Кәсіп

Шолпанның құрақ көрпелері

  • Кәсіп

Қазір шағын және орта кәсіпкерлікті ілгерілетуге арналған мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Осындай бағдарламалардың арқасында бүгінде өз кәсібін ашып, бизнесін жүргізіп отырғандар саны артты. Олардың қатарында Қандыағаш қаласының тұрғыны Шолпан Жайықбаева да бар.

Шолпан Аңшыбекқызы бір кездері аспаздық курста оқып, сол салада жұмыс істеп көрді. Өзінің айтуынша, тігін ісіне кейбіреулер секілді жай ғана қызықпайды, тігінші болу — жүрек түкпірінде жатқан бала кезгі арманы. Арманының ақ боз атын қамшылаған Шолпан үш жыл бұрын қолөнермен айналыса бастайды да, әуелі шағын бұйымдарды тігіп көреді. Сөйтіп жүргенде таныстарынан «Бастау Бизнес» курсы туралы естіп, сол жобаға қатысады. Кәсіпкерліктің негіздерін үйрететін курсты сәтті тәмамдағанымен, Шолпан қалаған қайтарымсыз грантқа қол жеткізе алмады. Десек те «Бастау Бизнес» жобасынан алған білімі мен тәлімі табысын еселеуге көмектесті.

— Негізгі мамандығым — аспаз. Тұрмыс құрғанға дейін Ақтөбеде аспаз болып жұмыс істедім. Кейін күйеуге шығып, бар уақытымды отбасыма арнадым. Үш жыл бұрын ақырындап тігін ісімен айналыса бастадым. Бастапқы кезде ас үйге қажетті ыстық ыдыстардың астына қоятын шағын көрпешелер, оларды ұстауға арналған қолғаптар тіктім. Менің жұмыстарымды көрген бір танысым қыз жасауына тапсырыс берді. Мен жүрексініп, қарсылық білдіргеніме қарамастан, маған сенім білдірді. Сөйтіп, қыз жасауына көрпелер мен жастық тіге бастадым. Танысымның көңілінен шыққаны сондай, ол өзінің достарына, туғандарына мен туралы айтыпты. Осылайша тапсырыстар көбейе бастады. Тапсырыс беруші мата мен оның түсін өзі таңдайды. Көрпенің ішіне мен тек мақта саламын. Қазір тапсырыс берушілер көп, әсіресе, құрақ көрпеге сұраныс жоғары. Қазақтың құрақ көрпелері мен ою көрпелері — бүгінде «трендте», — дейді Шолпан Аңшыбекқызы. Тігінші қазіргі таңда дәстүрлі қолөнер жаңа технологиялармен бірге жетіліп, сабақтасып жатқанын айтады.

— Қолөнер де үнемі ізденісті талап етеді. Мәселен, мен бала кезден таныс ою-өрнектерден бөлек өзгеше бір түрін ойлап тапқым келеді. Интернет ақтарамын, ютуб каналын қараймын. Қазіргі уақытта қошқар мүйіз, сынық мүйіз, жұлдыз секілді ою-өрнектерден бөлек «версаче» белгісін қолданамын. Сондай-ақ матаның түр-түсіне де мән беремін. Тапсырыс берушілер көрпенің тысы барқыт пен велюрден болғанын тәуір көреді. Сондықтан мен көбіне түріктің велюрін аламын. Ал құрақ көрпенің матасы сапалы болуы керек, әйтпесе, бір жуғанда-ақ созылып, бояуы шығып кетеді, — дейді тігінші.

Құрақ көрпе тігу оңай шаруа емес. Қиық-қиындылардың көлемін бір-біріне сәйкестендіріп, үйлестіру шыдамдылықты, шеберлік пен табандылықты талап етеді. Құрақ құрау техникасымен жасалған көрпелер ондаған жылдар пайдалануға жарайды. Сондықтан да түсі мен түрі келіскен сәнді құрақ көрпелер қымбат бағаланады. Мысалы, Шолпанның қолынан шыққан ұзындығы 2,20 сантиметр, ені 80 сантиметрлік құрақ көрпенің бағасы — 20 мың теңге. Десек те Шолпан Жайықбаеваның көрпелерін тек қана Қандыағаш тұрғындары ғана төсемейді, басқа аудандарда тұратын, Ақтөбе, Атырау мен Алматыдағы ағайынның төрінен де көруге болады. «Тапсырыс көп, келіскен уақытта бітіріп беруге тырысамын», — дейді пысық келіншек.

Шолпанның әрбір бастамасын жан-жақты қолдайтын күйеуі Берік қазіргі таңда Ақтөбедегі зауытқа қатынап жұмыс істеп жүр. Үш баланы бағып-қағып өсірген олар — бүгінде немере-жиен сүйіп отырған ата-әже. Үлкені Жасұлан отбасылы, қызы Әйгерім тұрмыста. Ал кіші ұлы Темірлан — оқушы.

— Кез келген істе әуелі өзіңнің қорқынышыңды жеңе білуің керек. Көбі бастаған ісін алғашқы кедергілерге шыдамай, аяқсыз қалдырып жатады. Әрине, мен де бастапқыда жүрексіндім. «Материалды бүлдіріп аламын ба, тапсырыс берушіге ұнамай қала ма, уақытында бітіре аламын ба» деген сұрақтар мазалағанда, не істерімді білмей абдырап қалатынмын. Шүкір, табандылықпен бәрін де жеңіп шықтым. «Көз — қорқақ, қол — батыр» деген осындайда айтылса керек, — дейді шебер.

Әзірге Шолпан тігін ісін үйінде жасайды. Шебер болашақта бір орынды жалға алып, бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Әсел АБДАНБАЕВА,
Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button