Спорт

Ендігі үміт — қарымта кездесуде

  • Конференция Лигасы

Осының алдында өткен Конференция Лигасының екінші кезеңінен жанкүйерлер мол үміт күткен «Астана» мен «Қайрат» өте алмай қалғаны белгілі. Астаналықтар поляктардан жеңілсе (0:6), алматылықтарды венгриялық футболшылар тізе бүктірген (0:2).

Мына үшінші кезеңге «Тобылдың» өтуі (3:0), әрине, таңданарлық оқиға бола қойған жоқ. Өйткені Гибралтар елінің футболы әлі дамып жарытпағаны мәлім. Ал өз еліміздің чемпионатында 12-орында келе жатқан «Қызылжардың» хорваттарды, өздерінің мықтылығына сенімі аса зор болған «Осиекті» жолдан ысырып тастауы (3:2) күллі Еуропа үшін күтпеген сенсация болды.

                                                                             *   *   *

«Қызылжар» үшінші кезеңнің 4 тамызда өткен бірінші ойынын Кипрде өткізді. Жерлестерімізді қабылдаған «АПОЭЛ» аузымен құс тістеген аса озықтардың бірі болмаса да, Еуропа жанкүйерлеріне біршама таныс команда екені мәлім.
Кездесудің алғашқы минутынан бастап-ақ кипрліктер бірден шабуылға көшті және осы қимылды ойынның соңына дейін тоқтатқан жоқ. Ойын уақытының 73 пайызында доп қонақтардың аяғында жүруі осының нақты дәлелі. Ал жерлестерімізге талмай қорғануға тура келді. Және бас бапкер Али Алиевтің жігіттері бір гол ғана өткізіп алғаны болмаса, қорғанысты берік ұстады. Футболшыларға қақпашы Мирослав Лобанцев те мығым тірек бола білді. 13 рет бұрыштама доп соққан «АПОЭЛ» мұның бір де бірін пайдаға асыра алмады. «Қызылжардың» бойшаң жігіттері алаң иелеріне допты тіпті де бермей қойды.
Әрине, жергілікті жанкүйерлер дуылдай қолдап отырған сырт алаңда ойнаудың өзіндік қиындықтары болатыны белгілі. Сол себепті біздің жігіттеріміз Никосия стадионында еркін қимылдай алмады. Мысалы, біздің қақпамызға қарай 10 соққы жасаған қарсыластар қақпасына қарата біз еш соққы жасай алмадық, бізге бұрыштама доп соғу да бұйырмады.
Дегенмен келесі қарымта кездесу 11 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында өтетінін ескерсек, «Қызылжардың» бұл ретте басқаша тактикамен ойнайтынына сенгіміз келеді.
«АПОЭЛ» (Никосия, Кипр)-«Қызылжар» (Қазақстан) — 1:0.
Гол авторы: Георге Эфрем, 27-минут (0:1).
«Қызылжар» төменгі құрамда ойнады: Мирослав Лобанцев (қақпашы, капитан), Юрий Бушман, Матео Мужек (Тимур Мульдинов, 73-минут), Валерий Каршакевич, Марк Гурман, Еркін Тапалов, Жиан Мартинс, Мусса Коне, Пабло Подио (Евгений Козлов, 60-минут), Павел Яковлев (Олег Мурачёв, 60-минут), Элгуджа Лобжанидзе (Максим Чиканчи, 90+2 минут).
Бас бапкер — Али Алиев.

                                                                             *   *   *

Сол күні Мостар қаласында «Зриньски» командасымен өткен кездесуде «Тобыл» сырт алаңды аса өгейсіген жоқ, бірден-ақ әлсін-әлсін қарсыластар қақпасына қарай ұмтылумен болды. Рас, алаң иелері де қарап қалмайтыны мәлім. Ойын уақытының 47 пайызында доп қонақтардың аяғында жүрген бірінші таймда екі жағдай ерекше есте қалды. Алаң иелерінің капитаны Неманья Билбия 31-минутта «Тобылды» тұқыртып қойғысы келді ме, біздің айып алаңымызда өтірік құлап, симуляция жасағаны үшін дереу ескерту қағазын алса, тобылдық Серж Дебле тепкен доп, әттең, қарсыластар қақпасының маңдайшасына тиіп, кері серпілді.
Екінші таймның басында, 55-минутта екінші рет ескерту қағазын алған мостарлық футболшы Йосип Чорлука алаңнан қуылды. Бірақ бұл «Тобылға» еш пайда әкелмеді. Өйткені 76-минутта азшылықта жүрген «Зриньсканың» басқа бір футболшысы Нико Янкович бұрыштама допты асқан шеберлікпен тура қақпаның «тоғыздығына» бағыттап, тамаша гол соғып кетті. Ал 84-минутта Жарко Томашевичтің төрешіге аса дөрекі мінез көрсеткені үшін алаңнан қуылуы «Тобыл» үшін тағы бір соққы болды.
Дегенмен бұл ойында «Зриньска» командасының «Тобылдан» асып бара жатқан ештеңесі жоқтығы байқалып тұрды.
Ендігі үміт — 11 тамызда Қостанай қаласында өтетін қарымта кездесуде.
«Зриньски» (Босния және Герцеговиня)- «Тобыл» (Қазақстан) — 1:0.
Гол авторы: Нико Янкович, 76-минут (1:0).
«Тобыл» төмендегі құрамда ойнады: Александр Мокин, қақпашы, Алекса Аманович, Жарко Томашевич, Александр Марочкин, Сергей Малый (Жаслан Жұмашев, 77-минут), Самат Жарынбетов, Душан Йованчич, Асхат Тағыберген, Серикжан Мужиков, капитан (Мильян Вукадинович, 66-минут), Серж Дебле (Айбар Жақсылықов, 70-минут), Зоран Тошич.
Бас бапкер — Милан Миланович.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button