АуылБасты жаңалықтар

Баға бекітілді, шабындық жеткілікті

  • Мал азығы

Барыс жылы — ырыс жылы болғалы тұр. Өйткені биыл табиғат мырзалық танытты. Қыстың қары аса мол жаумағанымен, тоң түсіп, соңғы 5 жылда болмаған су тасыды. Кеуіп, тартылып қалған көл табандарына су барып, арнасы толды. Көктем шыққалы жауын-шашын жиі жауып, жердің ылғалы 2 метрге дейін тереңдеді. Көк көтеріліп, жайылым отты болды. Әне-міне дегенше  жаздың соңғы айына да аяқ бастық. Ендеше, биылғы мал азығын дайындау науқаны қалай жүріп жатқанын бақылап көрсек…

Таң суыйтын тамыз тынымсыз тірліктің айы. Шілденің ортасынан бастап мал азығын дайындау науқаны басталып кетті. Шаруалар шабындыққа шалғыларын салып, бумалап сата бастады. Шабындықтың шығымына қарап биыл шөп арзандайды деген үміт те болғаны рас. Алайда  былтырғы бағаны ұстап қалсақ, соның өзі тұрғындар үшін біраз жеңілдік болар еді.
Биыл облыс бойынша 2752 тонна шөп дайындау жоспарланған. Бір жарым жылға қажетті мал азығының 50 пайыздан астамы дайындалған. Облыста шөп түсуге тиіс 40 мыңнан астам аула бар. Биылғы шөп дайындау науқанына  1599 шөп дайындау бригадасы түсті. Екі мыңнан астам тракторды қосқанда 10 мыңдай техника бірлігі жұмылдырылған.
Қазір қырда да, көл табанында да шөптің шығымы өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Барлық аудан шөп бағасын бекітіп алды. Облыс бойынша бір буманың (тюк) бағасы 500 теңге болса, бір орама (руллон) 5 мың теңгеге белгіленді. Сиыр жылының қысы қатты қыспағанымен оның алдындағы тышқан жылының кібісесін тұрғындар ұмытқан жоқ. Былтыр да құрғақшылықтан шабындық болмай, өзге аудандардан сатып алуға тура келген ауылдар бар. Біз кері байланыс жасап, ең бірінші сол ауылдардың қазіргі жағдайын, әрекеттерін білуге тырыстық.
«Жеті күн жауған жаңбырдан, желіп өткен су артық» дегендей  көл табандары көктемгі қар суымен толған Ойыл ауданы биыл мал азығын сырттан сатып алмайды. Мал азығын көбіне көлдің шөбіне жеңдіретін ойылдық шаруалардың көңілі жайлы. Соңғы 3-4 жылдан бері Қобда ауданынан мал азығын тасыған Көптоғай ауылдық округі биыл шөптен таршылық көрмейді.
— Көл табанына су шыққандықтан биыл ондағы шабындықтың шығымы жақсы. Көлдегі шабындықты жаздай жылқылардан қорыдық. Ол үшін ақылы қоғамдық жұмыспен 6 адамды мал қайыруға ұстадым. Шөп көлде де, қырда да жетеді. Шөп сатушылар мен сатып алушылар арасында келісім жасалды. Көл шөбінің 1 бумасы 400 теңге болса, қыр шөбі одан 100 теңгеге қымбат. Өткен жылы баға 600-700 теңгеге дейін барды. Осы жылы мал азығы тұрақтанады. Шөп шабатын шаруашылықтар да көптеп келе бастады. Шөп шабатындарға әкімшіліктің жерінен шабындық бердік. Әуелі ауламызды толтырып, артылғанын көрші облыстарға сату мүмкіндігіміз бар, — дейді Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ерлан Асылбаев.
Ойыл ауданының барлық округтерінде тап осындай жағдай.
Жеріне шөп шықпай, шаруа қожалықтары басқа өңірге көшуге мәжбүр болған Бозой ауылдық округінің де өрісіне биыл қан жүгіріпті.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл малымыз күйлі. Демек, жайылым да жақсы. Ауылды мал азығымен қамтамасыз ететін екі шаруа қожалығы былтырғыдай Байғанин ауданының Доңызтау аумағынан дайындай береді. Қазір ауылға тасып жатыр. Үстіртте де, құмда да өріс отты. Жылқы малы қыста үстіртке шығып кетеді. Бізде қотырқара (баялыш) деген шөп бар. Өте сирек кездеседі. Биыл сол шөп көп шықты. Өткен жылдардағы қыста малымыз сол шөпті қаужап аман қалды, — дейді Бозой ауылдық округінің әкімі Жасұлан Жұбаназаров.
Ал Ырғыз ауданында мал азығы биыл 100 теңгеге қымбаттаған. Ырғыздық шаруалардың айтуынша, шабындық жақсы шыққанымен мал азығын дайындауда өзге де шығындардың бәсі көтеріліп тұр. Шабындықтың қашықтығы мен тасымал қызметі, автоқосалқы бөлшектер, шөп буатын жіп, жанармайдың қымбатшылығын қоссақ шөп сатушыларға қарсы уәж айту артық.
Оның үстіне тракторшылардың, жұмысшылардың жалақысы да көтерілген.
— Ауданда мал азығы науқаны қарқынды жүріп жатыр. Шөп алудан Құмтоғай, Қызылжар ауылының тұрғындары алда келеді. Себебі былтыр осы екі ауыл мал азығынан біраз тапшылық көрді. Тұрғындармен де, шаруа қожалық басшыларымен де кездестік. Шөп сатушылар ортақ келісімге келді. Шөптің бумасын тығыздау етіп, салмақты етіп дайындайтын болды. Сонда сатып алушылар да ұтылмайды, — дейді Ырғыз аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлім басшысының міндетін атқарушы Есет Молыбаев.

Шөп алдыңыз ба?

Ауласындағы азын-аулақ малына азық дайындау науқаны жеке тұрғындар үшін біраз қарбалас. Алда жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы да тақап қалды. Балалардың киімі, оқу құралдарын да үйлестіру бір шаруа. Сондықтан бірі оған дейін аулаларын шөпке толтырып алуға тырысса, кейбірі балаларын мектепке жібергенннен кейін барып қимылдай бастайды. Ауыл әкімдері тұрғындарды асықтырғанымен, бәрі де қалтаға қарайды. Сондықтан шаруа қожалықтары мал азығын дайындауға кеткен шығынды жабу үшін көрші облыстарға сатуға мәжбүр болады. Қазірдің өзінде Шалқар ауданының шабындығына көрші Қызылорда облысының Арал ауданы қызығып отыр. Ішінара шөп саудасы да жүріп жатыр. Шөпті сыртқа әзір сатпау керек, дегенмен жергілікті тұрғындар алып болмаса, дайын «клиентке» бермеске тағы болмайды. Осы уақыттарда шөп бизнесін беске білетіндер екі ортада біраз пайда көріп қалады. Көлігі барлар шабындық басынан тиеп алса, онда арзандау болады. Оны көрші облыстарға сатса біраз пұл болары анық. Сол себепті аудан, ауыл әкімдері тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізіп жар құлағы жастыққа тимей жүреді.
Қалай болғанда да биыл дүрлігудің керегі жоқ. Облыстың шабындығы бар. Бірақ арқаны кеңге салуға тағы болмайды. Алғашқы шабылған көк майса шөптен алып қалуға тырысқандар қазірден бастап тапсырыс бере бастайды. Күзге қалсаңыз малыңыз қыстай сарғайған шөп жеп шығуы мүмкін.
Шөп шабушылардың айтуынша, биыл ылғал мол болып, жақсы көтерілгенімен шабындықтың шөбі сұйықтау. Қаумалардың арасы да сиректеу. Бірақ шөп бар. Бір қызығы, бірнеше жылдан бері жоғалып кеткен шөп түрлері де өскен. Бұрын өспеген өсімдіктің түрлері де бой көтеріпті. Бұл қуанарлық жағдай.
Отты жерге жайылып, қардың тасыған суымен тазарған өзен-көлдерден су ішкен түлік атаулы қысқа күйлі түсетін түрі бар.
Шөп бағасы былтырғы құнын сақтайды. Мал азығын дайындауға арзандатылған жанармай берілмейді. Литрі 184 теңгеден сатылатын жанармай тек егіс салған шаруаларға тиесілі. Бірақ мал азығын дайындағандарға субсидия беріледі. Ол үшін 50 бас аналық ірі қарадан асуы керек. Мұнда әр сиырға 30 мың теңгеден төлейді. Жылқыңыздың аналығы 50-ден асса әр биеге 20 мың теңгеден, ал түйеге 25 мың теңгеден есептеледі. Қораңыздағы аналық қойдың саны 300-ден асса, әрқайсысына 5 мың теңгеден субсидия бар.
Егер арзандатылған жанармай артылып жатса, мал азығын дайындаған шаруаларға берілуі мүмкін, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мереке Бисенбин.
Сонымен, облыстағы мал азығын дайындау науқаны ойдағыдай жүріп жатыр.
Былтырғыдай емес, шөп сатушылар да, сатып алушылар да жанталаспайды. Облысты толық қамтуға 100 пайыз мүмкіндік бар. Көрші облыстарға да сатып, дала шөбінің пайдасын көруге болады.
Мал азығына қосымша арпа, бидайдың да шығымы жақсы. Шаруалардың қолдан еккен көпжылдық, біржылдық өсімдіктері де екі бітік шыққан. Әзірге жем бағасын болжау мүмкін болмай тұр. Егістік өнімдерінің құны қырман уақытында белгілі болмақ.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button