Білім

Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау тәртібі өзгерді  

  • Брифинг

Мұғалімдерді жұмысқа қабылдарда «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді болдырмау, ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында педагогтерді жұмысқа алу жаңа форматта жүргізілетін болды.

Бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған өзгерістер туралы айтылды.

— Жаңа оқу жылы басталуға жақын. Биылғы өзгерістер мен жаңашылдықтардың негізгісі — енді мұғалімдерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта, конкурс негізінде жүзеге асырылатын болады. Бұл — жемқорлықтың алдын алу мақсатында жасалып отырған іс.

Бұған дейін педагогтерді мектепке қабылдарда нақты ереже болған жоқ. Биылғы өзгеріске сәйкес, арнайы конкурс өткізіледі. Білім беру маманына комиссия мүшелері іріктеу жүргізіп, барлық талапқа сай келгенін таңдап алады. Комиссия құрамына мектеп әкімшілігі, жергілікті білім бөлімі және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Оның айтуынша, мектептегі бос жұмыс орындарына байқау өткізерде бұл туралы сол білім беру мекемесінің әлеуметтік желідегі парақшасына хабарландыру жариялануы керек. Және мұнда жұмыс орны уақытша болса, мерзімі, жалақысы, өзге де талаптар қамтылуы тиіс.

Өз кезегінде жұмысқа тұрушы біліктілік санатын айғақтайтын тестілеуден өтіп, дипломын, басқа да құжаттарын қоса ұсынуы тиіс.

Ресми деректерге сүйенсек, облыс бойынша педагогтердің орташа жалақысы — 290 мың теңге. Өңірде барлығы 423 білім беру мекемесі бар.

Айта кетейік, қазіргі таңда өңірде 430 педагог жетіспейді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button