БілімБасты жаңалықтар

Қайырымдылық  жариялылықты қажет етпейді

Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылы қарсаңында қайырымдылық жасап, мектеп оқушыларына көмек көрсеткісі келетін азаматтарға өтініш білдірді.

«Қайырымдылық жарияға жар салмай жасалуы керек. Сосын көмек көрсеткен жағдайда балаларды фотоға түсірудің қажеті жоқ. Бес балаға көмек көрсетіп, былай да былай фотоға түсіріп, онымен қоймай әлеуметтік желіге салатындар бар. Ондай қайырымдылықтың барынан жоғы. Себебі қайырымдылық жасаудың да жауапкершілігі бар. Ата-ананың рұқсатынсыз баланы суретке түсіруге болмайды. Бұл бір жағынан балаға психологиялық соққы болуы мүмкін», — деді Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев «Oqu-ağartu LIVE» жобасының эфирінде.

Оның айтуынша, бала көмекті кімнен, қайдан алып жатқанын білу міндетті емес.

Сондай-ақ министрлік өкілі келтірген мәліметке сәйкес «Мектепке жол» акциясы аясында еліміз бойынша соңғы 10 жылдың ішінде 4 млн-нан астам балаға көмек көрсетілді.

«Аталған көрсеткіштің одан да көп екеніне сенімдіміз. Себебі кейбір қайырымды жандар көмек көрсеткені туралы жариялап, айтпауын сұрап жатады. Яғни ол азаматтар балаларға жақсылығын жасап, бірақ ол туралы еш жерде айтпайды», —  дейді ол.

ҚазАқпарат.

Басқа жаңалықтар

Back to top button