Ауыл

Шабындықтағы қарқынды жұмыс

  • Мал азығы

Шалқар ауданының негізгі маманданған саласы — мал шаруашылығы. 
Жалпы аталған ауданда алдағы қыс айларында мал басын шөппен қамтамасыз ету үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан екі айда 293 600 тонна шөп дайындау міндеті қойылған. Бүгінгі күні 105 030 тонна мал азығы дайын. Яғни жоспар 35,8 пайызға орындалып отыр. Қазір осы дайындалған шөптің 39 875 тоннасы тасып алынды. Бұл жұмыстар күз айларына дейін жалғасып, мал азығымен толық қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіле бермек.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Марғұлан Досжановтың айтуынша, Шалқар қаласы мен барлық ауылдық округтерге  мал санына қарай мал азығын дайындау көлемі берілген. Бүгінгі таңда аудан бойынша екі айлық мал азығын дайындау науқаны қызу жүргізіліп жатыр.

— Биыл шөптің түсімі де өткен жылмен салыстырғанда жақсы. Бұл қыстағы қалың қардың және сәуір-мамыр айларындағы нөсер жаңбырдың арқасы. Аудан бойынша мал азығын дайындау жұмыстарына 56 шөп бригадасы, 93 трактор, 123 шалғы, 69 тырма басқа да қажетті техникалар қатыстырылды.

Қазір, әсіресе, Есет Көтібарұлы, Жаңақоныс, Мөңке би, Шетырғыз, Ақтоғай және Шалқар ауылдық округтерінде шөп шабу жоспары, шөпті тасып алу жұмыстары жақсы ұйымдастырылуда. Сондай-ақ «Жомарт», «Бағдат», «Дастан», «Дархан», «Тұрсын», «Санжар», «Тасқора» секілді шаруа қожалықтарда мал азығын дайындау жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Аталған шаруашылықтар ауылдық округ тұрғындарын да қысқы мал азығымен қамтамасыз етіп отыр, — дейді Марғұлан Досжанов.

Биыл Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Жомарт», «Бағдат», «Дастан» шаруа қожалықтары жылдағыдай малдың қысқы азығын әзірлеуге ерте кірісіп кетті.

— Шөп дайындау, әрине, оңай шаруа емес. Ауа райының ашық күндерінде шөпті шауып, оның нәрі түгелдей жойылып кетпей тұрғанда жинап алу қажет. Әдетте мал азығын дайындау маусым-шілде айларында жүреді. Осы уақыт аралығында үлгермей қалсаң, әрі қарай шөп қурап, бойындағы нәрі де азаяды,дейді шаруашылық басшылары.

Мал азығын дайындау барысында ең басты қаперге алынатыны — қауіпсіздік. Тілсіз жау — өртке еш уақытта жол берілмеуі керек. Бұл бағытта аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы ауылдық округ әкімдіктерімен тығыз байланыста жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

— Үгіт-насихат жұмыстары тоқтаған емес. Кішкентай шоқтың үлкен өртке айналатынын жете түсініп, өрттің алдын алу — баршамыздың міндетіміз. Сондықтан  шөп шабу қамына кірісіп кеткен шаруалар мен механизаторлар өрттен барынша сақ болайық!, — деді ол.

А.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button