Ауыл

Сапалы өнім, қолжетімді баға

  • Жәрмеңке

Ойыл ауданында байырғы Көкжар жәрмеңкесінің сауда қатарларында алғашқы жазғы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеге атауы айтып тұрғандай, кәсіпкерлер ауылдың таза өнімдерін әкелді. Әрине, тары-талқан, құрт-ірімшік, сары май мен қаймақ секілді ұлттық тағамдар ойылдықтар үшін таңсық емес. Дегенмен аудан орталығында бұл өнімдер тұтынушы үшін кез келген уақытта табыла бермеуі мүмкін. Сондықтан кәсіпкер мен тұтынушының тікелей сауда жасауы үшін арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкенің маңызы зор.

Жәрмеңкеде семіз сиыр мен жылқы етінің бір келісі 2000-2200 теңгеден ұсынылса, 18-20 келі тартатын бағлан марқаның еті де тұтынушысын тез тапты. Дәстүрлі емес кәсіптің өнімін іздегендер үшін қаз-үйректің еті де бар. Арзан көкөніс те осы жәрмеңкеге арнайы әкелінді. Қоспасы жоқ шұбат пен қымызды да іздеушілер көп екені байқалды.

Ал арзан мал азығы өнімдері селоның сыртындағы арнаулы алаңда ұсынылды.

Жәрмеңкені аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әнмен әрлеп, келушілерге әсерлі көңіл күй сыйлады.

Жалпы жәрмеңкеге бір ірі қара мен жылқы еті және бес қой еті әкелінді. Кәсіпкерлер ойылдықтарды сүт өнімдері мен тары-талқанға да қарқ қылды. Барлығы 200 келі сүттен жасалған тағамдар мен 100 келі тары-талқан жәрмеңке сөресіне қойылды. Бір тонна көкөніс те тұтынушыларға ұсынылды. 3800 бума шөпті ойылдықтар бір сағаттың ішінде алып үлгерді.

Жәрмеңке ұйымдастыру біріншіден, өңірлік тауар өндірушілердің өнімін өткізудің тиімді тәсілі болса, екіншіден, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға септігін тигізері анық.

С.ХАМЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button