Спорт

Марат ерекшеленген матч

Футбол

Сенбі күні, 9 сәуірде Тараз қаласына барған «Ақтөбе» олжалы оралды. Онсыз да соңғы орында келе жатқан «Тараз» командасын тағы да бір қапаландырды.

Премьер-лиганың осы 6-турына дейін чемпионаттың мергендер көшін бастап келе жатқан Марат Хайруллин екпінін бәсеңдетпеген екен. Ол 36-шы және 63-ші минуттарда соққан екі голға тараздықтар еш жауап қайтара алмады.

Сөйтіп ақтөбеліктердің қарсыластар қақпасына соққан доптары 11-ге жетті.

Біздің «Ақтөбе» мен өз алаңында дәл осындай есеппен (2:0) «Атырауды» жеңген «Жетісу» 6-турдан соң 15 ұпаймен көшті бірге бастап келеді.

Өз алаңында Өскеменнен келген «Востокты» 2:0 есебімен жеңген «Локомотив» 13 ұпай жинап, үшінші орынға шықты.

Төртінші орында 12 ұпаймен «Ертіс» тұр. Өткен турда сырт алаңда «Қайратты» 3:1 есебімен ұтқан «Ертіс» бұл жолы өз алаңында «Қайсарды» 4:1 есебімен жеңді. «Ертіс» қарсыластар қақпасын ең дөп көздеген, ең көп көздеген команда, 13 гол соғып үлгі көрсетіп келеді.

Шымкентте «Ордабасыдан» 0:1 есебімен жеңілуге мәжбүр болған, бұған дейін үшінші орында тұрған қарағандылық «Шахтер» енді сол бұрынғы 10 ұпаймен бесінші орынға сырғыды.

Өз алаңында «Қайратты» 3:1 есебімен ұтқан «Тобыл» 7 ұпай жинап, алтыншы орынға шықты.

Ал 6 ұпайға қолы жеткен «Ордабасы» он бірінші орынды тастап, жетінші орынға жетіп келді.

Осындай 6 ұпайы бар «Восток» сегізінші орынды меншіктеді.

5 ұпайдан жинаған «Атырау», «Қайрат», «Қайсар» командалары осы ретпен тоғызыншы, оныншы, он бірінші орындарда тұр.

Ең соңғы, он екінші орынның иесі — сол бұрынғысынша «Тараз» командасы.

  • Мергендер көшін 6 доппен біздің Марат Хайруллин бастап тұр. Одан кейінгі Серікжан Мужиковтің («Жетісу»), Анатолий Дороштың («Ертіс»), Таңат Нөсербаевтың («Локомотив») еншілерінде 3 доптан бар.
  • 16 сәуір, сенбі күні өтетін келесі 7-тур ақтөбелік жанкүйерлерге матч өз алаңымызда өтетіндігімен ғана емес, тап «Ақтөбе» секілді 5 рет жеңіске жеткен «Жетісу» командасымен кездесетініміздіктен де өте қызықты болғалы тұр. Жігіттерімізге тек жеңіс тілейік!

Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button