Білім

Қаржы ұлғайды, ғимараттар көбейді

Жұма күні облыстық білім басқармасының бастығы Айгүл Арынғазиева баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Айгүл Аманғазықызы білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыста атқарылған жұмыстарға қорытынды жасап, 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламадағы міндеттер туралы баяндады. Сондай-ақ  «Балапан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы әңгімеледі.

2005-2010 жылдары облыстағы білім беру жүйесін дамытудың негізгі көрсеткіштері айтарлықтай өскен. Мысалы, 2005 жылы білім беру саласына 10,3 млрд. теңге  қаржы бөлінсе, былтырғы бөлінген қаржы — 36,1 млрд. теңге. 5 жыл ішінде заман талабына сай салынған 42 білім беру мекемесі пайдалануға берілді.

Жалпы білім беретін мектептердің 36,6 пайызы жаңа үлгідегі кабинеттермен жабдықталған. Оқушылардың компьютерді қолдану мүмкіндігі жыл сайын артып келеді. Облыстағы 454 мектептің барлығында да компьютерлер интернет желісіне қосылған.

Ұлттық бірыңғай тестілеу түлектердің білім сапасын анықтайды. Жыл өткен сайын тестілеуге дайындық күшейтіліп жатыр. Соның нәтижесінде, былтыр орташа көрсеткіш  — 83,8 балл болды. Биылғы мектеп бітірушілер бұл көрсеткіштен артық ұпай жинамаса, кем жинамайды деп ойлаймыз, — дейді облыстық білім басқармасының бастығы Айгүл Арынғазиева. Оның айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру саласында да ілгерілеушілік бар. Облыста бұрын 35 колледж бен кәсіптік лицей бар болатын. Қазір олардың саны — 41.

Облыстық білім басқармасының бастығы жиын барысында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы да айтты. Бағдарламаның негізгі мақсаты  — экономиканың орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бағдарлама екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезең 2011-2015 жылдарды, екінші кезең 2016-2020 жылдарды қамтиды. Айгүл Аманғазықызы бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленгендігін айтты. Облыстық білім басқармасының бастығы «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысына да тоқталды.

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен  қамту бойынша біздің облыс Қостанайдан кейінгі кезекте тұр. Бұл мақтануға тұрарлық жағдай. Соңғы 5 жылдың өзінде облыста  375 мектепке дейінгі балалар ұйымы ашылды. Қазір облыс бойынша  477 балабақша мен шағын орталық бар. Онда тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің саны — 34 240. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда балабақшалар мен шағын орталықтар 101 бірлікке көбейді, — дейді Айгүл Аманғазықызы.

Былтырдың өзінде 3968 орынға арналған 86 мектепке дейінгі тәрбие мекемесі ашылыпты. Оның ішінде, жергілікті және жекеменшік инвестиция есебінен 4 балабақша салынған. Бұрын балабақшаның ғимараты болған 6 мекеме қайтарылып, пайдалануға беріліпті. Ал 22 балабақша басқа ғимараттарды қайта құру есебінен ашылған екен. Нәтижесінде, бүлдіршіндердің 85,6 пайызы балабақшаларда тәрбиеленіп жатыр. Айта кету керек, биыл облыс бойынша 25 мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылады екен. Қазірдің өзінде оның 3-еуі пайдалануға берілген.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button