БілімБасты жаңалықтар

Балаңыз мектепке баруға дайын ба?

Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Қазір жыл сайын әр отбасында болатын мектепке дайындық жұмыстары басталып кетті. Дүкендер мен базарларда сатушылардың көпшілігі тауарларын мектеп формасымен толтырып қойған. Ата-аналар базардағы бағасы қолжетімді арзан тауарлардың сапасы сын көтермейтінін айтады. Ал орташа сападағы керек-жараққа әркімнің қолы жете бермейтін секілді.
Сонымен оқушылар мектепке баруға дайын ба? Бір баланы мектепке дайындау қанша теңгеге шығады? Біз де базарларды аралап, оқушы киімдері мен оқу құралдарының бағасын білуді жөн көрдік.

 

Қанша қаражат жұмсалады?

Ақтөбе қаласында базарлар мен сауда орындары көп болғанымен, көпшіліктің бағасын қолайлы көріп баратын жері — Орталық базар. Қыркүйек айы жақындаған сайын қатары көбейе түскен саудагерлер сауданы қыздырып тұр. Балаларын жетектеген ата-аналар да аз емес екен. Сөрелерде жайылған тауарларға көз жүгірттік.
Сатушылар 1-сыныпқа баратын ер балаға арналған костюм-шалбарға 8-9 мың теңге сұрайды. Ер баланың ақ көйлегі сапасына қарай 3500 теңгеден басталады.
—  Оқушыға арналған формаларды тамыз басталмастан бұрын әкелдік. Тауарды Алматыдан сатып аламыз. Барлық жастағы оқушыға керегін тауып бере аламыз. Бірнеше балаға киім алсаңыз, түсіріп беремін. Айтпақшы, спорттық киімдер де бар, он мың теңгеден жоғары. Саудамыз жүрсін деп, барынша арзан беріп жатырмыз, — дейді сатушы Алтын Көпжасарова.
Ал қыздарға арналған сарафандар мен юбкалар сапасы мен әдемілігіне қарай 5 мың теңгеден басталады. Ақ блузкалар 3500-4000 теңге. 1-сыныпқа баратын оқушыларға арналған туфлидің де бағасын білдік. Ең арзаны — 8 мың теңге. Сондай-ақ ауыстырып киетін оқу формасы, спорт киімі, аяқ киімі, бантик сияқты ұсақ-түйектері бар. Оқу жылының соңына дейін әр маусымға сай алынатын аяқ киім мен сырт киімдерін қосыңыз.
Базар аралап жүріп, баласын мектепке киіндіріп жүрген ата-ана Жанна Ізтілеуованы кезіктірдік. Таңмен таласа ерте келген бұл келіншектің биыл екі баласы мектепке барады екен.
— Үш балам бар. Кеше қызымды мектепке киіндіруге 85 мың теңге кетті. Бүгін ұлымды ертіп, базарға тағы келіп тұрмын. Оқу құралдарының өзіне 14 мың теңге жұмсадым. Дәптерді әзірге екі балама 60 данасын ғана сатып алдым. Бүгін ұлыма 9 мың теңгеге аяқ киім алып тұрмын. Шалбар — 8 мың, спорттық киім 15 мың теңге. Қызыма алған мектеп формасы 10 мың теңгеге шықты. Ақ блузкасы — 4 мың теңге. Әлі алмаған заттарым қаншама? Жалпы екі баламды киіндіруге кемі 180-200 мың теңге аралығында қаржы кетеді, — дейді ол.
Қазір кейбір мектептерде бірыңғай мектеп формасы бар. Ол үшін ата-аналар бірігіп, арнайы тігін шеберханаларына тапсырыс береді. Мәселен, қаладағы «Сұлулық» тігін атальесінің тігіншісі Қания Қалиеваның айтуынша, мектеп оқушысына арналған форманы тігу 15-18 мың теңгеге шығады.

Оқу құралдарының бағасы қымбаттаған

Оқу құралының бағасы бір қарағанда ұсақ-түйек көрінгенмен, алып бастағанда  кәдімгідей біраз ақшаға шығады.
Базарда оқуға қажетті құралдың барлығы бар. Сапасына қарай бағасы да әртүрлі.
Әуелі оқушы сөмкесінен бастайық. Сөмкелер самсап тұр: рюкзак, портфель, екінші аяқ киім салуға арналған қол дорбасымен сатылатын сөмкелер.
Дайындық сыныбының оқушысына арналған ең арзан сөмке 3 мың теңгеден басталып, 14 мың теңгеге дейін барады. Сатушы биылғы баға 1500 теңгеге қымбаттағанын айтады.
12 беттік бір дәптер — 35, қаламның ең арзаны — 40 теңге. Ал, қаламсап жинағын — кемінде 300 теңгеге табасыз. Оған 100 теңге тұратын сызғыш пен 500 теңгеге алатын  сурет альбомын, 400 теңгеге түрлі-түсті қарындашын қосыңыз. 500 теңгеден кем тұрмайтын күнделік те бар арасында.
Оқу құралдарының қымбаттағанын сатушылар да мойындайды. Баға өсуіне байланысты келушілер де аз дейді.

 

19188 оқушы 1-сыныпқа барады

Осы ретте қазір білім ордаларында да қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектеп оқушыларына кітаптар үлестіріліп, күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биылғы оқу жылындағы жаңалықтар туралы облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханнан білген едік.
— Биыл мектеп формасында ешқандай өзгеріс жоқ. Білім және ғылым министрлігінің №26 бұйрығына сәйкес мектеп формасының үлгісі бекітілді. Діни бағыттағы киімдерді киюге рұқсат етілмейді. Мектептің қамқоршылық кеңесі ата-аналармен бірлесе отырып, сол мектепте оқитын балалар киетін мектеп формасының үлгісін дайындайды. Мектептің формасы үш түстен аспауы керек. Ұлдардың да қыздардың да шалбарлары еркін тігілген, ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы қажет, — дейді басқарма басшысы.
Айта кетейік, биыл облыста 19188 оқушы 1-сыныптың табалдырығын аттағалы отыр. Қазір олар екі апталық дайындық курсынан өтіп жатыр.

«Мектепке жол»

Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында арнайы санаттағы отбасы балаларына қаржылай көмек беріледі. Облыстық білім басқармасы бөлімінің бас маманы Батима Айтбаеваның айтуынша, бүгінде облыста 15 мыңнан астам бала аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатыр.
— Мемлекет басшысының тапсырмасымен дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы жыл бойы өтетін форматқа ауыстырылғаны белгілі. Акцияның басты мақсаты — аз қамтылған отбасындағы оқушыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету. Осы орайда облыстық ұйымдастыру штабы құрылып, жоспар бекітілді. Бүгінде барлық ауданда және Ақтөбе қаласының білім беру ұйымдарында көмекке мұқтаж отбасыларының тізімі жасақталды, — дейді ол.
Биыл жыл басынан бері демеушілердің көмегімен 1254 балаға 10,57 миллион теңгеге киім-кешек, 1990 оқушыға 12,728 миллион теңгеге оқу құралы, 1585 балаға 14,235 миллион теңге көлемінде азық-түлікпен көмек көрсетілген.
— Былтыр аталған акция аясында 11445 балаға қолдау көрсету мақсатында демеушілер тарапынан 77, 985 миллион теңгеге мектеп формасы, спорттық киім, күрте, оқу құралдары берілді.
Әлеуметтік себептерге байланысты мектепке бармай жүрген балалар туралы ақпаратты білген жағдайда, облыстық білім басқармасының 98-11-31 сенім телефонына хабарласуды сұраймыз. Ал, «Мектепке жол» акциясына үлес қосқысы келетін кәсіпкерлер мен меценаттар аз қамтылған отбасылардың тізімін аудандық және қалалық білім бөлімдерінен және білім басқармасынан ала алады, — дейді Батима Айтбаева.
Биыл облыстық бюджеттен оқулықтар сатып алуға 2054,3 миллион теңге қаражат жұмсалған. Жыл сайын жалпы білім беретін мектеп оқушыларын оқулықтармен қамтамсыз ету 100 пайызды құрайды. Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыста 38 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталуы тиіс. Үш ауысымды және апатты мектептерді жою мақсатында 2025 жылға дейін 54 мектептің құрылысы жүргізілмек.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button