АуылБасты жаңалықтар

Шалқар: мал басы көбеюде

  • Баспасөз туры

Бүгінде халық саны 50 мыңға жақындап келе жатқан Шалқар ауданында экономикалық белсенді тұрғындар саны 22453 адамды құрайды.
Аудан 1 қала және 12 ауылдық округке қарасты 32 елді мекеннен тұрады. Оның ішінде 8 елді мекен-тірек, 9 елді мекен спутниктік елді мекенге жатады.
2022 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысымен ауданда белгіленген негізгі экономикалық көрсеткіштер мен бағдарламалар бойынша негізінен, тұрақты даму қалыптастырылды.
Аудан әкімі өңірде өткен баспасөз туры кезінде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге кеңінен тоқталды.

 

Ауыл шаруашылығы: өнім өндіру бағытында

Ауданда ауыл шаруашылығын дамыту басты орынға қойылатыны бұрыннан мәлім. Биылғы жылдың алты  айында бұл саладағы жалпы өнім көлемі 7425,0 миллион теңгеге жетті. Өңірде 510 шаруа қожалығы, 21 ауыл шаруашылығы кооперативі және 1 өндірістік кооператив белсенді жұмыс істеуде.
Мал басының қай түрінен де өсім байқалады. Нақты айтатын болсақ, қазіргі уақытта ірі  қара 58,4 мыңға, қой-ешкі 140,5 мыңға, жылқы 52,7 мыңға, түйе 15,0 мыңға, құс 6,1 мыңға жетті. Өндірілген ет 5,2 мың тонна, сүт 8,4 мың тонна, алынған жұмыртқа 369,1 мың дана құрады.
Жалпы сала бойынша есепті кезеңде 37,0 миллион теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 115,3% құрайды.
Жыл сайын жергілікті ауылшаруашылық құрылымдары мал басын көбейту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып келеді. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде биыл аудан шаруашылықтары 434 ірі қара, 1342 қой сатып алды.
Ауылшаруашылық техникаларын жаңарту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылға 14  трактор және 36 мал азығын дайындайтын техника сатып алу тапсырмасы беріліп, бүгінгі күнге 7 трактор және 19 басқа да техникалар сатып алынды.
Мал жайылымдарын суландыру мақсатында 13 бірлік ұңғыма қазылып, жұмыс жасап тұр.
Ағымдағы жылы 570 га жерге картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 10 гектарға артық. 6 шаруашылық картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілген 50 га жерге тамшылатып суару техникасын пайдалануда.
Қысқа мал азығын дайындау бойынша 293,6 мың тонна деп белгіленген жоспар қазіргі уақытта межеге жақындап келеді.
Мал шаруашалығын цифрландыру бойынша 6 ауылшаруашылық тауарын өндірушілер 16  GPS  трекер қондырғысын жылқы малына қондырды.
Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік  субъектілерінің саны ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 2832 бірлікті құрайды, оның 2666-ы жұмыс жасап тұр. Биылғы бірінші тоқсан аумағында шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері 1 454,0 миллион теңгенің өнімін өндірді. Жалпы, бұл салада 3,5 мың адам жұмыс жасайды немесе экономикалық белсенді тұрғындардың 16,0 пайызын құрайды.
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 90 жоба жоспарланып, қазіргі таңда 75,5 миллион теңгенің 11 жобасы жүзеге асырылды.

Жол жөнделіп, ауызсу мәселесі шешімін тапты

Шалқар ауданында Қауылжыр, Жомарт және Жылтыр ауылдарының автожолдарына бір мезгілде күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ жылдың соңына дейін ауданның барлық елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешіледі.
Қауылжырға кіре беріс жолды жөндеу жұмыстары 112 миллион теңгеге бағаланды. Сондай-ақ Жылтырдың кіреберісінің күрделі жөнделуіне 138 миллион теңге бөлініп, бұл жол пайдалануға берілді. Қаланың солтүстік айналма жолынан Жомарт ауылына дейінгі жолды жөндеуге 232 миллион теңге қарастырылды.
Аудан әкімі Жанболат Жидеханов хабарлағандай, облыстық бюджет есебінен бөлінген 211 миллион теңгеге Шалқар-Бозой тасжолынан Мырзағұл Шыманұлы ауылына дейінгі кіреберіс жолға күрделі жөндеу жасалуда.
— Жалпы алғанда, аудан бойынша кіреберіс автожолдарды күрделі жөндеу осы үш ауылда аяқталды, сондай-ақ ағымдағы жөндеу алты көшеде жүргізілді. Біз оларды қабылдап, іске қостық, — деп атап көрсетті Жанболат Жидеханов.
Шалқар қаласында тағы да алты көшені қалпына келтіру көзделуде. Олар — Сейітов, Жамбыл, Бостандық, Ағайынды Қалжановтар, Байсалбаев, Қыдыров көшелері. Бұл мақсатқа 250 миллион теңге қаржы бөлінді. Мердігерлер берілген тапсырманы уақытында орындап шығатынына сендіріп отыр.
— Үш көшеде орташа жөндеу жұмыстарын аяқтадық, қазір қалған нысандарда жұмыс істеудеміз, оның біреуіндегі жұмыстар бір аптаға жетпей тиянақталады, — деп түсінік берді мердігерлік компанияның өкілі Жомарт Жөңкеев. — Бұдан басқа, Шалқар – Бозой тасжолының он бес шақырымын жөндеуге тапсырыс түсті. Біз Шалқарда алдын ала мобильді асфальт зауытын орнатқанбыз, арнаулы техникаларымыздың бәрі жаңа, штатта тұрақты жұмысшыларымыз бар. Жөндеу жұмыстарына қазақстандық материалдарды пайдаланамыз, сондықтан да жұмысқа кедергі келтіретін проблема жоқ деп айтуға болады.
Аудан әкімінің айтуынша, Ақтөбе қаласындағы тағы да он көшені және Мөңке би, Аққайтым, Байқадам, Қотыртас ауылдарының кіреберіс жолдарын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамалар жасалған. Сондай-ақ бұған қосымша Бегімбет, Қайдауыл және Бершүгір ауылдарына кіреберіс жолдар бөліктері бойынша, бұдан басқа Шілікті селосындағы төрт көшені жөндеуге құжаттамалар дайындалуда.
— Тұрғындармен кездесу барысында айтылғандай, олардың сұраулары бойынша Шалқар мен Бершүгірде екі-екіден және Жылтырда бір көшені жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Жобалық-сметалық құжаттамаларды жасауға мемлекеттік сатып алу процедурасы жүргізілуде, — деп толықтырды Жанболат Жидеханов.
Ауылдардың газ желісіне қосылуы да жүйелі жүргізіліп, сумен қамтамасыз ету ісі де тиянақты орындалып жатқанын атап өтуге болады. Мәселен, аудандағы 33 елді мекеннің он екісі көгілдір отынмен қамтамасыз етілсе, енді Есет ата ауылы мен Қопасор селосы кезекте тұр. Орталықтандырылған ауыз сумен тұрғындардың 99 пайызы қамтылған.
— Екі ауылда су құбыры желісі жарақтандырылуда, жобалар өткен жылы басталды, алдағы қазан айында аяқталады деп күтілуде. Бірінші желі Көпмола селосынан Кеңдала арқылы Жыланға дейін, екіншісі Тоғыздан Шіліктіге дейін тартылады. Бұдан басқа, өткен жылы бір ауылда блок-модуль орнатылды, осындай құрылымдар енді үш ауылда іске қосылмақшы. Соның нәтижесінде ауызсумен қамту 99,9 пайызға дейін көтерілмекші, — дейді сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автожолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Шұға Сәдуақасова.

 

«Ауыл – Ел бесігі»

Өңірдің ауылдық елді мекендерінің инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша биыл 621,8 миллион теңге сомасына 3 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Ол қатарда Бегімбет ауылынан спорт кешені, Мөңке би ауылынан ауылдық клуб және Тоғыз ауылындағы мектеп жанындағы интернат пен асханаға күрделі жөндеу жобалары қамтылған.
Есепті кезеңде негізгі капиталға 10 986,7 миллион теңге инвестиция тартылса, 7 261,4 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нақты көлем индексі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өскендігі байқалады.
Ауданда жүргізілген ірі құрылыс жұмыстары және бюджеттік инвестициялардан басқа бюджеттен тыс жобалар да жүзеге асырылуда.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында бюджеттен тыс қаржыға 34,2 миллион теңгені құрайтын 15 ірі жоба және бірнеше шағын жобалар жүзеге асырылды.

 

Мәселелер шешімін табады

Тұрғындарды мазалаған бірқатар мәселелер бүгінгі күні өз шешімін табуда. Мәселен, өткен  жылы басталған Шалқар көлін тазарту жұмыстары бүгінде жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері жеке тұрғындар есебінен 15103 шаршы метр 95 тұрғын үй салынды.
Қазір ауданда қала бойынша үй салу мақсатында жер алуға 1543 адам кезекте тұр.
Шалқар қаласындағы Биекенов көшесінен 16 және 8 пәтерлік 6 үйдің құрылысына, Есет Көтібарұлы ауылдық әкімдігі құрылысына, қаладағы әскери шақырту пунктінің  құрылысына жобалық сметалық құжаттары дайын.
Аудан бойынша барлық жер көлемі 6 185 080 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылып отырғаны 1 906 846 га, елді мекен жерлері 816 380 га, өнеркәсіп, көлік, қорғаныс, байланыс және басқа бағыттағы жерлер 27811 га, босалқы жер көлемі 3104891 га.
Жер саласындағы ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету және жер учаскелерін тиімді әрі ұтымды пайдалану мақсатында, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру конкурс негізінде жүзеге асырылуда.
Биылғы  жылы  ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден 79 учаске, яғни 252 155 га жер конкурс арқылы табысталды. Сонымен қатар жұмыс жасамаған 5 қожалықтан 14 572 га жер учаскесі ауданның босалқы қорына қайтарылды.
Кәсіпкерлік мақсатындағы жер учаскелері белгіленген электронды түрдегі ережеге сәйкес  сауда-саттық арқылы табысталуда. Биылғы жылы көлемі 0,4230 га болатын 4 жер учаскесі электронды түрде аукционға шығарылып, сатылды. Аукционнан 124,6 мың теңге қаржы бюджетке түсірілді.
Есепті мерзімде ауданда жұмыспен қамтуға көмектесу жөніндегі кешенді шараларды жүзеге  асырудың нәтижесінде 1253 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.  1125 жаңа жұмыс орны ашылды. Бағдарлама аясында  қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 58 адам жіберілді.
Әлеуметтік жұмысқа 81 адам, жастар практикасына 79 адам, қоғамдық жұмысқа 338 адам, алғашқы жұмыс орындарына 7 адам жіберілді.
Бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттар бойынша республикалық және жергілікті бюджеттен 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 100 адамға грант беру жоспарлануда.

Абат ҚАРАТАЕВ,
Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button