Басты жаңалықтарӘлеумет

Ескі дүниелерді жинаған ерекше дүкен

Бүгінгі күн — ертеңгі тарих. Сол сияқты қайта оралмас күндердің белгісіндей болған заттарға, яғни антиквариатқа қай кезде де сұраныс бар. Дүниежүзі бойынша ұдайы ұйымдастырылатын аукциондар, сирек кездесетін тауарларды сататын дүкендер желісі, интернет-сауда бұл сөзімізге дәлел бола алады.
Көненің көзін іздеушілер біздің өңірде де аз емес. Ақтөбелік Наталья Тимершина бұны бизнеске айналдырып, бүгінгі таңда көршілес облыстарда антиквариат дүкендерін ашып үлгерген. Байырғы бұйымдарды қабылдап және сатумен айналысатын ерекше кәсіп иесімен тілдескен едік.

 

Тиыннан бастап өнер туындысына дейін…

Антиквариаттарды сату Еуропа елдерінде айтарлықтай дамыған. Түрлі дәстүрлі жиындар, коллекционерлердің бір-бірімен байланысы, ортақ интернет-форумдар мұнда кәдімгідей жолға қойылған. Жалпы, АҚШ-та 1830 жылға дейін жарық көрген заттар антиквариатқа жатқызылса, Канадада бұл санатқа 1847 жылға дейін шығарылған сирек кездесетін дүниелер кіреді екен. Ал көршілес Ресейде 100 жылдан астам тарихы бар жәдігерлер — мемлекеттің ерекше қорғауында. Бұлар елден шығарылмайды. Көптеген елде шыққанына 60 жылдан асқан бұйымдар көненің көзі болып есептеледі және бұларға қатысты арнайы заң жоқ. Қазақстан да сол қатарда…
Негізінен антиквариатқа ертеректе шығарылған ыдыс-аяқтар, үйге қажетті тұрмыстық заттар, баспа материалдары — кітаптар мен газет-журналдар, түрлі техникалар, кәдесыйлар, зергерлік бұйымдар, құнды қағаздар, жалпы ежелгі заттар жатады. Соның ішінде сирек кездесетіні, атақты адамдардың қолданған дүниесі, бағалы металдардан жасалғандары қымбат бағаланады және әрдайым сұраныста.
Шетелдегідей болмағанмен, Қазақстанда да осы бизнес түрі біртіндеп қарқын алып келеді. Мысалы, орталық қалаларда мұндай тауарлар сататын дүкеннің 4-5-еуін кезіктіруге болады. Ал Ақтөбеде антиквариат саудасын қолға алған бірнеше орын бар.


Осыдан 7 жыл бұрын комиссиондық дүкен ашу туралы ой келді. Өйткені барлық отбасындағыдай үш баламнан қалған киімдер көп болды. Лақтырайын десең, тым жақсы, тегін беруге тағы қимайсың… Содан әуелгі кезекте үйдегі киімдерді сатуға шығарып, ол аз уақытта өтіп кеткен соң басқалардың да заттарын арзан бағаға сатып алуға көштім. Көп ұзамай ісіміз алға басып кетті. Арада бір жыл өткенде, «антиквариаттарды сатамын» деп шештім. Шағын ғана дүкенімнің жұмысы осылай басталған.
Бүгінгі таңда бұрын киілген киім-кешек, аяқ киімнен бөлек, антиквариат заттарды да саудалаймын. Көпшіліктің сұранысына қарай биыл Ақтөбе қаласында екінші дүкенімді аштым.  Бұл жерде келушілер қораптан алынбаған, жап-жаңа дүниелерді де сатып ала алады. Түрлі себеппен мүлде қолданбаған бұйымдарын тапсыратындар кездеседі, — дейді ерекше кәсіптің көзін тапқан Наталья Тимершина.
Расында, арнаулы дүкенде күміс қасықтардан бастап, жез құман, түрлі металдан жасалған құмыра, ыдыс-аяқ пен әшекей бұйымдардың түр-түрін, естелік сыйлықтарды, тіпті өткен ғасырда салынған картиналарды табуға болады. Медаль-орден, тиын, ақша банкноттары, ойыншық, басқа да ұсақ-түйектер толып жатыр. Кәсіпкер сөреге қойылған барлық жәдігердің жалпы саны 2-3 мыңға жететінін айтады.

Иесін «күткен» арифмомет

Әңгімелесушімізден ең қымбат және арзан жәдігерлер туралы сұрағанымызда, төмендегідей жауап алдық:
— Неге екені белгісіз, бізде комиссондық немесе антиквариат дүкендерге жарлы-жақыбайлар ғана барады деген түсінік қалыптасқан. Бұл — қате. Керісінше, мұнда кез келген заттың шынайы бағасын білетін, көзі ашық, елден ерекше дүниелерді пайдалануға құштар адамдар келеді. Ең бастысы, бұл жерде сапалы бұйымдар сатылады. Мысалы, бізден алынған сағат қай жағынан да әлдеқайда жақсы. Өйткені осы күнге жетіп, ұзақ уақытқа шыдас бергенінің өзі көп нәрсені аңғартпай ма?
Жасыратыны жоқ, қазір көптеген бұйымдар аз уақыт қолданатындай етіп шығарылады. Нарық заманының «жемісі» бұл. Бізде сапа бар. Әрі жасалу технологиясы, дизайны ерекше. Сондықтан біздегі заттарды алатындар ескілікті, өткен ғасырды аңсап жүргендер дейтіндермен келіспеймін. Рас, жастық шағының куәсіндей болған заттарды арнайы іздеп келетіндер, сол арқылы оралмас уақытқа сапар шегуге ұмтылғандар да ұшырасады. Оның несі жаман?!
Бізде дүние көп. Жақсы сақталған, өзгеше заттарды қабылдап ала беремін. Солардың ішінде ең қымбаты деп арифмо́метрді айта аламын. Калькулятордың ежелгі түрінің бағасы — 150 мың теңге. Өткен ғасырларда шығарылған механикалық бұйымның иесі түбі табылатынына сенімдімін. Ал дүкендегі ең арзан зат — кеудеге тағатын белгіше (значок). Кеңес Одағының бұйымын біз 200 теңгеге бағаладық. Сол сияқты бізде құнды сервиздер, зергерлік бұйымдардың жиынтықтары бар. Бұларды қол еңбегін шынымен  қастерлейтін, түсінетін келушілерге ғана көрсетемін. Құны да құпия болып қалсын, — дейді Наталья.


Бір қызығы, коллекционерлер өз елімізде де біршама боп шықты. Айталық, интернет игіліктерін пайдаланып, «маған осы жәдігер керек, арзанды-қымбатына қарамаймын» деп сұрау салатындар баршылық екен. Кейіпкеріміз де жаңа заман технологияларын өз қажетіне жаратып, бүкіл затты жарнамалауға шебер екенін байқадық. Алыс-жақын қалалардағы әріптестерімен байланысы мықты. Өзі де Ақтөбемен шектелмей, Жамбыл облысының орталығындағы осындай дүкенінің жұмысын табысты жүргізіп отырғанын айта кету керек. Кәсібін бұдан әрі кеңейту — басты мақсаты.
— Қазір бәрі дамыған, онлайн режимде де сауда жасауға болады. Маған келіп түскен жәдігерлерді әлеуметтік желілерге жиі жариялауымның арқасында ерекше дүкенім туралы ресейлік журналистер де біліп, арнайы хабар түсіріп кетті. Әрі өздері қызыққан заттарды сатып алды. Яғни жер-жерден сұраныс бар, — деп атап өтті сөз арасында кәсіпкер.

Ойыншықтарды сатып алатын әжей

Сатып алмаса да, байырғы дүниелерге көзайым боп, дүкенді құдды көрмеге келгендей аралайтындар да кездеседі екен. Арасында осындағы дүниелерді «суретке түсеміз…» деп реквизит ретінде жалға алатындардың барын білдік. Айталық, қазіргі кезде ретро стильдегі түрлі отбасылық басқосуларды ұйымдастыратындар көбейіпті. Солар үшін мұндағы әр зат — таптырмас естелік. Жоғарыда айтқанымыздай, бізде антиквариаттың нарықтағы бағасы белгіленбегенін білген шетелдік туристер қазақтың түкті кілемі, көздің жауын алатын әшекейлерін де аттай қалап алатын көрінеді. Ай сайын өзі жинайтын дүниелердің дүкенге түскен-түспегенін сұрауды әдетке айналдырғандар да бар. Солардың бірімен материал дайындау барысында сөйлесудің орайы келді.
— Зейнеткермін. Жаңа жыл жақындағанда базардан тірі шырша сатып алып, оны безендіру — біздің үйдің дәстүрі. Жасым ұлғайса да соған кәдімгідей қызығамын. Балам екеуміз шыршаға ілетін көне ойыншықтарды жинаумен әуестенеміз. Әрқайсысы 200 теңге болса да, біз үшін ертеректе шыққан жаңажылдық ойыншықтардың жөні бәрібір бөлек. Бұдан қымбат болса да сатып аламыз. Өйткені алыстан қарағанда көз тартады, бір-біріне ұқсамайды, иісі де жоқ… Ай сайын зейнетақымды алғанда осы дүкенге міндетті түрде соғамын. Ондағы ойым — «Біреу ойыншықтарды тапсырмады ма екен?» Біздің жас кезімізде жасалған ойыншықтар да сапалы еді ғой, қазіргілермен салыстыруға келмейді.  Бір жағынан, ностальгия үшін осы дүкенді бір аралап шыққанды жаным сүйеді, — дейді Зібайда Ибрашова.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button