Кәсіп

Сағынтай ұсынған саумал

  • Кәсіп

Жылқы жануарының саумалы сан ауруға ем. Мұны ата-бабаларымыз ежелден білген. Әсіресе, пандемия кезеңінде ұмытылып бара жатқан ұлттық сусынымыз — қымыздың қадірі артты. Шындығында соңғы кездері еліміздің әр өңірінде саумалды дәріптеушілердің қатары артып келеді.

Қарғалы ауданында Орск-Ақтөбе күре жолының бойында орналасқан «Адал» дәмханасы бие байлап, сауып, тұрғындарға саумал ұсынып отыр. Дәстүрлі шаруаны қолға алған дәмхана басшысы Сағынтай Шалтақовпен әңгімелескен едік.

— Әке-шешем Қарғалы ауданындағы Степной ауылына қоныс аударып, осында оқып-өстім. Әскери борышымды өтеп келіп, осы ауылда еңбек ете жүріп, Қарағандыдағы кооператив институтын бітірдім. 1990 жылдары аудандық тұтынушылар одағының төрағасы қызметін атқардым. Елдегі түбегейлі өзгерістерге байланысты сауда орындары жекеге өтіп, жұмыстың ыңғайы болмағасын 1994 жылдары Ақтөбе қаласына қоныс аударып, шағын «Адал» дүкенін аштым. Сөз арасында айта кетейін бала күнімнен адалдықты ұнатамын. Ол дүкен әлі күнге дейін жұмыс жасап тұр. Содан ауыл өзіне тартып, маза бермегесін 2004 жылы Қосестек ауылдық округіне қарасты Шаншар ауылына көшіп келіп, жылқы өсіруді қолға алдым. Екі үйір жылқым бар. Санын айтып, қайтемін, жастайымнан жылқы малын жақын тартқан мен үшін жылқының бабын табу қиын болмады. Шаруашылық жүре бастағасын, бір ой маза бермеді. Кітаптардан оқып, танысып, біздің ауданда әлі дами қоймаған саумал терапиясын қолға алуға тәуекел еттім. Малды сатып, 2015 жылы осы ғимаратты тұрғыздым. 2016 жылдан бастап жолаушылар тамақтанатын дәмхана аштық, бертін келе саумалмен айналыса бастадық. Бұған дейін тұшпара, манты, бүйіріне тартылған ет тығылған бұрыш секілді жартылай дайын өнімдерді сұраныспен дайындап жүрдік. Кафенің аты айтып тұрғандай, бізде бәрі адал, таза, ішімдік атымен жоқ, көбін қолдан өз аспаздарымыз дайындап, сапасына көңіл бөледі. Қандай кәсіппен айналыссақ та адал нәпақа тауып, көпшіліктің көңілінен шығу —  басты міндет. Жұмысшыларымнан да адалдықты талап етемін. Бұны бекерге айтып, отырған жоқпын. 20 жылдан бері бес уақыт намазды қаза қылмай оқып келемін. «Еңбегіміз адал болсын» деген қағиданы ұстанамыз, — дейді кәсіпкер Сағынтай Нағашыбайұлы.

Жол бойында орналасқан екі қабатты шағын дәмхананың жоғары жағында үш адамдық екі бөлме бар. Жуынатын гигиеналық жағдай толық қарастырылған, төменде асхана, сыртта көлеңкелі демалатын орын бар. Қыдырып серуендеймін дегендерге тал-терек — іргеде, қаладағыдай шу жоқ, айнала тыныштық. Үш мезгіл ас мәзірі, бес мезгіл саумал терапиясын есептегенде тәулігіне 10 мың теңгеге 3 күн мен 10 күн аралығында демалуға болады.

Қазір қолда 5 сауын бие бар, оларды 4  мезгіл сауатын үш сауыншымыз бар. Олардан бөлек тағы 4 жұмысшы еңбек етеді. Біздің шаруашылықта саумал емделушілерге жаңа сауған бойда беріледі. Саумалды сол бойда ішкеннің пайдасы зор екені ертеден белгілі. Әлемді әбігерге салған пандемияда жөтелген жұрттың бәрі қымыз, оның ішінде саумал іздеп әлек болды. Саумалдың емдік қасиетін менсіз де дәрігерлер айтып түсіндіруден кенде емес. Біздің кәсіп — сол киелі сусынды сапалы дайындау. Қазір қал-қадірімізше аз да болса келушілердің көңілінен шығуға көңіл бөлеміз. Саумал терапиясының құдіретін ауылдастарыма көрсетіп, үлкендердің батасын алып, жастарға үлгі боларлық өнеге қалдырсам еңбегімнің жанғаны деп білемін, — дейді жылқы жануарын ерекше жақсы көретін кейіпкерім.

Сағынтай Нағашыбайұлының шаңырағында алты бала өсіп келеді. Немере, шөберелерінің шаттығына кенеліп отырған, сексеннің сеңгірінен асқан ата-анасы да бар.

«Арық айтып, семіз шыққанды» тәуір көретін кәсіпкер алдағы уақытта кәсіп аясын кеңейтуді ойлайды. Әуелі сауын бие санын көбейтіп, сосын балалар демалыс алаңын салуды да жоспарлап отыр.

Бақыт ИМАШЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button