Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Дәурен Абаев: «Ақтөбе өңірі — айрықша туристік аймақ»

Кеше облысқа жұмыс сапарымен келген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Ақтөбе қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандар мен Қобда ауданындағы Абат-Байтақ кесенесіне, «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығына барды. Сондай-ақ өңір тұрғындарымен кездесу өткізді.

Алдымен министр М.Ломоносов атындағы қалалық орталық кітапхананың жұмысымен танысты.
Аталған кітапхана жаңа ғимаратқа биыл ғана көшкен. Қазір мұнда оқырмандардың алаңсыз кітап оқуына барлық жағдай жасалған. Кітапханада 28 мың кітап қоры бар. Оның 8200-і қазақ тіліндегі әдебиеттер болса, 3100-і — балалар әдебиеті. Сондай-ақ бүгінде кітапхананың 1600 тұрақты оқырманы бар.
Биыл облыста кітапхана жүйесін дамыту, оны оңтайландыру, цифрландыру бағдарламасын енгізу жұмыстары қолға алынып жатыр. Алдағы жылдары кітапхана оқырмандарға тіл үйрету, қосымша білім беру үшін жеке компаниялармен жұмыс жасамақ. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мәдениет және спорт министріне келер жылы өңірде облыстық кітапхана ғимаратының құрылысы басталатынын жеткізді.
Бұдан кейін Дәурен Абаев Батыс-2 шағын ауданында құрылысы жүргізіліп жатқан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Кешеннің құрылысы өткен жылы тамыз айында басталған. Жоба келер жылы пайдалануға берілмек. Мердігер ұйым — «Интерстиль» ЖШС. Жоба аясында кешенді барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамту қарастырылған.
— Бүгінде облыста 28 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның 15 пайызы спортпен айналысады. Ал олардың ішінде спортпен белсенді айналысатындардың үлесі — 6 пайыз. Біздің бұл кешенді салудағы мақсатымыз — мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасай отырып, олардың спортпен шұғылдануына қолдау көрсету.
Қазіргі таңда жалпы облыс тұрғындары арасында спортпен шұғылданатындардың саны жылдан-жылға артып келеді, — деді облыс әкімі.
Министр бастаған топ одан әрі Қобда ауданындағы Абат-Байтақ кесенесіне зиярат етіп, бұл жерде өткен жылдары жүзеге асырылған жұмыстармен танысты. Сондай-ақ Әлия ауылына барып, «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығын аралап шықты.
Аталған орталықтың директоры Бағдаш Төпенова министрге орталықтың тарихын, музейдегі құнды жәдігерлерді таныстырып, Әлия Молдағұлова туралы зерттеулерге тоқталып өтті.
— Бұл орталық 2005 жылы Әлия Молдағұлованың туғанына 80 жыл толуына орай ашылған болатын. Бүгінде бұл орталықта облыс бойынша спорттық, әскери-патриоттық шаралар өтеді. Бұл жерде Әлия Молдағұловадан бөлек қазақтың батыр қыздары Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, сондай-ақ Халық қаһарманы, белгілі жазушы Бауыржан Момышұлының ерліктерін насихаттап келеміз. Сонымен қатар Қобда жерінен шыққан Кеңес Одағының жеті батырына арнап түрлі шаралар да ұйымдастырамыз, — деді Б.Төпенова.
Орталық жұмысымен танысқаннан кейін Дәурен Абаев музейдің естелік кітабына арнайы қолтаңба жазып қалдырды.
Министрдің жұмыс сапары түстен кейін «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығында жалғасты.
Биыл маусым айында ашылған орталық Ақтөбе қаласының тұрғындары мен қонақтарына облыстың туристік әлеуеті туралы кеңес береді.
Орталықтың директоры Ерсайын Сиюнов жұмыс барысымен таныстырды. Оның айтуынша, біздің өңірімізде 28 туристік жер бар. Ақтөбе облысы үшін ең үздік орындардың қатарына Байғанин ауданындағы Ақтолағай үстірті, Аққұм шөлі сондай-ақ Қарғалы ауданындағы Қасқыр сарқырамасы кіреді. Бүгінде бұл жерлерге туристердің сұранысы жоғары.
Туристік ақпараттық орталық жұмысының мақсаты — халықаралық және ішкі нарықтарда туристік әлеуетті ілгерілету және Ақтөбе облысының аумағында жаңа кәсіпкерлік субъектілерді дамыту.
Биыл Түркия, Словакия, Франция елінен туристер көп келді. Оларға арнайы турлар ұйымдастырылды. Сондай-ақ орталыққа келген қонақтарға қазақтың ұлттық қолөнер жұмыстары таныстырылып, шеберлік сабақтары жүргізіледі.  Өткен жылдары пандемия кедергі келтірді, алайда қазір қайта жандану байқалады. Жыл сайын қонақүйлер ашылып жатыр. Бұл туризмге деген сұраныстың жоғары екенін білдіреді, — дейді Ерсайын Сиюнов.
Оның айтуынша, биыл облыста үш фестиваль ұйымдастыру жоспарланып отыр. Олар: «Шексіз аспан» әуе шарлары фестивалі, «Qargaly Fest» және «Qazaq Man». Бүгінде Ә.Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайында да «Visit shop Aktobe» ақпараттық дүңгіршегі жұмыс істейді. Мұнда тегін жарнамалық-ақпараттық материалдар, буклеттер, карталар және жолсілтемелер ұсынылған. Қазіргі уақытта үш тілде жүргізілетін www.visitaktobe.kz ресми сайты бар. Ресми сайтта өңірдегі белгілі тарихи-мәдени орындар, ұлттық тағамдар ұсынатын мейрамханалар және үнемі жаңартылып отыратын оқиғалар күнтізбесі туралы ақпараттар көрсетілген. Қазіргі таңда облыстың 6 ауданына туристік маршрут ұйымдастырылған. Алдағы уақытта бағыттарды көбейту жоспарланып отыр.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов облыстың туристік аумақтарына жеке-жеке тоқталып, атқарылған жұмыстарды баяндап өтті.

Бұдан соң министр Дәурен Абаев «Алақай» қуыршақ театрында жергілікті тұрғындармен және мәдениет саласының өкілдерімен кездесу өткізді.
— Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болдым. Президент 2024 жылы өтетін олимпиада ойындарына үлкен мән беріп отыр. Біздің спортшыларымыз Парижде өтетін бәсекеге қызу дайындықты бастап кетті.
Биыл еліміздің бірқатар өңірінде көптеген денешынықтыру және сауықтыру кешендерін салу жоспарланып отыр. Мұның барлығы спорт саласын жақсартуға бағытталған.
Елімізде Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты 4 жоғары оқу орны бар. Осы ретте сіздерге ақжолтай жаңалықты айтқым келеді. Мәдениет және өнер саласындағы болашақ мамандарды даярлайтын оқытушыларымыздың жалақысы 75 пайызға көтерілді. Осыдан бір ай бұрын елімізде «ұлттық» статусына ие мәдениет саласындағы ұйым қызметкерлерінің де еңбекақысы 75 пайызға өскен болатын. Ендігі кезекте архив ісі жөніндегі ұйым қызметкерлерінің жалақысын барынша көтеріп, қолдауымыз керек.
Сондай-ақ мемлекеттік білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне балаларға сабақтан тыс спорттық жаттығулар жүргізгені үшін бағалық лауазымдық жалақыдан 100 пайыз мөлшерде қосымша ақша төлеу жүйесі енгізілді.
Әдебиетімізді қолдауға көптеген іс-шаралар қолға алынып жатыр. Осы ретте биылдан бастап алғаш рет министрлік «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы жарияланды. Ақтөбе өңіріндегі қаламгерлерді осы байқауға белсенді қатысуға шақырамын, —  деді министр.
Бұдан соң ол тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Оның ішінде 2024 жылы Парижде өтетін олимпиадаға қатысты сұрақтар қойылып, облыста жеңіл атлетикамен шұғылдануға ыңғайлы стадион салу, туған-туыстарына көше беру мен тақтайша орнату жұмыстары белең алып кеткендігі жөнінде мәселелер көтерілді.
— Ақтөбеде 200 бала кәсіби таэквондомен айналысады. Балалалардың қызығушылығы жоғары. Жақында әлем чемпионатына барып келдік. Елімізден 28 бала қатысып, оның 18-і жүлделі орын алды. Ақтөбелік бір спортшы 4 медальға қол жеткізді. Енді облыстық федерацияның жұмысы бір айға тоқтатылды. Соның салдарынан әр баланың жол шығынына кеткен қаражат өтелмей отыр, —  дейді облыстық таэквондо федерациясының директоры Азамат Шотанов.
Бұл сауалға Дәурен Абаев:
— Шығындарды өтеуге дайынбыз. Алайда сіздердің жұмыстарыңызды халықаралық федерация тоқтатып отыр. Сондықтан, ең алдымен, оның неліктен тоқтатылғаны жөнінде анық-қанығын білуіміз керек, — деді.

Жиын соңында министр БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берді.
— Ақтөбе өңірінің спорт саласының дамуына оң баға беруге болады. Дәл қазір мүмкіндігі шеутеулі жандарға арналған спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұндай орталықтар елімізде санаулы ғана. Біз әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз.
Өткен жылы Ақтөбе өңірі бойынша туристік салаға тартылған инвестиция көлемі 17 миллиард теңге болды. 2022-2025 жылдар аралығында облыста 221 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Оған тартылатын инвестиция көлемі шамамен 3 триллион теңге.
Ақтөбе өңірі — айрықша туристік аймақ. Жалпы облыс аумағында 70-ке жуық республикалық маңызы бар киелі нысан орналасқан. Бүгін Абат-Байтақ кесенесіне,  Қобыланды батыр кешеніне бардық, Ақтолағай, Аққұм секілді жерлердің барын білдік. Бұл туристер үшін өте тартымды тарихи, табиғи жерлер. Сондықтан туризм саласын одан әрі жетілдіре түсуге мүмкіндік мол, — деп өз сөзін қорытындылады министр.  

Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button