Денсаулық

Ауру жұқтыру деңгейі төмендеді

  • Брифинг

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 25 жағдай тіркелді. Инфекциялық ауруханаларда 62 науқас ем алып жатыр. Үй карантинінде 271 адам бар, оларға медициналық бақылау жүргізілуде. Өткен аптада аурушаңдық деңгейі 0,8 есеге төмендеген.

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялық қызметі орталығында өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы  Райхан Қойшанова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әсия Тржанова мәлімдеді.

Соңғы аптада ауырғандардың 80 пайызы — Ақтөбе қаласының тұрғындары. Олардың дені вакцина алмаған.

Жалпы пандемия басталғалы облыста КВИ бойынша  45 107 жағдай тіркелді. Оның 75 пайызында ауру белгілері байқалса, 25 пайызы — симптомсыз.

Биыл 10 148 адамның қауіпті індетті жұқтырғаны анықталды. Оның көпшілігі — 40-49 жас аралығындағылар.

14 тамыз күні коронавирус инфекциясының 25 жаңа жағдайы белгілі болды, 19-ы Ақтөбе қаласында, қалғаны — облыс аудандарында. Соңғы аптада ауру жұқтыру деңгейі төмендеді, алайда босаңсуға болмайды.

Қазір жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Барлық білім беру ұйымдары штаттық форматта оқуларын жалғастырады. Санитарлық талаптар қатаң сақталады, — деді Райхан Қойшанова.

Пандемия басталғалы коронавирус жұқтырғандардың 96,3 пайызы жазылып шықты. Жыл басынан бері 209 адамның пневмониямен ауырғаны анықталған. Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда — 62, реанимация бөлімшелерінде 1 науқас ем қабылдап жатыр.

— Бүгінде барлық кереует саны — 2729. Инфекциялық керуеттердің жүктемесі 25,8 пайыз. Биыл — 157 064, соңғы тәулікте 147 адамнан  ПТР тест алынды, — деді Әсия Тржанова.

Облысқа былтыр ақпан айынан бастап 1 миллион 207 мың дозадан астам  вакцина әкелінген. Екпенің бірінші компонентін — 445 057, екінші компонентін 436 619 адам алған. 232 931 адам ревакцинациядан өткен. Ал «Pfizer» вакцинасымен 23 341 адам егілген. Мамандар әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздік шараларын мұқият сақтауды ескертеді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button