Жаңалықтар

Имамдар білімін толықтырды

Ақтөбеде имамдар біліктілігін арттыру мақсатында семинар ұйымдастырылды.

Семинарға қалалық, аудандық және ауылдық мешіттерден 30 имам қатысты. Оларға қазіргі әлемдік саясаттағы ислам феномені, бабалар дүниетанымындағы діндарлық түсінігі, ханафи-матуридилік сенімнің ерекшеліктері, жамағатты Қазақстан қоғамының рухани құндылықтарына бейімдеу критерийлері және басқа да тақырыптарда дәріс оқылды. Дәріс оқығандар арасында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тышхан, «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, исламтанушы Нұржан Смағұлов, т.б. бар. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, қуғын-сүргін жылдарында жапа шеккен діни қайраткерлердің қызметі мен өмір жолын зерттеп жүрген ғалым Үмбетхан Сәрсембин имамдарға ХІХ-ХХ ғасырларда Ақтөбе өңірінде ғұмыр кешкен діни қайраткерлер, олардың мұрасы, қоғамдағы орны туралы әңгімеледі. Ал SMM маманы Гүлсаян Ыбырай әлеуметтік желіні тиімді қолдану, сол арқылы жұртшылықпен тұрақты байланыс орнатудың жолдарын үйретті. Қазіргі күні теріс діни ағымдар өз насихатын, негізінен, әлеуметтік желі арқылы жүргізіп отырғаны белгілі, ендеше оларға қарсы күресте де әлеуметтік желіні пайдалана білудің маңызы зор, сондықтан имамдар бұл дәріске ерекше қызығушылық танытты.

Семинарды облыстық дін істері басқармасының және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық өкілдігінің қолдауымен «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы ұйымдастырды.

Екі күндік дәрістерден кейін, имамдарға біліктілігін арттыру семинарына қатысқаны жөнінде сертификаттар табысталды.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button