Жаңалықтар

Аймұраттың әні қалды көңілде…

Өнер көгіндегі бір жарық жұлдыз кенеттен ағып түсті…
Ол алдағы қазан айында өзінің төртінші мүшел жасына толатын еді…
Біз әлі күнге сырын терең біле бермейтін осы бір кезең оны қапыда тосып алып, тұңғиығына тартып алып кете барды… 
Көпшілік құрметтейтін танымал сазгер, талантты әнші Аймұрат Мәжікбаев ортамыздан осылайша мәңгілік сапарына жол шекті дегенге, тіпті де сене алар емеспіз.

Аймұрат бауырымыз шын мәнінде өзгелерге ұқсай бермейтін, сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ішкі жан дүниесіндегі әсемдік әлемі соншалықты бай, шуағы мол жігіт болатын.
Ақтөбе жеріндегі қандай да бір салтанатты шара болмасын, Аймұрат Мәжікбаевтың қатысуынсыз өтпейтін. Ол өзінің жанға жағымды, жүрекке жылы әнімен ортаға шыққанда, тыңдарманы еріксіз елтіп, қуаныш құшағына бөленетін.
Аймұратты мен облыстық телекомпанияның директоры қызметін атқарған жылдарымда жақынырақ тани түстім. Ол біздің көптеген бағдарламаларымызға белсене қатысып, музыкалық жағынан көркемдеп, өзінің тың идеяларын енгізіп отыратын. Оның орындауындағы әндер телеарнаның алтын қорында ұзақ уақыт сақталары анық.
Аймұраттың сазгерлігі өз алдына бөлек әңгіменің тақырыбы десек те болады.
Әндерінің атаулары қандай еді — «Туған жер», «Ақтөбем», «Анашым», «Асыл аға», «Балапаным», «Мұғалжарым», «Бақытты бала» деп келетін туындылары оның жүрегінен шыққан шынайы махаббатын, сүйіспеншілігін білдіретін. Ал «Аққуым» деп аталатын әнін өнер майталманы Майра Мұхамедқызы мен есімі әлемге танымал жерлесіміз Димаш Құдайберген орындап жүр!
Жағымды жаңалықтардың, игілікті ізденістердің ұясына айналған, ақын Есенбай Дүйсенбаев жырлағандай, «Отауы болған ән-жырдың — Ақтөбе теледидары» шарықтап тұрған кезеңде «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының 50 жылдығына орай жазылған әнұранға айналған керемет туынды да оның шабытты шақтарының бірінде өмірге келген еді. Бұл әннің сөзін белгілі ақын Ертай Ашықбаев жазған болатын. Облыстық «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығында да ол осы басылымның әнұранын шығарды.
Аймұрат Ақтөбедегі талай той-думандарды жақсы әнімен жарқыратты, көптің ықыласына бөленді. Ол өз бойына біткен, тағдыры сыйлаған талантын ел игілігіне ұсына білді. Жұртшылық қаншама құрмет көрсетіп жатқанның өзінде кішіпейіл қалпын жоғалтпай, сыпайы ғана күлімсіреп тұратын…
Қайда жүрсе де туған өңірін, үлкен өмірге қанат қақтырған ауылын ұмытпайтын. «Мұғалжарым» деген әні сондай сағынышты сезімнің әсерімен дүниеге келген еді.
Арман қуып, асқанда белесіңнен,
Туған жерім, кетпейсің сен есімнен.
Аңсап келем өзіңді, Мұғалжарым,
Тауларыңды күн сүйген төбесінен,—
деген жүрек тебірентер жолдар талайдың көңілінен шығып, ән авторына қол соқтырған.
Олардың отбасында да бір, жарасымды үйлесім орныққан еді. Аймұраттың зайыбы Бибігүл Ерболатқызы көп жылдардан бері облыстық телеарнада диктор, шеф-редактор болып қызмет атқарып, көпшілікпен күн сайын эфирде жүздесіп, жылы, жайдары қалпымен жақсы жаңалықтар жеткізіп келеді, көптеген көкейкесті мәселелер қозғаған хабарлардың авторы, ал олардың Әлішері мен Әлиханы, олардың ортасындағы Перизаты ән әлдиімен көпті сүйсіндіріп жүргенін талай рет байқағанбыз. Тіпті Әлішері мектепте оқып жүріп облыстық телеарнада «Балдәурен» бағдарламасын жүргізуі, ең алдымен, ата-анасының, содан соң қалың көрермендерінің көз қуанышына айналғанын көрдік.
Кеше, асқар тау әкелерін мәңгілік сапарына шығарып салып тұрып, екі-ақ күн ішінде ерте есейген қос ұлының жанарынан ауыр мұң, сарқылмас сағыныш ізін байқағандай болдым. Олар үшін маңдайларынан сипап, жандарында жүретін әке қабіріне топырақ салу өмірдің қатал сынағы еді.
Ел-халқын өнерімен сүйсіндіріп өткен жақсы інімізді біз де алда талай іздерміз.
Ол шын мәнінде елдің баласы еді…
Аймұратының артында аңырап қалған асыл ана — Нәзипа апаның қайғысын қалың жұрты бірге көтерді…
Жадымызда сенің салған әсем әндерің жаңғырып тұра берері сөзсіз.
Қош бол, қимас іні Аймұрат!

Раукен ОТЫНШИН,
Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы,
ҚР мәдениет қайраткері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button