Әдебиет

Сәния

Өз тұсында замандастарының зор ықыласына бөленген, өмірден бергенінен берері көп шағында, 39 жасында өткен жазушы Тобық Жармағамбетов әдебиетіміздің алтын қорын «Отамалы», «Нәзік бұлттар», «Қара жаңбыр», «Қызыл ай», «Екі жүрек» сынды тамаша туындылармен толықтырған еді. Сөз қадірін білетін оқырман оның шығармаларын әлі де іздеп жүріп оқиды. Дүниеден өткеніне алдағы жылы жарты ғасыр толатын жазушының кезінде мерзімді басылымдарда жарық көріп, бірақ кітапқа енбеген әңгімелері жары Сәпия Жармағамбетованың қолында сақтаулы.
Біз бүгін оқырманға жазушының «Сәния» атты әңгімесін ұсынып отырмыз. 

 

Тобық ЖАРМАҒАМБЕТОВ

Алты жыл ішінде бәрі де өзгеріп кеткен сияқты. Кең көшелер тарылып, биік үйлер аласарғандай, көзге қораш көрінеді. Сонда да туып өскен қала, асыр салған алаңдар соншалықты қарапайым, бірақ ыстық сезіммен жүректі толқыта түседі. Мінеки, үй жанында бойлай өскен әсем қайың.Тек осы ғана өзгермей қалған сияқты. Баяғы түрі, баяғы суреті, тіпті бірде машина қағып, сәл жырып кеткен сызығы да сол қоңырқай  тартқан күйінде қарап тұр. Жасыл жапырақтары да бұрынғыша құпия сырласып, күліседі қытықтасады, кешкі тау ауасына малына шомылып, әсем жадырайды.
Қанаттың шаттық әсерінен күлгісі де, бар дауысымен айқай салғысы да келеді. Жүректі белгісіз бір қуаныш билеп кеткен. Не екенін өзі де білмейді. Шамасы осы көркем табиғат рақатынан болар…
Оның көз алдынан соңғы жылдар елестеп өте шықты. 10-класты бітірген, әскери училищеге түскен кездер. Міне, тіпті оны бітірген күн. Кең жарық залда училище директоры оның қолын қатты қысып, диплом тапсырып жатып:
— Отаныңа адал қызмет етеді деп сенемін! — деген сөздері құлағында шыңылдап тұр. Кейінгі үш жыл. Бірқалыпты офицерлік өмір.
Мінеки, енді туған ошақ, өскен ортаға бір ай демалысқа қайта келіп тұр. Екі жылдан кейін біржола осында ауыспақ.
Шешесі. Оның жібектей есілген биязы мінезі, қылығы келеді көз алдына. Неткен мейірімді жан. Ол дегенде төгіліп, ынтасы құрып тұрады. Барлық аналар да осындай ма екен?! Айтпақшы, келген күннің ертеңіне оның айтқан сөзін әлі ұмытқан жоқ. Өз сөзіне ешбір мән бермегендей, стол үстіндегі тарелкаларды жинап жатып:
— Қанатжан, мына көрші үйдегі  Сәния ылғи сені сұрап тұрады. Бір-екі ай бұрын қояр да қоймай қиылған соң, суретіңді де бердім. Жақында демалысқа келетініңді де біледі, — деген де қойған.
Аз үзілістен кейін тағы да:
— Дегенмен, өзі жақсы қыз, —  деп бітірген сөзін. Бірақ осы сөздерде қаншалықты тереңдік, қаншалық сыр жатқанын білмейді. Мүмкін жай айтыла салған болар? Дегенмен бөтен бір еміс-еміс сезім жүректі сәл қобалжытқандай. Иә, кеше де үйден шығып бара жатып, сол қызды көзі шалып қалған. Әдемі қара көздері, жұп-жуан қос бұрым, нәзік бел, тіпті әсем топ-толық аяқтарына дейін бір көз тастап, түгел шолып өткен-ді. Биязы, жай ғана аяқ басысы, толқын жүрісі де қағас қала алмады. Тіпті қолындағы кітаптары да есінде. Өзі тау-кен институтының геологиялық факультетінің ақырғы курсында оқиды екен.
Қанат жүрегі әлденені сезгендей. Бірақ бәрі де тұманды, белгісіз сезімдер. Сырын іркіп, сыртқа шығармайды. Қымтана, бүркене түседі.
Мінеки осы ойлармен ол үйге де жақындап қалды. Есік алдында бір-екі бала ойнап жүр. Он шақты көгершін үй төбесін айнала ұшып, қанаттарын сермеседі. Бір мезгілде көрші үйдің ашық тұрған есігінен аппақ жібек көйлек киген бір қыз шыға келді.
Қанаттың жүрегі әлденеден сескенгендей не қуанғандай екені белгісіз, сырлы сезіммен дір ете қалды. Бұрылып кетуге амал жоқ, батылсыз қадаммен жақындап келе берді де, қызға жете тоқтап қалды. Не айтарын да білмегендей. Ақырында әрең ғана шыққан дауыспен:
— Мен сізді танимын, — деді.Тіпті аузынан осы сөздің қалай шығып кеткенін де білмей қалды. Тек екі бетінің ду-ду ете қалғанын сезіп тұр.
— Мен де сізді танимын, — деді Сәния еріксіз жымиып. Жымиғанда үйіріле қалған бетіндегі екі орай әп-әдемі ажарына одан сайын сәулет бергендей. Қыр мұрын, дөп-дөңгелек қара көздер, тіп-тік кірпік, тегіс қою қара шаштар — бәрі салаласып, үйірілісіп келген. Әлі де қысылыс сезімінен арыла алмай тұрса да, Қанат қыз жүзіне үлкен бір сүйсінгендікпен қарады. Сәния да мұны сезіп, қысылып қалғандай түр білдірді.
Қанат қайда тұрғанын енді ғана сезген адамдай:
— Мүмкін сіз бір асығыс жұмыспен бара жатқан шығарсыз? Бөгеп қалсам… — дей бергенде, Сәния өзінің жіңішке дауысына сәл ғана әсем әуез араластырып:
— Жоқ, жоқ, мен тек жай әншейін қыдырыстап келейін деп шығып едім. Мүмкін менімен бірге боларсыз? — деді асыға сөйлеп.
Мінеки екеуі тротуармен келе жатыр. Әуелгі кезде әңгіме қиыспай қойды. Қанат әр нәрсені бір айтып, сөзін бытыратып ала берді. Үзбей айтса да, бірнеше күнге жететіндей әңгімесі бар сияқты болушы еді, қазір соның біреуін де ұстай алмағандай. Ойы шашырап, сөзі ұйыспайды. Тек жүріп келе жатыр. Ақырында екеуі де үнсіз қалды. Қанаттың жүрегі бұрынғыдан көрі қаттырақ соғып, қысыла түскендей. Тершіп те кетті. Кенет үнсіздікті екеуі де әбден сезініп, қысыла түскен кезде Қанат ашық қатты дауысымен қарқылдап күліп жіберді де:
— Сәнияш, біз осы екеуміз неғып балаша томсырайып үндемей қалдық?! —  деп, оның жұп-жұмсақ, ыстық қолдарынан ұстай алып, жай ғана қысып-қысып жіберді. Бұл кенет шыққан таза, шынайы күлкі оның жан дүниесін түгел көрсетіп өткендей, Сәнияны да ыңғайсыз қалыптан мүлт шығарып, жадыратып жіберіп еді…

                                                                       *   *   *

Қанат кәзір Сәниядан айырылмайтын болып алған, екеуі ылғи бір жүріп, бір тұрады. Осы сәтте де олар парктегі көлде қайықпен серуендеп жүр еді. Қанат ескекті жаймен ғана, суды шашыратпай еппен түсіреді де, бар күшін сала қатты кейін серпеді. Қайық ытқи-ытқи алға ұмтылады.
— Енді бір-екі қайық қалды алдымызда! — дейді Сәния балаша шаттанып, алақанын шапалақтап, —  Тез жет, тез жет!
Мақтанға масаттанған Қанат одан сайын өршелене түседі.
— Ура, жеттік! Озып кеттік! Қандай күштісің?!
Қанат жауап бермейді. Тек үнсіз қысылып, көзін жасыра береді. Жүзі гүл-гүл жанады. Енді олар баяу қалқып келе жатыр…
— Қанат, бүгін бізді қызметке алдын ала белгілеп қойды. Ақырғы бөліс бір айдан кейін болады. Мені Қиыр Шығысқа жібереміз дейді. Бірақ, мен оған бармаймын. Қаладан ешқайда кетпеймін.
Қанат ішінен «Мұнысы несі екен. Бәрібір емес пе ?!» —  деп ойлады да қойды. Бірінші рет таңқалғаны да осы болды. Сәнияның көздеріне қалай қарағанын қайдам, әйтеуір көзі түсіп кетіп еді, белгісіз бұрын байқалмаған бір от жалт ете қалды да, тез сөнді. Қанша ойланса да Қанат мұның не екенін біле алмай-ақ қойды.
— Менің жолдас қызым Ританы осында қалдырды. Министрлікте лаборантка. Жақында күйеуге шығып алған болатын. Семьясына байланысты… Дегенмен семьялыларды қалдырып жатыр ғой…
Қанат онан сайын таңқала түсті. Түсініксіз, жұмбақ сөздер. Содан кейін:
— Мүмкін… — дей берді де, кенет өзінің айтайын деген ойынан қаймыққандай, мүдіріп қалды. Сәния оның сөзін іліп алып:
— Жәй…
Қанат іркіліп қалды.
Жарты ай өтті. Қанат пен Сәния үйленіп алған. Қанаттың демалыс мерзімі бітіп, енді бөліміне жүрейін деп жатыр. Перрон толған халық. Біреулері құшақтасып, сүйісіп, тіпті кейбіреулер көздеріне жас та алып жатыр.
Қанат ортасында шешесі, Сәния үшеуі қолтықтасып алған, составты жағалап келе жатыр.
Мінеки жүруге де қоңырау соғылды.
Қанат тамбурда шешесі мен Сәнияға қолын ұзақ-ұзақ бұлғайды. Көзін айырмайды. Тіпті білдірмей жылағысы да келеді.
— Апатайым, хат жазып тұрыңыздар! Сәнияш, оқуыңды тез бітір! Тез оралуға тырысармын. Сау болыңыздар!
— Сау бол, құлыншағым! — дейді анасы.
Сәния жүзінде белгісіз бір сезім жатыр. Мүмкін айырылысуы қиынға соғып тұрған болар. Сөзді де жөнді айта алмайды. Тек қана:
— Қанат… — деп барып, толқына тынады. Аппақ орамалын үнсіз бұлғап, әлдеқайда көз тігеді.
Пойыз бірте-бірте ұзап бара жатыр. Шешесінің ақ көйлегі топ ішінен анық айқындалып, көпке дейін көрініп тұрды. Ал, Сәния болса неге екені белгісіз, көзден тез тасаланды да, көрінбей кетті. Әлде қалың жұрттың дүрмегі көміп жіберді ме екен?! Қанат тамбурда әлі тұр…

                                                                       *   *   *

Мінеки, әңгіменің бары осы. Айтпақшы, содан кейін Қанатқа екі хат келді. Бірі — Сәниядан, екіншісі — шешесінен.
«Қанат, жақында бізді қызмет орнына бөлді! Міне, қызық, мені ойламаған жерден күйеуге шыққандығыма байланысты (тіпті күлкілі жай!) Алматыда қалдырды. Қандай тамаша! Бәрі де ретіне келіп, келісіп кетті.

Сәния,
25 май 1955 жыл».

«Қанатжан! Сәния біздің үйден кетті. Қателесіппіз. Оның бар арманы, тілегі — қалада қалу екен. Үйленуді де соған желеу етіпті. Енді өзі қызметке тұрған мекемедегі біреуге күйеуге шығайын деп жатқан көрінеді. Қамықпа, қайғырма, қозым! Қайғыруға, налуға тұрмайды екен. Оны өміріңдегі бір елес, сағым деп біл. Қателесіппіз, құлыншағым! Өзіңді сақтай көр…

Апатайың,
25 июнь 1955 жыл».

Басқа жаңалықтар

Back to top button