Құқық

Алаяқтық әрекеттерден сақтандырады

Ішкі істер министрлігі ел тұрғындарына алаяқтық фактілерінің алдын алу және ескерту сипатындағы хабарламалар жібере бастады.

Халықты SMS арқылы алаяқтық туралы хабардар ету жөнінде 4 тамызда Ішкі істер министрінің цифрлық даму министрлігінің өкілдерімен және байланыс операторларымен кездесуінде айтылған. Бұл туралы министрліктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында айтылды.

Мобильді байланыс Қазақстанның әрбір тұрғынына тұрғылықты және орналасқан жеріне қарамастан қолжетімді болғандықтан, SMS арқылы алаяқтық фактілері туралы ақпарат беру азаматтарды жедел хабардар етуге мүмкіндік береді.

ІІМ мынадай сақтық шараларын еске салады: ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару, несиені рәсімдеу туралы өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған адамдардың телефон арқылы нұсқаулықтарына ермеу қажет. Құқық қорғау органдары арнайы операцияларды телефон арқылы жүргізбейді. Сонымен бірге өздерін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдарға дербес деректерді, пластик карталарының деректемелерін, аударымдар туралы түбіртектерді, әсіресе, кодтар мен құпия сөздерді хабарламау, белгісіз, тексерілмеген сайттарға және басқа көздерге жеке деректерді бермеу керек.

Тексерусіз алдын ала төлем жүргізуден сақтаныңыз, төлемді тауарды алғаннан кейін жүргізген дұрыс. Сондай-ақ күмәнді шарттар бойынша аударымдарды жүзеге асырмау, қосымшаларды орнату үшін тек ресми App Store мен Play Market көздерін пайдалану, белгісіз адамдардан келіп түскен сілтемеге кірмеу сынды ескертпелер де айтылды. Көбіне алаяқтар төлем жасау үшін фишингтік сілтеме бойынша өтуді ұсынады екен. Сондай-ақ министрлік өкілдері банкинг қызметіне қол жеткізу құпия сөздерін жиі өзгертіп отыруға, 3D-қорғауды және банктер ұсынатын басқа қауіпсіздік шараларын қолдануға, өз шоттарыңыздағы ақша айналымын жіті тексеруге кеңес береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button