Білім

Техникалық және кәсіптік білім мәселесі талқыланды

  • Тамыз кеңесі

Шығармашылық академиясында «Еңбек нарығы және кәсіптік білім: жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында педагогтардың республикалық тамыз кеңесі өтті.

Тамыз кеңесіне Оқу-ағарту министрлігі, «Talap» КЕАҚ өкілдері, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының білім беру басқармасының басшылары мен қызметкерлері, әдістемелік кабинеттер мен орталықтардың өкілдері, колледж директорлары мен педагогтері — барлығы 350-дей адам қатысты.

Кеңесте Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудағы мемлекеттік саясат пен академиялық дербестік, сондай-ақ дуальді оқыту мен WorldSkills қозғалысының өзекті мәселелері туралы баяндады.

«Talap» КЕАҚ вице-президенті Санжар Тәтібеков педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы әдістемелік қызметтің міндеттеріне тоқталды.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Дана Бекбауова биылғы статистикаға сүйеніп, біздің өңірде тракторшы-механизатор, теміржол монтері, электр маманы, малшы, аспазға сұраныс көп екендігін айтты.

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры Жеңісгүл Мұхамбетпайызова:

Бүгінгі таңда оқытушылардың өндіріс орындарында тағылымдамадан өтуі құзырлы министрлік тарапынан заңдастырылып, жергілікті билік тарапынан ұйымдастырылған, дегенмен кейбір ірі кәсіпорындар бұл талапты іске асыруға құлықсыз. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасынан осы жағдайдың оң шешілуіне ықпал етуін сұраймын, — деп ұсынысын білдірді.

Тамыз кеңесі секцияларының жұмысы Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі, Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғары колледжі, автожол колледжі, гуманитарлық, көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі және «Глобал-Спецодежда» ЖШС базасында ұйымдастырылды, онда экскурсиялар, шеберлік сағаттары, көрмелер өткізілді.

Маңғыстау облысы Қарақия аудандық кәсіптік колледжінің директоры Далабай Бекмағамбетов:

— Біздің колледж — Маңғыстау облысындағы техникалық мамандықтар даярланатын іргелі колледждердің бірі. Оқу орнымыз ауылдық жерде орналасқан колледждер арасында еліміздегі тәуелсіз рейтинг бойынша үш жыл қатарынан екінші орынға ие болып тұр. Тамыз кеңесінде техникалық-кәсіптік білім беруге қатысты өзекті мәселелер жан-жақты қамтылды. Ұйымдастырылу деңгейі де жоғары, — деді.

Педагогтер мен әлеуметтік серіктестерге тәжірибе алмасу және 2-3 колледж базасымен таныстыру мүмкіндігі берілді.

Цифрландыру, әлеуметтік әріптестік, халықаралық әріптестік мәселелері диалог және пікірталас алаңдарында кеңінен талқыланды, білім беру процесіне инновациялық тәжірибені енгізу, болашақ мамандардың кәсібилігін арттыру бойынша ұсыныстар берілді.

Сонымен қатар ТжКББ жүйесінің үздік педагогтерінің іс-тәжірибелері таныстырылып, республикалық мақалалар жинағы шығарылған.

Тамыз кеңесінің пленарлық және секциялық жұмыстарының бірегей үйлесімі әр өңірден келген қатысушылардың тығыз іскерлік байланыстар орнатуына, білім саласының маңызды аспектілері бойынша тәжірибе мен пікір алмасуына мүмкіндік берді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button