Ауыл

Ырғызда бес ауылда ғана газ бар

  • Баспасөз туры

Биыл Ырғыз ауданындағы Құтикөл ауылына газ тартылады, сондай-ақ Нұра, Жарма, Аманкөл елді мекендеріне газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы құрылысы бес жылға созылған денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілмек. Бұл туралы өткен аптада өткізілген брифингте аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов айтып берді.

 

Аудан әкімінің айтуынша, бүгінде аудан тұрғындарының газбен қамтылу көрсеткіші – 60,5 пайыз. Өткен жылы ауданда Ақши, Құрылыс, Шеңбертал елді мекендеріне ауылішілік газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілген. Жалпы бүгінде аудандағы 18 елді мекеннің бесеуіне ғана көгілдір отын берілген. Ал ауызсумен қамту көрсеткіші 98,2 пайызға жетіп отыр.

— Қазіргі таңда ауданда 18 елді мекеннің 16-сы орталықтандырылған ауызсу желісін пайдаланып отыр. Биыл Аманкөл ауылдық округінің Құтикөл елді мекенінде ауылішілік су құбыры қайта жаңартылып жатыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 71,9 миллион теңге бөлінді. Мердігер ұйым «Комплекс Арай НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл жоба бойынша жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ биыл Қызылжар ауылдық округінің орталығы — Құрылыс елді мекеніндегі ауылішілік су құбырын қайта жаңартуға облыстық бюджеттен 98,4 миллион теңге бөлінді. «Жаңарту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен құрылыс жұмыстарына 89,5 миллион теңге келісім жасалған, алайда қаржы әзірге игерілген жоқ. Бүгінде ауызсу мәселесі Дүкен, Қарасай ауылдарында да өзекті болып тұр. Келер жылы Қарасай ауылында ұңғыма қазуға 2,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Ал Дүкен ауылында су қоры болмауы проблема туындатып отыр, — деді Н.Қызбергенов.

Оның айтуынша, аудандағы тағы бір мәселе — Ырғыз ауылындағы жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген 135 жер учаскесінің газбен, сумен жабдықталмауы.

Биыл Ырғыз ауылындағы жеке тұрғын үйлерді газбен жабдықтау үшін инженерлік желілер жүргізуге облыстық бюджеттен 38,9 млн теңге бөлінген. Жобаны «Ремстрой» ЖШС жүзеге асырады. Ал электрмен жабдықтау жұмыстарын «Бек 909» ЖШС жүргізеді. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 11,6 млн теңге қаржы қарастырылған.

Биыл аудан бойынша барлығы 5667 шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 89,4 пайызды көрсетіп отыр. Құрылыс  материалдарының қымбаттауынан биыл бірқатар тұрғын үйлердің құрылысы бітпей жатыр. Қазіргі таңда Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыруда Ырғыз ауылында екі 8 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның біреуі қыркүйекте, ал екінші тұрғын үй қазан айында пайдалануға беріледі. Бұл жобаға облыстық және  аудандық бюджеттен арнайы қаржы бөлінді, — деді аудан әкімі.

Бүгінде Ырғыз ауданында екі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оның біреуі аудан орталығында болса, екіншісі — Құрылыс ауылында.

Аудан орталығында салынып жатқан кешеннің құрылысы 2017 жылы басталған. Алайда мердігер компанияның жауапсыздығынан құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Биыл осы кешеннің құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта оның құрылысын жүргізетін мердігер ұйымның атауы белгілі болады.

Ал Құрылыс ауылында ангар типтес спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы былтыр басталған. Биыл бұл жобаға Ұлттық қордан 74,112 млн теңге, облыстық бюджеттен 25,427 млн теңге бөлінді. Жобаны жүзеге асырушы — «Ерқанат сервис» ЖШС.

Сондай-ақ биыл Құйылыс ауылындағы клуб ғимараты, Құтикөл ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен балабақша, Құрылыс ауылындағы «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасы күрделі жөндеуден өткізілсе, 2023 жылы Ырғыз ауылында Мәдениет үйі мен аудандық кітапхананың құрылысы басталады. Сондай-ақ алдағы жылдары Нұра ауылында дәрігерлік амбулатория мен Құмтоғай ауылында орта мектеп салынады. Қазіргі таңда Жарма ауылында 60 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Брифинг барысында аудан әкімі өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштерге де тоқталып өтті.

Аудан бойынша 2022 жылдың 6 айында 283 миллион теңгенің өнімі өндірілді, оның ішінде ет өнімдерін өндіру мөлшері — 156,2 миллион теңге. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі — 6 миллиард 16 миллион 900 мың теңге. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға артық. Қазіргі таңда ауданда 877 кәсіпкерлік нысаны бар. Оның 870-і белсенді түрде жұмыс жасап жатыр, — деді Нұрлан Қызбергенов.

Оның айтуынша, биыл ауданда 1349  жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жоспарға сәйкес, биылғы 6 айдың ішінде 700 (51,8 %) жұмыс орны ашылып, 180 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ биыл аудандық маңызы бар Ырғыз-Құтикөл-Жарма-Құйылыс, Құрылыс ауылына кіреберістегі және Ырғыз ауылына апаратын автокөлік жолын жөндеу жоспарланған. Жалпы барлығы 41,9 шақырым жолды жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінген. Алайда әзірге үш жоба да аяқталмаған.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button