Мәдениет

Шәмшіні еске алды

Кеше облыстық тарихи-өлкетану музейінің мәжіліс залында белгілі композитор, Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 92 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті.

Шараға күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаев, «Шәмші аға — ән аға» қоғамдық қорының төрағасы Бақыт Ғиззатов, аталған қор директоры Қайырғали Арыстанғалиев, қордың мүшесі Хабиба Сарқұлова, Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин, т.б. белгілі азаматтар қатысты.

Дөңгелекті үстелді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов жүргізіп отырды.

Басқосуда алдымен Алматы қаласынан келген композитор Шәміл Әбілтаев сөз сөйлеп, «Қазақ вальсінің королі» атанған сазгер туралы өз естеліктерімен бөлісті.

— 1965 жылы Шәмші Қалдаяқов белгілі ақын Төлеген Айбергенов екеуі Атырауға келді. Сол кезде ағамыз «Ақ Ерке-Ақ Жайық» атты ән шығарған екен. Соны сол кездегі Қазақстан Комсомол орталық комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібекұлы елге барып үйретіп қайт деп жіберіпті. Содан елге Шәмші келіп, ұлан-асыр той болды. Кәрі-жас жиналған шарада өнер майталмандары өнер көрсетті. Сол кезде мені оқу орнының басшысы бір аптаға босатып, содан Шәмші бастаған ағаларға күй тартып берген едім. Міне, содан бері қаншама жыл өтті. Бүгін, міне, дәм бұйыртып осы шараға қатысып отырмын. Өте қуаныштымын.

Өздеріңіз білесіздер, биыл Қасым-Жомарт Тоқаев Шәмшіге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Бұл атақ — Шәмшіге емес, қазаққа қажет дүние. Ал бүгін ақтөбеліктер ұйымдастырып жатқан іс-шаралар — ұлы тұлғаға деген үлкен құрмет пен тағзымның белгісі. Сондықтан қазақ халқы барда Шәмші өлмейді деп сенеміз, — деді ол.

Бұдан кейін шарада сөз сөйлеген «Шәмші аға — ән аға» қоғамдық қорының төрағасы Бақыт Ғиззатов белгілі композитордың артында қалған мұрасын жас ұрпаққа насихаттап, жеткізуде қордың үлесі мол екенін жеткізді.

Оның айтуынша, аталған қор 2005 жылы құрылған. Бүгінге дейін осы қордың бастамасы аясында Қарғалы ауданындағы бұрын Александровка аталған ауылға Шәмшінің есімі беріліп, елді мекенде композиторға арналып ескерткіш-бюст орнатылған. Бүгінде бұл ауылда жыл сайын Шәмші Қалдаяқовқа арналған шаралар өткізіліп, ас беріледі. Биыл да композитордың туған күнінде Шәмші ауылының тұрғындары оның рухына тағзым етіп, ас беріпті.

Қазір Қарғалы ауданында Шәмші атында үлкен ауыл бар, сондай-ақ облыс орталығында композитор атындағы көше бар. Бұл осы жердегі жұртшылықтың Шәмшіге деген құрметі деп білемін. Алдағы уақытта да оның есімі ұмытылмайды, — деді Б.Ғиззатов.

Шара соңында қаламыздағы шығармашылық ұжымдарының өнерпаздары Шәмшінің белгілі әндерін орындап берді. Шараға жиналғандар олармен әсем әндерді бірге қосылып шырқады.

Сондай-ақ кеше Ақтөбе қаласындағы «Әдебиет» аллеясында Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған ән фестивалі өтті. Онда облыстағы шығармашылық ұжымдары мен белгілі өнерпаздар сазгердің әндерін орындап, тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button