Басты жаңалықтарЖаңалықтар

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек ҚУАНТЫРОВ: Ақтөбеде «Ауыл — ел бесігі» жобасына қызығушылық ерекше

Кеше облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ақтөбе қаласындағы инфрақұрылым игіліктерін іске асыру жайымен танысып, Мәртөк ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралады, сондағы жұртшылықпен кездесті.

Ведомство басшысы алдымен облыс әкімдігі ғимаратында орналасқан ахуалдық орталыққа барды. Мемлекеттік «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ашылған орталық 109 қысқа нөмірі арқылы тұрғындардың арыз-шағымын қабылдайды, сондай-ақ мұндағы қызметкерлер әлеуметтік желілердегі жазбаларға да бақылау жасайды. Түрлі техникалармен жасақталған бұл жерде 20-дан астам адам жұмыс істейді. Орталықтың жай-жапсары жөнінде мағлұмат берген облыс әкімі Оңдасын Оразалин бұл байланыс орталығы алдымен кез келген мәселені тез арада шешу мақсатында әрі тұрғындардың қолайлылығы үшін құрылғанын атап өтті.
Батыс-2 — ауқымы күн санап өсіп келе жатқан шағын аудан. Халықтың санына, көліктің нөпіріне қарай биыл мұндағы Тәуелсіздік даңғылын жаңарту жұмыстары қолға алынды. Соның ішінде машина жолын 8 жолаққа дейін кеңейту, жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықтандыру, аялдамалар орнату көзделіпті. Бұл мақсатта қазынадан 1,9 миллиард теңге бөлінген. Мердігер — «Ассана ДорСтрой» ЖШС. Жобаның іске асырылу жайын баяндаған Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров аталған аумақтың құрылыс жұмыстарына қатысты құжаттары 2019 жылы жасалғанын, сол кезде жоспарланған қаржының енді аздық ететінін айтты. Артынша тағы да 800 миллион теңгенің қажет екенін қосты. Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрі шағын аудан тұрғындарының баспаналарына кіріп-шығуында қиындық көрмеуі керектігін, адамдардың жайлылығы — бірінші кезекте екенін ескертті.
Сондай-ақ жаңадан құрылған тұрғын алаптарының даму барысы, құрылыс қарқыны туралы тілге тиек етілді. Әсіресе, бұл жерлерге инфрақұрылым — су, газ құбырларын тарту үшін мемлекеттік қолдаудың керектігі, себебі жоғарыда аталған игіліктерсіз ақтөбеліктердің үй салуы мүмкін еместігі айтылды.
Жақын күндері мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында есігін айқара ашатын Балалар онкогематологиясы орталығы да назардан тыс қалмады. Сырқаттанған ұл-қыздардың сапалы ем алуы үшін медициналық мекемеде 100 орындық стационар, күніне 50 бала қарала алатындай кеңес беру-диагностикалық бөлім жұмыс істейтін болады. Жобаның жалпы құны — 4,6 миллиард теңге. Жаңа орталықтың құрылтайшылары мұндай кешеннің еліміздің батысында баламасы жоқтығын, ірі орталық 150 адамды жұмыспен қамтитынын баян етті. Кейіннен Әлібек Сәкенұлы бастаған билік өкілдеріне ғимараттың іші-сыртын, материалдық-техникалық базасын көрсетті. Ал облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева өңірде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша салынған және алдағы уақытта бой көтеретін ғимараттар туралы есеп беріп, бұл бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, аталған істе қаржылық қолдау, инвесторлар алдындағы кепілдік, жобаларды іске асырудағы мемлекеттік міндеттердің шығыны бойынша мәселелерді үкіметтік деңгейде шешу қажет. Сол тұрғыда ол ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

«Ақтөбе» индустриалдық орталығындағы өндіріс орындарының ішінде «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС-ның орны бөлек. Керамогранит пен керамикалық плиткалар шығаратын зауыттың жылдық қуаттылығы — 5 млн текше метр. Ішкі нарықтан бөлек, өнімдерін Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстанға экспорттайтын серіктестікте қазіргі таңда 180-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Жұмысы алға басқан кәсіпорынның басты мәселелерінің бірі — өндіріс орнында электр қуатының кемшін болуы. Соның салдарынан зауыт толыққанды жұмыс істеп, басқа да жобаларды іске асыра алмай отыр екен. Белсенділер министрді осы олқылық хақында хабардар етті.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров сапар барысында Мәртөк ауданында да болды. Ол Саржансай ауылындағы спорт кешені, кейіннен аудан орталығындағы былтыр күрделі жөндеуден өткен №3 орта мектеп, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жай-күйімен танысты. Одан соң аудан әкімі Алмас Салықбаев Мәртөктің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші туралы қысқаша баяндама жасап, алдағы жоба-жоспарлар төңірегінде ой бөлісті.
Министрдің аудандағы жұмыс сапары ашық аспан астындағы кездесумен жалғасты. Ауылдың белсенді тұрғындарымен жүздесу барысында сан түрлі мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, шағын кәсіпкерлік иелері мемлекеттік субсидия беруден қолдау күшейтілсе десе, тұрғындар ауылдан жер учаскесін алудың мұңға айналғанын айтты. Сонымен қатар Байнассай ауылдық округіне газдың қашан қосылатынын сұрағандар кездесті.
— Бүгін таңнан бері Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданындағы бірқатар нысанды аралап шықтым. Атқарушы билік өкілдері, жергілікті тұрғындар тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, үкіметтік қолдау, инфрақұрылым бойынша көптеген ұсыныс-тілектер, мәселелерге қанық болдым. Әсіресе, «Ауыл — ел бесігі» жобасы бойынша ұсыныстар көп айтылды. Қызығушылық ерекше. Бізге де керегі сол, Ақтөбеге халықты толғандырған мәселелер туралы білу үшін келдік. Мұқият тыңдауға, кейіннен бұны елордадағы әріптестерімізбен талқылап, мүмкіндігінше көмектесуге әзірміз. Келіп түскен сұрақтардың шешімін қарастырып, жауабын осындағы атқарушы билікке жеткізетін боламыз, — деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Түстен кейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында облыстың кәсіпкерлерімен кездесті.
Кездесуде бизнес өкілдері сауда саласын субсидиялау, салық мөлшерлемесін төмендету, отандық өнімдерді экспортқа шығарудағы бірқатар қиындықтарды шешу, кәсіпкерлер үшін коммуналдық төлемдерді азайту, т.б. өзекті мәселелерді көтеріп, министрге өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Сондай-ақ басқосуда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де сөз болды. Кәсіпкерлер министрден отандық, оның ішінде жергілікті өнімдерді нарыққа шығаруға қолдау көрсетуді сұрады.
Кездесуде Әлібек Қуантыров бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау шаралары жан-жақты жүргізіліп жатқанын айтып, көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Бұдан соң министр жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерінен жасақталған көрмені қарап, жеке сауалдары бойынша кәсіпкерлерге қабылдау жүргізді. Сондай-ақ биыл «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан ашылған әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының жұмысымен танысты.

Бүгінде бұл орталықта өз кәсібін ашқысы келетін және жеке ісін ашқан қыз-келіншектерге жеңілдікпен несие алу, бизнес-жобаларды жүзеге асыруда практикалық көмек беру, оқу бағдарламаларын ұйымдастыру, т.б. қолдау шаралары жүргізіледі.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауованың айтуынша, биыл осы орталыққа 323 әйел келіп, түрлі кеңес алған. Ал 35 әйел әртүрлі бағыттар бойынша оқу курсынан өткен.
— Әлеуметтік мәртебесі бойынша негізгі үлес көпбалалы аналарға, жастарға, аз қамтылған отбасыларға және еңбекке қабілетті мүгедектерге тиесілі. Жас санаты бойынша бұл орталыққа 30-дан 49 жасқа дейінгі әйелдер көп жүгінеді. Орталықтың миссиясы — әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, сол арқылы экономикамыздың дамуына үлес қосу, сондай-ақ қосымша жұмыс орындарын құру, — деді Дана Бекбауова.
Жұмыс сапарының соңында Әлібек Қуантыров ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жұмысымен танысып, мекеме қызметкерлерімен тілдесті.
Бүгін облыс тұрғындарымен, кәсіпкерлермен кездестім. Олар белсенді түрде өз сауал-ұсыныстарын айтты. Кездесуде кәсіпкерлермен өзекті мәселелерді талқыладық, алдағы уақытта оларды шешу үшін біз өзге де министрліктермен бірлесе жұмыс істейтін боламыз.
Жалпы Ақтөбе облысы кәсіпкерлік саласын дамытуда алдыңғы орында тұр. Оның ішінде «Даму» қорының жобалары мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда өңірдің үлесі мол, — деді министр БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Айбек СЕРІКҰЛЫ,
Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button