Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Ақтөбеде жолдар мен аулалар жөнделіп жатыр

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласында жөнделіп жатқан жолдар мен аулаларды қарап, инженерлік коммуникациялар тарту жұмыстарымен танысты.

Облыс әкімі алдымен қала сыртында орналасқан Шығыс-1 тұрғын үй алабындағы инженерлік коммуникациялардың құрылысымен танысты.

Биыл бұл тұрғын үй алабындағы 1612 жер телімі газбен және электр желісімен қамтылуға тиіс. Бүгінде бұл жұмыстардың 50 пайызы орындалған. Атап айтсақ, мұнда екі мың электр желісін тарату бөрене орнатылып, 900 жарық шамы қондырылған.

— Қалған жұмыстар осы жылдың қазан айына дейін аяқталуы керек. Қазір үзіліссіз жұмыс істеп жатырмыз. Бөренелер мен жарық шамдарды орнаттық, енді кабель тартып жатырмыз, — дейді «Ерзат» өндірістік кооперативінің шебері Артур Әліқұлов.

Инженерлік коммуникациялар тарту жұмыстарымен танысқан Оңдасын Оразалин мердігер мекеме өкілдеріне жобаны уақытында тапсыру керектігін ескертті.

— Алдымен тұрғын үйлер салынып, адамдар тұрып жатқан аумақтар коммуникациямен салқын түспей қамтамасыз етілу керек, — деді облыс әкімі.

Айта кету керек, қазіргі таңда Шығыс-1 тұрғын үй алабына су құбыры желілерін тарту жобасы да әзірленіп жатыр.

Жалпы бүгінде Ақтөбеде барлығы 53 тұрғын үй алабы бар. Оның ішінде 39-ы газбен, 38-і электр энергиясымен, 27-сі ауызсумен қамтылған. Қазіргі таңда 7 тұрғын үй алабын газбен, 10 тұрғын үй алабын жарықпен, 3 тұрғын үй алабын сумен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Байтұрсын Өксікбаевтың айтуынша, келер жылдың соңына дейін барлық тұрғын үй алабы газбен және жарықпен қамтылады, ал сумен қамтамасыз етуде бірқатар мәселелер бар.

— Бұл тұрғын алабының бір бөлігі азаматтарға мемлекет тарапынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген. Қазіргі таңда оларды газбен, сумен, жарықпен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осылардың ішінде 15 тұрғын алабын сумен қамту үшін бүгінде «Сарыбұлақ-Моисеевка» жер асты су қорын игеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба жүзеге асырылса, ауызсу мәселесі шешіледі, – дейді ол.

Бұдан кейін облыс әкімі қаланың ескі бөлігіндегі, атап айтсақ, Матросов, Шернияз көшелерінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін сырлау жұмыстарын да қарап шықты.

Қазір бұл үйлерді мердігер ұйым — «Ореон» ЖШС сырлап жатыр. Барлық жұмыстар қараша айына дейін аяқталады.

«Ореон» ЖШС инженері Нұрсұлтан Битілеуовтің айтуынша, сырлау жұмыстары шілде айында басталған. Қазіргі таңда қаланың ескі бөлігіндегі 13 тұрғын үй сырланған. Қараша айына дейін бұл аумақтағы 40 үйді сырлау жұмыстары аяқталуы керек.

— Биыл да қаламыздағы ескі үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен жылы Тұрғын үй қалашығы ауданындағы ескі үйлердің қасбеті қалпына келтірілген болатын. Бұл — қаламызды көркейту үшін жасалып жатқан жұмыстардың бір бөлігі. Бұл жұмыстарға тұрғындар да атсалысып, өз ұсыныстарын айтып жатыр. Алдағы уақытта «Қазхром» компаниясы меморандум аясында Тұрғын үй қалашығындағы үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын әрі қарай жалғастыратын болады, — деді облыс әкімі.

Әрі қарай облыс басшысы бастаған топ Батыс-2 ауданында салынып жатқан жолдардың құрылысымен танысты.

Бұл ауданда Тәуелсіздік даңғылын 8 жолаққа және Мұстафа Шоқай атындағы көшені 6 жолаққа дейін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба құны — 1 833 511, 853 мың теңге. Мердігер ұйым — «Ассана-ДорСтрой» ЖШС.

— Тәуелсіздік даңғылында жалпы ұзындығы 2,3 шақырым жол салынады. Барлық жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Қазір біз балалар мен ата-аналардың осы аумақта орналасқан мектеп пен балабақшаға баруын қиындатпау үшін Молдағұлова көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейінгі жолдарды тамыз айының соңына дейін ашу мақсатында үзіліссіз жұмыс жасап жатырмыз. Ал қалпына келтіру жұмыстары келесі жылы аяқталады. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықтандыру бағандарын орнату да осы жобада қарастырылған, — дейді «Ассана-ДорСтрой» ЖШС учаске басшысы Бақытжан Ізтілеуов.

Биыл Ақтөбе қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, оларға асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, қазіргі таңда «Ремгорстрой» ЖШС  ағайынды Жұбановтар көшесі бойында орналасқан алты үйдің ауласын абаттандыру және асфальт төсеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қазір біз аулалардағы ескі бордерлерді алып, олардың орнына жаңасын салып жатырмыз. Сондай-ақ тұрғындардың ұсынысын ескере отырып, алдағы уақытта тротуарлар мен көлік тұрақтарын да орнатамыз. Осы айдың аяғына дейін барлық жұмыстар аяқталады, — дейді «Ремгорстрой» ЖШС шебері Бекет Ділманов.

Облыс әкімі мердігер ұйым өкілдеріне барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтауды, аулаларды абаттандыруда тұрғындардың пікірімен санасуды тапсырды.

Бұдан соң Оңдасын Оразалин Есет батыр көшесінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен танысты.

Жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйым — «Нұрлы жол-7» ЖШС директорының орынбасары Ұлан Жақсыбаевтың айтуынша, Есет батыр көшесінің бір бөлігін (Ватутин көшесінен Абай даңғылына дейінгі жол учаскесі) асфальттау жұмыстары тамыз айының аяғына дейін аяқталады. Ал жолдың Абай даңғылынан Ә.Молдағұлова даңғылына дейінгі бөлігі келер жылы жөнделеді.

Жалпы жобаның құны — 736 995,4 мың теңге. Жолдың ұзындығы — 3,7 шақырым. Биыл жол бөлігінің жартысы ғана жөнделеді. Ал қалған бөлігі, атап айтсақ, Абай даңғылынан Молдағұлова даңғылына дейінгі бөлігін жөндеу келер жылы жалғасады. Себебі жол жөндеуде техникалық кедергілер көп, бордерлердің бәрін ауыстыру керек, — дейді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button