Жаңалықтар

Балаңыз ойнап жүріп, от баспасын десеңіз…

  • Ата-аналарға кеңес

Отбасы — баланың алғашқы тәрбие алатын орны. Отбасында баланың мінез-құлқы, әдет-дағдысы қалыптасады. Бала — ата-ананың өмірінің жалғасы.

Кейбір ата-аналар мектеп жасындағы баласының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыт таппай, кейін өкініп жататын жайттар жиі кездеседі.

Бала кішкентай кезде ата-ана оны өмір бойы солай өз жетегінде жүретіндей көреді. Ал уақыт жылдам. Балабақша да, мектеп те өз тараптарынан белгілі мөлшерде, бекітілген бағдарламалар аясында тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Бірақ баланың болашағына отбасындағы тәрбие, ата-ананың ақыл-кеңестері, көрсеткен үлгі-өнегелері ерекше әсер ететіні сөзсіз.

«Тәрбие басы – әдептілік» деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе, үлкендерге сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. «Әдепті бала-арлы бала» деп бекер айтылмаған.

Дегенмен мектепте бірі жақсы оқыса, бірі тентектік танытып, мектеп ережесіне бағынбай жатады. Нәтижесінде, ойнақтап жүріп, от басқан талай бала темір тордың арғы жағына қалай түскендерін өздері де, ата-аналары да білмей қалып жатады.

Сондай түрлі себептермен бостандықтарынан айрылып, жазасын өтеушілер бүгінде Қылмыстық атқару жүйесінің УКА-168/2 мекемесі аумағында орналасқан кешкі (ауысымдағы) жалпы білім беретін мектепте 9,10,11-сыныптарда оқуларын жалғастырып жатыр.

Мектепте білім алушылар әр пәнге, мектеп мұғалімдеріне құрметпен қарап, сабақтан қалмауға тырысады. Олар бала кезінде отбасында, мектеп қабырғасында, қоғамда айтылған ақыл-кеңестерге құлақ аспағандықтарын айтып, қазір өкінеді. Өкінгеннен не шара? Жазаларын өтеп шыққаннан кейін, өмірде өз орындарын тауып, ата-аналарымен, отбасы мүшелерімен, туған-туыстарымен, басқа да адамдармен арадағы қарым-қатынастарын дұрыс қалыптастыру үшін кешкі мектеп қабырғасында тәрбиелік шаралар, сонымен бірге отбасы құндылықтары таңдау курстары өткізіледі.

Тәрбиелік шараларға тәрбиеленушілер мен мұғалімдер мекеме қызметкерлері, психологтар, қаланың мәдениет үйлерінің мамандары, шығармашылық адамдары, мектеп түлектері  шақырылап отырады. Шара аясында отбасына, анаға, әкеге, отбасына, туған жерге, елге, бауырға, досқа, мектепке, табиғатқа деген құрмет тақырыбындағы өледер, әндер, қысқа деректі фильмдер, интеллектуалды, танымдық бейнематериалдар көрсетіледі. Бұндағы басты мақсат — әр білім алушының жүрегіне жол табу, мейірім ұялату, мейірімділікке тәрбиелеу, сонымен қатар қоғамға отбасын, елін, халқын сүйер азамат тәрбиелеу.

«Ойнақтаған бота от басар»  деген сөз бар. Отбасындағы әр баланың тәрбиесіне ата-ана аса жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Темір торға түскен әр бала өзіне ғана қиындық әкеліп қана қоймай, артындағы ата-ананың жүрегіне жазылмас жара салады. Сондықтан әр ата-ана өз баласының тәрбиесіне мұқият қарағаны жөн.

Шамшат ЖҰБАЙ,
Ақтөбе қаласындағы кешкі ауысымдағы жалпы білім беретін мектеп директоры.

Басқа жаңалықтар

Back to top button