша, бұл үй 2017 жылы салынған. 2018 жылы кондоминиум төрағасы болып Леонид Шевчук сайланған. Содан бері бұл тұрғын үйдің ауласы әсем баққа айналыпты.
— Біздің көппәтерлі үйдің тұрғындары өте ұйымшыл, ауызбіршілігі мол. Соның арқасында 2018 жылдан бастап тұрғындардың атсалысуымен үйдің аумағына гүл, ағаштар еге бастадық. Әрі кондоминиум басшысы Леонид Шевчук — өте талапшыл, адал, әділетті адам. Міне, бес жыл ішінде біздің көппәтерлі үйдің ауласы көздің жауын алатын, әсем баққа айналды. Бүгінде ауламызда қарағай, терек, пальма, емен ағаштары, раушан, калл, хризантема, мальвина, тағы басқа әр түрлі гүлдер өсіп тұр. Жыл сайын көктемде өрік, таңқурай, шие, қара өрік ағаштары гүлдейді. Алдағы уақытта алма ағашын да егуді жоспарлап отырмыз. Жалпы біздің ауламызда өспейтін өсімдік өте аз. Сондықтан биыл осы байқауға ең соңғы болып қатысуға өтініш білдірген болатынбыз. Міне, байқау қорытындысы бойынша екі номинацияны жеңіп алдық, — дейді Шара Қанымқұл.
Кондоминиумда бірнеше жылдан бері аула сыпырушы болып жұмыс істейтін Александр Прыщевті бұл үйдің тұрғындары жақсы таниды. Мүмкіндігі шектеулі болса да Александр таңнан кешке дейін тынымсыз еңбек етеді: аула сыпырады, ағаштар мен гүлдерді суарады, арамшөптерді жұлады, аумақты күл-қоқыстан тазалайды.
— Александр естіп, сөйлей алмаса да, тұрғындармен жақсы тіл табысады. Ол — өте еңбекқор, жауапкершілігі мол жігіт. Өткен жылы пандемия кезінде бірнеше күн ауырып тұрса да, жатпай, ауланы тазалап, үздіксіз жұмыс істеді. Сол еңбегі еленіп, міне, «Үздік аула сыпырушы» номинациясын жеңіп алды. Александр үшін біздің қуанышымызда шек жоқ. Сондай-ақ кондоминиумымызда Гүлжан Тұрдалина деген еден жуушымыз бар. Ол да Александр сияқты тынымсыз жұмыс істейді. Күн-түнге қарамай, еден жуады, аумаққа қоқыс толып қалса, тыным таппайды. Есепші ретінде мен, ең алдымен, осы екі жұмысшымызға еңбекақыларын еш кешіктірмей төлеп отырамын. Себебі олардай жұмысына адал адам қазір аз, — дейді Шара Қанымқұл.
Көп жылдан бері есепші болып еңбек етіп келе жатқан ол тазалық әр үйден, әр ауладан басталатынын айтады. Сондықтан ол қала тұрғындарын белсенді болуға, тазалық жұмыстарын күнбе-күн жүргізуге шақырады.

Анастасияның ауласы — үздіктер қатарында

Қала тұрғыны Анастасия Катькалова Иманов көшесінен осыдан екі жыл бұрын үй сатып алған. Бүгінде ол үйінің ауласын демалыс орнына айналдырыпты.
Ауланың жалпы аумағы екі сотық қана. Соған қарамастан, жолдасым екеуміз шай ішу үшін сәкі және әткеншек жасадық. Сондай-ақ бау-бақшаға қанша аумақ бөлу керектігін есептедік. Көптеген жоспар болды, бірақ барлығы шаршы метрмен шектелді.
Содан біз жеміс ағаштары мен гүлдер ектік. Жалпы мен гүлдерді ерекше жақсы көремін. Оның ішінде голланд раушанын, бақша лалагүлдерін, гибискусты өсіргенді ұнатамын. Сонымен осы гүлдердің барлығын егіп, ауламызды әдемі баққа айналдырдық. Гүл құмыраларына да бірқатар гүлдерді егіп тастадық. Себебі олар өте ыңғайлы және кез келген жерге сыйлыққа апаруға болады. Қайың, емен, шырша көшеттерін де отырғыздық. Осылардың барлығын көрген комиссия мүшелері бізді үздіктер қатарына қосты, — дейді Анастасия.
Қазір отбасы мүшелері бау-бақшаны ерекше күтіп, баптап отыр. Үй ауласына кірсеңіз, аяқ басар жер таппайсыз. Қызылды-жасылды гүлдер мен төгілген жеміс ағаштары көздің жауын алады. Осы еңбегі үшін бұл отбасы байқауда «Жеке үйдің ең жақсы дизайны» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған.
Анастасияның ұлты — украин. Бүгінде жолдасы екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр. Ұлты басқа болса да, Анастасия қазақшаға судай. «Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?» дегенде, «Құдайдың бергені ғой. Ниет болса, бәрін де үйренуге болады», — деп қысқаша жауап берді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button