Жаңалықтар

Шахмат турнирі өтті

  • Сайыс

«Геолог» Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ардагерлер арасында «Шахардың шахматшы патшалары» атты шахматтан турнир өтті. Кеше осы турнирдің қорытындысы аясында Алматы ауданы әкімдігінде ардагерлерге арналған кабинет ашылды.

Аталған шахмат турниріне 20-дан астам ардагер қатысып, өзара бақ сынады. Нәтижесінде 1-орынды У.Тоғысов жеңіп алса, 2-орынды Ж.Мышанов, 3-орынды Қ.Әлбақасов пен Б.Палуаниязов иеленді.

Жеңімпаздар дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен, ал турнирге қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.

Ардагерлердің бас қосып, пікір алмасып, шахмат ойнауы үшін жасақталған кабинеттің ашылуында Алматы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеткерген Қабыл аталған шараны ұйымдастырған «Геолог» Мәдениет үйінің әдіскері Бибігүл Ақжігітова мен турнирде төрелік еткен Ерболат Бердібековке алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ шарада Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов ардагерлерге қолдау көрсетіп, түрлі іс-шара өткізіп жүрген мекеме қызметкері Бибігүл Ақжігітоваға қала әкімі Асхат Шахаровтың атынан Алғыс хат табыс етті.

— Еңбегімді елеп, құрмет көрсетіп жатқан қала басшылығына  ризашылығымды білдіремін. Бұл турнирді біз 10 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеміз. Былтыр шахмат турнирі ардагерлер мен жастар арасында өтсе, биыл бұл жарысқа 20 ардагеріміз қатысты.

Бүгінде «Геолог» Мәдениет үйінде ардагерлерге арналған шахмат клубы жұмыс істейді. Оның құрамында жиырмадан астам ардагер бар. Олар осы клубқа келіп бас қосып, шахмат ойнайды, пікір алмасып, естеліктерімен бөліседі. Жалпы біздің мекемеде ардагерлерге ерекше көңіл бөлінеді, — дейді «Геолог» Мәдениет үйінің әдіскері Б.Ақжігітова.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button