Экономика

Банк кәсіпкерлікті қолдайды

«Бизнестің жол картасы – 2020»

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының негізгі бағыттарын жүзеге асыру барысында жаңа бизнес-бастамаларға қолдау көрсету, кәсіпкерлік секторын сауықтыру, кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін мүмкіндігінше азайту жолдары қарастырылған. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті несиелендіру бойынша өзара тиімділік пен серіктестікті негіз етіп алған ұзақ мерзімді жобалар дайындау мен оларды жүзеге асыру, әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды іске қосу да күн тәртібіне ұсынылды.

Өткен аптада «Альянс Банкі» АҚ Ақтөбе филиалы өткізген «Ашық есік күні» негізінен осы мақсатты кеңінен өмірге енгізу бағдарын ұстанды. Кәсіпкерлер мен әлеуетті клиенттердің осы ортадан бой көрсетуі, біздің бағамдауымызша, екіжақты ынтымақтастыққа ұмтылысты сездіргендей еді. Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімі мен «Даму» қоры өкілдерінің де бұл істе белсенділік танытуы ортақ идеяны өрістету, яғни мемлекеттік саясатты бірлесе жүзеге асыру нышанының көрінісі болды.

— Егер де «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асырушы екінші деңгейдегі банкілеріміз мұндай қадамдарға батыл араласа бастаса, біз оларға тек қана қолдау білдіреміз,— дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Анар Дәржанова. — Өйткені бүгінгі күні Елбасымыз ерекше назар аударып, қолдау көрсетіп отырған кәсіпкерліктің шын мәнінде дамуы бір жағынан банкілермен ынтымақтаса жұмыс істеуге де байланысты. Осындай бірігулер ғана бізге табыс әкеледі.

«Альянс Банкі» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Гүлмира Жолаева өздерінің осында жиналған тұрақты клиенттеріне алдағы бағыттар туралы айқын әңгімелеп берді.

— Бүгінгі күні аталған бағдарлама бойынша екі жоба қаржыландырылды, — деді ол. — Сондай-ақ 400 миллион теңге шамасындағы бірнеше жоба қарастырылу үстінде.

Кәсіпкерлерді «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттары көбірек қызықтыратыны байқалды. Сондықтан да «Даму» қорының Ақтөбе облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Жеделбек Мырзағалиев осы тақырып төңірегінде байыпты сараптама жасады. Ол көпшілікке пайыздық тұжырымдаманы қаржыландыру шарттары мен механизмдерін түсіндірді, сонымен бірге сол жүйе аясындағы банк несиелері бойынша кепілдіктер ұсыну жайын әңгімеледі. Аталған бағдарламаның тағы бір бағыты — «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» тұрғысындағы мемлекеттік қолдау шаралары да жүйелеп айтылды.

«Ашық есік күнінде» кәсіпкерлер өздерін мазалаған сауалдар бойынша банк қызметкерлерінен дербес кеңестер алды.

«Даму» қорының аймақтық филиалының бас менеджері Берік Нұрғалиев бізге нақ осы күнге дейін облыс бойынша жалпы алғанда жеке кәсіпкерлік субъектілерінің 25 жобасы 5 797,8 миллион теңгеге несиелендіріліп отырғанын айтты. Сондай-ақ жүзеге асқан бір қадам — «Даму» қоры, қатысушы банктер, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілері арасында 4 493,5 миллион теңгеге пайыздық тұжырымдаманы қаржыландыру бойынша 19 үшжақты келісім жасалуы. Оның ішінде жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін азайту секілді маңызды бағыттар бар.

… Сонымен, банкілердің кәсіпкерлікті қолдауға қатысты және бір ілгері қадам жасағаны байқалды. Демек, бұл — мемлекеттік саясаттың нақты жүзеге асуының бір көрінісі болса керек.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button