Спорт

5-тур: екі топтың жеңімпаздары анықталды

  • Қазақстан Кубогы

5-7 тамыз күндері Қазақстан Кубогы үшін болып жатқан ойындардың 5-туры өтті. Ал келесі тур — бұл топтық кезеңнің соңғы сайысы.

Бұл турды «Ақтөбе» 6 тамыз күні өз алаңымызда өткізіп, «Мақтааралды» қабылдады.
Жерлестеріміз бұл додада алғаш рет жеңіске жетті. 85-минутта Темірлан Ерланов баспен соққан гол командаға үш ұпай әперді. Рас, осының алдында ғана Сергей Литовченконың қақпасына Рожерио Шина да әдемі гол соққан. Бірақ дәл сол сәтте шабуылшымыз Сердер Сердеров сорайып офсайдта тұрып қалды да, қарсыластар қақпашысының доп бағытын анықтауына кедергі келтіргендіктен, бұл гол есептелмеген болатын.
Осылайша футболшыларымыз ойынды бастан-аяқ қолдаумен болған жанкүйерлерінің көңіліне сәл-пәл жұбаныш сыйлады.
Ал біздің жанкүйерлер туралы ойыннан соң «Мақтааралдың» бас бапкері Андрей Ферапонтов мынадай лебіз білдірді: «Егер стадиондағы атмосфераға келсек, Ақтөбеде ойнау қай кезде де жанға жайлы. Мұнда жанкүйерлер өз командасын 90 минуттан астам уақыт бойы тынымсыз қолдап отырады. Біздің командамыздың кейбір футболшылары мұндай атмосферада еш уақытта ойнап көрген емес. Көптеген бапкерлер мен ойыншылар менімен келіседі деп ойлаймын: осы тамаша стадионда әрқашан да осындай футбол мерекесі бола берсе дейсің».

«Ақтөбе»-«Мақтаарал» — 1:0

Гол авторы: Темірлан Ерланов, 85-минут (1:0).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко, Әлібек Қасым, Темірлан Ерланов, Әділхан Таңжарықов (Ескендір Қыбырай, 60-минут), Артурас Жулпа (капитан), Руслан Камболов (Йоахим Адукор, 79-минут), Арман Кеңесов (Рамазан Оразов, 60-минут), Виталий Балашов (Максим Самородов, 79-минут), Рожерио Шина (Рустам Темірхан, 90+1 минут), Сердер Сердеров.
Бас бапкер — Андрей Карпович.

6 тамыз 2022 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 10 211 адам.

                                                                             *   *   *

Барлық кездесулер:

«А» тобы:

«Атырау»-«Ақсу» — 0:0
«Ордабасы»-«Қайрат»» — 1:3

«В» тобы:

«Ақжайық»-«Қайсар» — 2:2
«Қызылжар»-«Каспий» — 1:3

«С» тобы:

«Ақтөбе»-«Мақтаарал» — 1:0
«Тобыл»-«Тараз» — 3:5

«D» тобы:

«Тұран»-«Шахтер» — 0:2
«Астана»-«Жетісу» — 2:2

                                                                             *   *   *

5-турдан соң «Қызылжар», «Ақсу», «Жетісу», «Тұран», «Ақтөбе», «Тобыл» командаларының ¼ финалға өтпейтіні анықталды.
Ал бұл ширек финалға шығып тұрғандар: «Астана», «Шахтер», «Тараз», «Мақтаарал», «Қайрат».
Сонымен «Д», «С» топтарында нәтиже алдын ала анықталды.

                                                                             *   *   *

Ал келесі кезеңге енді бір ғана команда шығуы тиіс «А» тобында «Атырау» — 7 ұпай; «Ордабасы» — 6 ұпай жинаса, екі жолдама берілетін «В» тобында «Ақжайық» пен «Қайсар» — 10 ұпайдан, «Каспий» — 7 ұпай жинады. Келесі соңғы турда «Атырау» Алматыда «Қайратпен», «Ордабасы» сырт алаңда «Ақсумен» кездеседі. «Ақжайық» Ақтауда «Каспиймен» кездессе, «Қайсар» өз алаңында «Қызылжарды» қабылдайды

                                                                             *   *   *

«С» тобындағы жағдай: «Тараз» — 11 ұпай; «Мақтарал» — 9 ұпай; «Ақтөбе» — 5 ұпай, «Тобыл» — 3 ұпай.
¼ финалға 1-2 орын алған командалар ғана өтетінін еске саламыз.

                                                                             *   *   *

6-тур ойындары 13-14 тамыз күндері өтеді.
«Ақтөбе» 13 тамыз, сенбі күні өз алаңымызда «Тобылды» қабылдайды.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button