Мереке

«Сынып журналымен түгелдейміз бе?» (әліптеме)

Қос уысты толтырып, ірілі-ұсақты алшы тұрар асықты айтақырға шашып жіберген сәт есте ме?! Сонда асық біткен алысқа асыққандай, жан-жаққа жамырай қашып, бірін-бірі басып озып, алдағы белгісіз, жұмбақ әлемге жүгіріп кететін секілді еді ғой. Біз де солай — осыдан елу жыл бұрын алтын асықтай ұл мен қыз құм құшағындағы қоңыр төбел Жылтыр деген қазақ ауылындағы жылы ұямыздан қанат қағып — орта мектепті бітіріп, арман қуып, маржан тастай шашылып, жан-жаққа тарап кете бардық…

Бізге білім берген қасиетті қара шаңырақ — Шалқар атырабындағы бүгінгі Төлтай Шанов атындағы орта мектеп (Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы, мектеп есімін иеленген Төлтай ағай — бізді оқытқан ұстазымыз). Осыдан екі жыл бұрын 100 жылдығын атап өткен, бастауында шалқарлық ұстаздар ұрпағының алғашқы буыны тұратын байырғы білім ұясы. Алпыс жыл бұрын осы мектептің босағасынан аттап, Батыров Омар ағай оқытқан әліппенің бетін ашқан екенбіз.
Міне, бүгін мектеп бітіргенімізге жарты ғасыр толуына орай бас қосуға ниет етіп жатқан жайымыз бар. Кешегі оқушылардың ең кішісі — алпыстың алтауында. Алпыс жетінің жетегінде жүргендер бар; алпыс сегіздің сезімін сіңіргендер бар. Сол 31 оқушы бейнеленген ұжымдық суретімізді «Бәріміз бірге оқып ек…» деп атадық, «Ұмытылмас ұстаздар» деп мұғалімдеріміздің суретін жаңғырттық.
Әрине, бізді оқытқан ағайлар мен апайлардың қатары сиреп қалды; ал алда ағарып жүре берсін деп тілейтін көзі тірі ұстаздарымыз бізге марқұм болған ата-аналарымызды еске салады, солар алдымыздан шыққандай көрінеді; шәкірт-көңіл тосын толқып, баяғы балғын балалықтың ауылына, сабақ алған сыныбыңа оралғың кеп тұрады… Бүгінгі көңіл күйі ауаны осындай: әлдебір сағыныш… тәтті мұң… аңсау… еске  алу… — бәріміздің бойымызды билеп алған…


Жарты ғасырлық кезеңде сыныптастарымыздың қай-қайсысы да өмірден өз жолдарын, өз орындарын тапты; олар әр салада адал еңбек етіп, бүгінде сол еңбектің зейнетін көруде. Ұрпақ өсіріп, немере сүйіп, отбасының, бала-шағаның бақытына бөленіп отыр. Ұлы мен қызы үйленіп, өзара құда болып жатқан да осы сыныптастар.
Өмір бар жерде бәрі болады. Алланың жазуынан ешкім қашып құтылмайды. Тірнекті тіршіліктің тізгіні  мезгілсіз тартылып, ғұмыржол жетер жерге жеткізбей, арманда қалдырып кетеді кейде… Қазақтың батыр ұлы айтқандай, өткен жылдар ішінде «по нашим квадратам тоже били»…
Бершүгірдегі Кеңес (Жаманқұлов) досымыз жоқ бүгінде, кездесуге бәйбішесі Жұмагүл келетін шығар; Қандыағаштағы Арыстан (Дүйсебаев) досымыз жоқ бүгінде, жары Сәтина келетін шығар; Шалқардағы Зейнолла (Боранқұлов) досымыз жоқ бүгінде,  зайыбы Жұмабике келетін шығар; Шалқардағы Ақберген (Шоқанов) досымыз жоқ бүгінде, келіншегі Набат келетін шығар; Шалқардағы Байғали (Жиеналин) досымыз жоқ бүгінде,  қосағы Несібелі келетін шығар; Ақтөбедегі Темірбек (Ерниязов) досымыз жоқ бүгінде, зайыбы Айнагүл келетін шығар; Жылтырдағы Көбеген досымыз жоқ бүгінде, келіншегі Күләй келетін шығар; Аяққұмдағы Әбдіраш (Қуанышев) досымыз жоқ бүгінде, үйленіп те үлгермеп еді… Мөңке би ауылынан Қадиша (Іскендірова) келуі керек еді… Ембі жақтан Назымгүл (Көбентаева) келуі керек еді… Шетырғыз жерінен Әдиса (Оңғарбаева) келуі керек еді…
Жатқан жерлерің жаннатта болсын, қадірлі сыныптастар! Біз сендерді ұмытпаймыз, әрдайым дұғамызға қосып отырамыз. Бұл бас қосуға сендердің ұрпақтарың да келетіні бір қуантып тастады бізді. Кездесу қарсаңында Шалқардағы Ахметжан Қоңыратбаев, Есенгелді Бекмағамбетов, Өтеген Қиясов, Ғалымжан Раев бастаған бір топ жігіт марқұм болған сыныптастардың зиратына барып, тағзым етіп, сауапты іс тындырып қайтты. Алла артының жақсылығын берсін!
Ал біз бұйыртса, бүгін-ертең бас қосамыз деп отырмыз. Сыныптастардың бәрі де көңіл көзінің алдында — сол он алты-он жетідегі қыз бен жігіт қалпында… Жүрек толқулы, көкейде көп сұрақ: … (Алматыдан Амантай Смағұлов келді ме екен? Қызылордадағы қыздар ше? Айшуақ жақтан домбырасын көтеріп Нұрболат Жанаманов жеткен шығар? Кәсіпкер Кәдіров Еркін мырза, қалайсың? Біздің сыныптың Жылтырдағы «штабының» бастығы Өтеген мен Найманның қайсысы еді осы? Сағира, қыздар түгел келді ме? Қос Жұмагүл қайда? Екі Тәрбияның екеуі де бар ма? Есенгелді, тағы кімдер келеді?.. Ғалымжан мен Ғабит қайда?…).
Әнеки, төбе шашы тазарған, самай шашы ағарған бақытты батагөй аталар — біздің сыныптың кешегі сырбаз бозбалалары келе жатыр!
Әнеки, маң-маң басқан байсалды бәйбіше — ақылгөй әжелер — біздің сыныптың кешегі күлімкөз сұлулары келе жатыр!
…Айтпақшы, «класком» кім еді, сынып журналымен түгелдейміз бе?! Мектеп бітіргелі көрмегендеріміз бар — танымай қалып жүрмейік бір-бірімізді!

Серікқали БАЙМЕНШЕ,
филология ғылымдарының докторы,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Шалқар ауданының құрметті азаматы.
Нұр-Сұлтан-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button