Жаңалықтар

Оқу жылына әзірлік пысықталды

  • Комиссия отырысы

Облыстық қоғамдық кеңес жанындағы әлеуметтік-мәдени даму, білім және денсаулық мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Негізгі баяндаманы жасаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова. Оның айтуынша, 2022-2023 жаңа оқу жылына дайындық қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл 173 мыңнан оқушысы бар 423 мектеп, 41 мыңнан астам балдырғаны бар 575 балабақша, 23 мыңнан астам білім алушысы бар 41 колледж жұмыс істейді.

— Жаңа оқу жылында оңтайландыру жоспарына сәйкес, облыста 2 бастауыш мектеп жабылатын болады. Оның бірі — Мәртөк ауданындағы Покровка орта мектебі. Былтыр бұл мектепте 5 оқушы болған, биыл балалар Дмитриевка негізгі мектебіне қатынап оқитын болады. Екіншісі — Байғанин ауданындағы Сәкен Сейфуллин атындағы бастауыш мектеп, былтыр 4 оқушы білім алған. Биыл екі оқушы облыс орталығына көшіп кеткен, қалған екеуі Қопа ауылындағы орта мектепке қатынап оқиды. Сонымен қатар Хромтау ауданындағы Оңғар орта мектебі мен Шалқар ауданындағы Шоқысу орта мектебі ауылдағы бала санының азаюына байланысты негізгі мектеп болып қайта құрылады. Ақтөбе қаласындағы Есет батыр тұрғын үй алабындағы №4 шағын ауданда салынып жатқан жаңа мектептің құрылысы аяқталса, ол жерге қазір апатты жағдайда тұрған Қызылжар орта мектебі көшіріледі, — дейді Нұргүл Лескенқызы.

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері облыста ғана емес, Ақтөбе қаласының өзінде мектептер жетіспейтіндігін айтты. Олардың айтуынша, Болашақ ауданындағы №68 орта мектептің үш ауысыммен оқыса, Сазды елді мекеніне бара жатқан жолдағы «Ұстаз» бау-бақша ұжымы тұрғындары балаларын 11,12-шағын аудандардағы мектептерге тасып әуре боп жүр. Сондай-ақ Заречный елді мекеніндегі «Келешек» ауданында да мектеп жоқ. Ол жердегілер ескі қаладағы №6 мектепке немесе басқа мектепке қатынап оқиды екен. Отырысқа қатысушылар бірауыздан мектептер жетіспеушілігі алдағы бес жылдыққа оқушылар санына болжам жасалмағандықтан деп отыр.

Нұргүл Бертілеуова 2020-2025 жылдары облыста 54 мектеп салу жоспарланғанын, оның 14-інің құрылысы қазіргі уақытта жүріп жатқанын айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button