Басты жаңалықтарМәдениет

Ұлттық тәрбие үзілмеуі тиіс

Республикалық «Қазақ аналары  — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің алғашқы аудандық бөлімі Ырғызда ашылды. Аудан орталығындағы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы саябақта өткен ашылу салтанатына аталған бірлестіктің облыстық филиалының басшысы Нәзира Табылдинованың жетекшілігімен бір топ ана арнайы барып қатысты.
Шара аясында ұлттық тағамдар мен қолөнеріміз насихатталып, біраз дәстүріміз дәріптелді.

Әнші Айнұр Жүгінісованың бастамасымен былтыр қолға алынған республикалық «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігіне еліміз бойынша 4 мыңға жуық ана біріккен. Ал Ақтөбедегі облыстық филиалға бүгінде 70-ке жуық ана мүше. Жобаға қатысушы белсенді ана-әжелердің дені — еңбек ардагерлері, білікті мамандар.
Аудандық бөлімнің ашылу салтанатында Денсаулық сақтау саласының үздігі Несібелі Қарымсақова туған жеріндегі ата дәстүрді дәріптеген жобаға сәттілік тілеп, ардагер ұстаз, өлкетанушы Райгүл Серғалиева екеуі көк лентаны қиды. Үш мәрте қажылыққа барып келген көпбалалы ана, денсаулық сақтау саласының ардагері Шамсия Айжарықова ақ батасын беріп, ырғыздық әжелер шашу шашты. Одан соң Нәзира Табылдинова Ырғыз аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанат Ерікке Алғыс хат пен «Қобыланды батыр» кітабын табыстады.
— Қоғамның ақсап тұрған тұсы — бала тәрбиесі. Ана болған соң бейжай қарай алмаймыз, алаңдаймыз. Себебі ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы. Ал ұлттық салт-дәстүр — халықтың рухы. «Дәстүрге жол» жобасының мақсаты — таным көкжиегі кең, өзіндік пікірі бар, белсенді аналардың көмегімен ел ішінде ұмытылып бара жатқан ата дәстүрді жаңғырту. Осындай мақсатта алғаш рет еліміз бойынша аудан орталығынан бөлім ашылды. Алдағы уақытта да осындай бөлімдер барлық ауданнан ашылып, ата дәстүрді дәріптеп, ұлттық тәрбиеде қолданатындардың қатары көбейеді деп сенеміз, — дейді Райгүл Серғалиева.
Одан соң тұрғындар сахналанған дәстүрлер шеруін тамашалады.

Жеті округтің шеруі

Шеруде аудандағы 7 округ жеті түрлі дәстүрден көрініс көрсетіп, киіз үй ішінде ұлттық тағамдар  көрмесін ұйымдастырды.
Жайсаңбай округінің келіндері сәлем салды. Құмтоғайлықтар беташар мен жастарға бата беру дәстүрін көрсетті. Нұра тұрғындары берген ерулік дәстүрі де ел арасында ішінара естіліп қалады. Ал Тәуіп жастары бастаңғы жасады. Қызылжарлықтар қыз бен жігіт айтысын ұйымдастырды. Аманкөл ауылдық округінің келіндері ат тергеу дәстүрін көрсетті.
Біз Ырғыз ауылдық округі дәріптеген ашамайға мінгізу ғұрыпын қызықтадық. Ашамай — балаға арналған айшықты ер. Баланың аяғы қысқа болғандықтан, ашамайға үзеңгі салынбайды. Жабағы жүннен жасалатын терлікті де, оның үстінен салынатын тоқымды да балаға арнағандықтан көз тартатындай әдемілеп, сәнді етіп жасайтын болған. Ашамайдың үстіндегі аткөрпе де балаға лайықталып тігілген. Осының үстінен тепкішек салынады. Тепкішек қоржынға ұқсайды, бала атқа мінген кезде екі аяғын тепкішекке салады. Ашамайлы тайға мінетін күні бала да әдемі киінеді. Әжелер шашу шашып, аталар игі тілектерін арнап, бата береді.
Ортаға сән-салтанатымен тай әкелініп, аудан орталығындағы «Нұр бөбекжай-балабақшасының балдырғандары — Расул Жайсаңбай, сосын Расул Сапаралиев кезекпен тайға мінді. Аналар шашу шашып, ақсақалдар бата берді. Балаларды тәрбиешісі Гүлсая Төлешова ертіп келіпті. Осы сәтте ұлттық киім киген 2-3 жастағы бір бала жылап қалды.
Қасына бардық, аты-жөні — Еламан Мейірболат. Анасының айтуынша, жасы үште, аудан орталығындағы «Нұр» балабақшасына барып жүр.
— Балалар мінген ашамайлы ат — Еламанның Ақтанау деген тайы. Екі жастан бастап осы тайға мініп жүр. Кеше «Ертең тайға мінесің» дегенбіз, соған қуанып, дайындалды. Тайына өзінен бұрын басқа балалар мінгенін түсінбей, жылап қалды. Әншейінде де тай үстінен түскісі келмейді. Әрине, қазақтың қай баласы үшін де атқа міну таңсық емес. Қыз болсын, ұл болсын, 2-3 жасынан бастап-ақ атқа мінген әке-шешесінің немесе ағаларының алдына мініп отырады. Еламан да бүгін көпшілік алдында тайға міну рәсіміне қатысты. Ауыл үлкендерінен бата алып жатыр, қуаныштымыз, — дейді Еламанның анасы. Кішкентай «шабандоз» Ақтанауынан бір елі ажырағысы келмейді, атқұмар өзі.


Бұл күні саябақ ортасындағы аппақ киіз үй ішінде аудандағы жеті округтің келіндері ұлттық тағам түрлерінен көрме ұйымдастырды. Қадірлі қонаққа асылған жілігімен, қазы-қарта, жал-жаясымен дайындалған ет, марқаның етінен жасалған қуырдақ, сірненің дәмі тіл үйіреді.
Шараға қатысушылар ұлттық тағамның бірі үлпершектен де ауыз тиді. Малдың жүрегінің сыртындағы қапшығы үлпершек деп аталады. Екі жағындағы құлақшаны кесіп алып, қаны әбден сорғыған жүректің жіңішкелеу жағын тіліп, ішіне ұсақтап туралған ет пен іш май тығылады. Содан соң тілінген жағы мұқият тігіледі. Қазанға салып үстіне су құйып, тұз қосып қайнатады. Суығаннан кейін қиялап турап табаққа салып, бетін көк жуамен әсемдейді. Ал бұл жерде үлпершек ішіне қазы салыныпты. Ұйымдастырушылар жиналғандарға бұл тағамның жасалу жолын түсіндірді.
Әрине, ұлттық тағамдар көрмесіне ауыл дастарқанынан түспейтін құрт пен май, ірімшік, сарысу, айран, қымыз, шұбат та қойылды.
Ал саябақ алаңында аудандық кітапхана қызметкерлері кітап көрмесін ұсынды.

 

«Аналардың жалғап үзігін…»

Республикалық «Қазақ аналары  — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің еліміздегі бірінші аудандық бөлімінің Ырғызда ашылуы да тегін емес.
Ырғыз ауданы — қаймағы бұзылмаған, қазақтың салт-дәстүрі сақталған аймақтың бірі. Оған дәлел, шілде айында Нұр-Сұлтан қаласында «Дәстүрге жол» жобасы аясында ұйымдастырылған І республикалық «Абысын-ажын» байқауына Ырғыз ауданында тұратын абысынды-келін Баршагүл Омарбекова мен Нағымкүл Ешмұратова қатысып, облыстың намысын қорғап, «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болды.
— Республикалық қоғамдық бірлестік былтыр желтоқсанда құрылды. Биыл қаңтар айында мен де осы бағытта іс-шаралар ұйымдастыра бастадым. Аудандық музей директоры Әлібек Таубатыров «Үкілім» қыз-келіншектер клубына жетекшілік етуге шақырып, жұмысқа кірісіп кеттім.
Бұған дейін де істеп жүрген жұмысым ғой. Осы уақытқа дейін ұлттық тәрбие  арқылы ұрпақ болашағының рухын көтеру мақсатында еңбек еттім. Осы бағытта әлі де жас ұрпаққа білетінімді үйретіп, келемін. Келінім Нағымкүл Ешмұратова да — көпбалалы ана. Аудандық білім бөлімінде жұмыс істейді. Қай салада жүрсек те, ата-ана болғандықтан ұрпақ келешегін ойлауымыз керек. Расында да, салт-дәстүрлер мен ырым-тыйымдарға толы ұлттық тәрбиеміз адамға патриоттық сезім, ерекше рух сыйлайды, — дейді кітапхана ісінің ардагері, «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің аудандық бөлімінің жетекшісі Баршагүл Омарбекова.
Қырық жылға жуық осы мәдениет саласында еңбек етіп, кітапханадан зейнетке шыққан тынымсыз әже —  «Әже, кітап оқып берші» жобасының авторы. Әлі күнге дейін мектептермен, балабақшалармен тығыз байланыста еңбек етіп жүр.
Бәріне үлгеріп жүретін Баршагүл Орынбайқызы облыс орталығынан барған бір автобус жанға шаңырағын көрсетіп, қонақасы беріп, қонақжайлық танытты.

 

Ырғыздық шеберлер

Ел ішінде еңбекқор, шебер аналардың жолын жалғап жүрген аналар жетерлік. Шара барысында жаңадан ашылған «Қазақ аналары — дәстүрге жол» аудандық бөлімінің мүшелері Қызылжар ауылдық округіне қарасты Құрылыс ауылындағы «Мәні» мәдениет үйінде қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырды. Киіз үй ішіне қойылған ұлттық бұйымдардың иесі — қолөнер шебері, көпбалалы Айнагүл Алиева.
Ауылдастарының айтуынша, ши де, басқұр да тоқитын шебер қажет болса атқа да мініп, пеш те салады.


— Еңбек жолымды аға шопан боп бастадым. Екі жыл қой бақтым. 1988 жылы Ырғыз ауданы Құрылыс ауылына тұрмысқа шықтым. Содан бері осы ауылдамын. Күйеуім екеуміз сегіз бала тәрбиелеп өсіріп отырмыз. Тоқырау жылдары тары қайнатып, диірмен тартып, тары-талқан саттым. 2000 жылдары кірпішті өзім дайындап, пеш салуға кірістім. Сөйтіп, балаларды оқыттық. Арасында қыздарымның жасауын жасап, құрақ құрадым. Бұрын ата-әжелеріміз тұтынған, қазір ұмытыла бастаған бұйымдарды жасап жүрмін. Киізден қалауыш, аяқ қап, қоржын жасаймын, тақыр кілем, ши тоқимын. Бүгінде ұлттық бұйымдардың жасалу технологиясы мен техникасын білетін адам да қалмаған, үлкендерден көргенімді еске түсіріп, ізденіп, әйтеуір ізін шығарамын, — дейді қолөнер шебері Айнагүл Алиева.
«Қазақ аналары — дәстүрге жол» облыстық филиалының мүшелері «Мәні» мәдениет үйінде Құрылыс ауылының тұрғыны, қолөнер шебері, домбырашы Қазиза Баймағамбетовамен кездесті. Қонақтар әуелі шебер ананың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын тамашалады. Шебер негізінен кестелеу өнеріне көп көңіл бөледі екен. Онысы «Абай», «Әлия», «Бауыржан Момышұлы», «Ән аға — Шәмші аға», «Махамбет» портреттерін кестелеп жасағанынан көрініп-ақ тұр.
Қазиза Баймағамбетова өзінің қазіргі жасап жүрген тірлігін баяндап, үкілі домбырасын қолына алып, ән де айтып берді.


Ырғыз аудандық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылған екі күндік шара барысында Ақтөбеден барған белсенді аналар Ырғыз аудандық музейінде, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватында болып, ауданның тарихи-мәдени құнды жәдігерлерімен танысты, өлке тарихын тыңдады. Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде өткен дөңгелек үстел барысында ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыпты жаңғырту төңірегінде де біраз әңгіме қозғалды. Болашақ ұрпақты тәрбиелеу құралы салт-дәстүрде жатқаны баса айтылды. Жергілікті өлкенің тарихи-мәдени өмірінде айтулы еңбегі бар, өлкетанушы Мереке Жұбанияз, аудандық музей директоры Әлібек Таубатыров, аудандық кітапхана директоры Марат Мырзалы өлкенің рухани қазынасымен таныстырды.
Ырғыздан Ақтөбеге қарай шыққанымызда Қабылай ауылы маңында ұлттық тағам шебері Күлән Әбділдина жолдан күтіп алып, дәм ауыз тию дәстүрі бойынша  «қазанжаппай» жасап әкеліп, ірімшік-құртын үлестіріп, сарқыт дәстүрін жасады. Осылайша ырғыздықтардың әр қадамы ата дәстүрмен өрілгенін көріп келдік.
Жол бойы аналар ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз бен ырым-тыйымдарымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі, қазақ әйелінің ұлттық киім-кешектері, қыз бала тәрбиесі, отбасы сыйластығы жайлы тәрбиелік мәні бар әңгімелер өрбітті.

 

ҚАМШЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

Ата дәстүріміз дәріптелген іс-шараға Нұра ауылынан дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, өлкетанушы Арман Жұбаназаров арнайы келіпті. Алдына өзі өрген қамшыларын жайып, қайысын тіліп тұрған шеберді біз де әңгімеге тарттық.
Қамшы өруімен айналысатын шебер бізге жасалу жолынан бұрын қамшының құдіреті мен қасиеті туралы айтып берді.
— Қамшы — тек тұрмыс құралы ғана емес, ол — қазақтың қаруы, салт-дәстүрін бейнелейтін бұйымы. Аталарымыз қашан да қамшыны қолынан тастамаған. Мәселен, егер аттылы жолаушы бір ауылға келіп, қамшысын ердің басына іліп кетсе, ол асығыс жолаушы, ал қамшыны бір бүктеп, қонышына салып, үйге кірсе, асықпайтын қонақ екенін білдірген. Сөйтіп, қамшы ердің басында қалса, жолаушыға жеңіл-желпі сусын, ағарған береді екен де, қонышына тығып кірген қонаққа қазан көтеріп, ет асатын болған. Ал үйде бойжеткен болса, соған көңілі түссе, құдандалы болғысы келсе, үйдің төріне қамшысын жасырын қалдырып кетеді екен. Көп ұзартпай қамшыны қайтарып жіберсе, онда ол үй қызын бұл жігітке беруге ықтияры болмағаны. Қазақ осылайша бір-бірімен қамшы арқылы сөйлескен, тілдескен. Тіпті қазаны қамшыны ортасынан сындыру арқылы естірткен деген әңгіме де бар. Билердің алдына бара қалғанда, ортаға қамшыны лақтырып, сөз сұрағанын да тарихтан білеміз, — дейді Арман Жұбаназаров.
Қазақ өмірдің қысқалығын қамшының сабына теңеп жатады. Арманның айтуынша, қамшының сабы төрт тұтам болады. «Тұтам — бір уыс. Төрт тұтам: жастық шақ, жігіттік шақ, тоқтасқан шақ және кәрілік шақ» деп, қамшының сабын қолмен ұстап көрсетті.
— Қамшының сабына тобылғы таңдап аларда, «Ассалаумағалейкүм. Әлейкүмассалам. Қайда барасың? Қамшысапқа барамын» деп айтып алады екен, — дейді ол. Сондай-ақ шебер көкпаршылардың қамшысы қысқа болатынын, бірақ, мұндай қамшының алақаны үлкен, жалпақ келетінін де айтты. Себебі көкпаршы көкпар тартқанда қамшының алақанын тістеп жүреді де, сонда жұмсақ алақан тістің ауырмауына жақсы көмектеседі.
Бір кездері өзі де шабандоз болған Арман бәйге атының қамшысына неге орамал түйіп қоятынын да түсіндірді. Өйткені орамал шауып келе жатқан аттың терін, көзін сүртуге ыңғайлы.
«Ала құс», «Көк дөнен» деген бәйге аттарын дайындаған шебер:
— Қамшының сабындағы тұйық бау — бүлдіргіні ұстаудың да қауіпсіздік техникасы бар. Дұрыс ұстамаған жағдайда бүлдіргі аттың құйрығына ілініп қалса, бәрін бүлдіреді, сүйретіліп кетесіз, — дейді.
Арман Қаражанұлы қамшының сабын тобылғыдан жасайды. Оның айтуынша, тобылғы Нұра тауында көп өседі. Тері илеу технологиясы ұзаққа созылатындықтан, дайын тері мен қайысты пайдаланады екен. Қамшы өруді бизнеске айналдыра қоймаған ол әзірге тек тұрмысқа және сыйлық ретінде жасап береді екен. Мақсаты — қамшы өру дәстүрін жалғастыру, ауыл балаларына үйрету.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button