Жастар

Жастар Мәртөкте жиналды

  • Форум

Мәртөк аудандық Мәдениет үйінде халықаралық Жастар күніне орай «Жастар және болашақ» атты облыстық жастар форумы өтті.

Форумға облыстың түрлі саладағы белсенді жастары басқосты.

Форумның құрметті қонағы ретінде ережесіз жекпе-жектен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, EFC чемпионы Дәурен Ермеков қатысты. Сондай-ақ ауылдық округтердің жастар ісі мамандары, денсаулық, құқық қорғау, білім, спорт саласының қызметкерлері, ауданның белсенді жастары, облыстық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының басшылары мен әр саланың үздіктері келді.

Форумның негізгі мақсаты — жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, Мәртөк ауданының танымал азаматтарын өскелең ұрпаққа үлгі ретінде көрсету.

Жиында аудан басшысы Алмас Салықбаев халықаралық жастар күнімен құттықтап, жастарға өз мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, биік белестерден көрінулеріне тілектестік білдірді. Бұдан соң аудандағы қоғамдық іс-шараларға белсене қатысқан, волонтерлік қызметті дамытуға үлес қосқан бірқатар жастарға алғыс білдіріп, сый-сияпат табыстады.

Елімізде жастар мәселесі, олардың болашағы мен қоғамдағы орны қашанда күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан да түрлі орталықтар мен ұйымдар құрылып, жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру, оларға қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жасалып келеді.

Бүгінде Мәртөк аудандық жастар ресурстық орталығының мамандарымен көптеген игі бастамалар атқарылып жатыр. Оның ішінде мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету, жастарды жұмысқа орналастыру шаралары жалғасуда.

Облыстық форум кешқұрым аудан орталығындағы «Достық» саябағында  жалғасты. Онда отандық өнер жұлдыздарының қатысуымен ерекше гала-концерт өтті.

А.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button