Тұлға

Сырымша сыр ақтару

  • Мерей

Журналистік жолымдағы ұстазым санайтын белгілі қаламгер Сырым Бақтыгерейұлымен қырық бес жыл бұрын танысып, табысқан екенбіз. Онымен қай уақытта кездессем де, былайынша қарағанда, кәсіби зертханада болып жататын әдеттегі көп жағдаяттың бірі сияқты сезілетін осы бір «ойда жоқтағы очерк» оқиғасы санадан сырғып өтеді.

…Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, жолдамамен Ақтөбе облыстық газетіне жұмысқа келген, журналистиканың жұмбақ әлеміне кіріп кеткен, өткен ғасырдың 70-жылдарының аяқ шеніндегі балаң газетшілік дәуірде мен тап болған ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі — бүгінгі көрнекті журналист Сырым Бақтыгерейұлы еді. Бұл — оның комсомолдық «Лениншіл жастың» меншікті тілшілігінен партиялық «Коммунизм жолының» бөлім меңгерушілігіне жаңа ауысқан кезі-тін.
Бөлім меңгерушісінің қырыққа толмаған қылшылдаған шағы. Жаңа идеясы таусылмайды, бірінен-бірі туып жатқан ой, ылғи соны ұсыныс, тың жоспар… Осының көпшілігін ойдағыдай орындап, облыстың сол кездегі он алты ауданын рет-ретімен шарлау үшін, әрине ҚазГУ-ді кеше бітіріп келген, қолды-аяққа тұрмайтын «молодойдан» қолайлы ешкім жоқ. Бүгін — анау ауданға, ертең — мынау ауданға қысы-жазына қарамай кетіп бара жатасың…
Сырым Бақтыгерейұлының «қол астында» жүрген сондай күндердің бірі еді.
— Очерк керек! – деді кенет бастығым алдындағы қабаттасқан қағаздардан бір сәт бас көтеріп. Ол облыстың егін орағын ойдағыдай аяқтауына орай шығарылатын газеттің тұтас нөмірінің жоспарын жасауға кірісіп еді. «Очерк керек!» деді ол тағы да қайталап. Бұл жолы маған қарап айтты. «Темір ауданынан, комбайншы туралы болса, тіпті жақсы» деп қосып қойды. Бөлімдегі менен басқа екі қызметкер жасы келіп қалған адамдар еді.
Айналып келгенде, ертеңгі нөмірге берілетін очеркті мен жазатын болдым. Кейіпкермен кездесу қайда, телефон арқылы партком хатшысымен әрең сөйлесіп, келісіп, фактілерін алу ғана мүмкін болды.
Сыр-ағаң ойға тамызық тастады: «Сен ҚазГУ-де оқып жүргенде үш жыл комбайншы болып, Торғайда егін жинаған жоқсың ба?».
Ақыры, не керек, түнімен ұйықтамай, өзіме студент кездегі таныс термин — вариатордың белдігін деталь ретінде пайдалана отырып, жыл сайын каникул кезінде егін жинауға қатысатын, өзім өмірі жүздеспеген комбайншы-мұғалім туралы очерк жазуға тура келді, ертеңіне газетке шықты.
Сол жылы Қазақстан 1 миллиард пұт астық тапсырып, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің арнаулы нөмірінде менің осы очеркім облыстық газеттен алынып жарияланды;
Көп ұзамай «Қазақстан» баспасынан қаламақы келді: «Сіздің «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған очеркіңізді  жинаққа кіргізіп едік» деді баспагерлер.
Сөйтіп, бөлім меңгерушісі себепші болып, аяқ-астынан жедел жазылған бір очерк үш басылымда жарық көрген-ді.
Жүздескен кезде өткенге сүңгітіп жіберетін  осы «ойда жоқтағыны» тура бір емделушінің дәрігерді, жолаушының автожүргізушіні, көрерменнің сахнадағы өнерпазды көргенде бастан кешіретін беймарал сәті секілді сезінемін.

                                                                             *   *   *

Астанаға көшіп келгенімізге бес-алты жылдың жүзі болып қалған кез еді. Зерделі Зәуре жеңгем (Сырым Бақтыгерейұлының зайыбы) телефон шалды:
— Алматыда ағаңның елу жылдығын өзің басқарып өткізіп едің, Астанадағы алпыс жылдығы да жақындап қалды, — деді. (Әріптесім Ағайдар Ысымұлының: «Серікқали Сырым ағасының «сүндет тойынан» бастап өзі басқарып өткізіп келеді» деген жігіттердің арасында айтылатын әзіл әңгімесі есіме түсті). Ағаның ақжайлау отбасының әртүрлі той-мерекесінің басы-қасында келе жатқандықтан, Зәуре жеңгем жеткізген жақсы жаңалықты сол қалпында қабылдадым. Орайы келгенде, ағамызға «тосын сый» жасасақ деген оңаша ой ортаға түсті…
Сөйтіп, балалары Гүлдерай мен Базаралы кітапхана қойнауындағы газет-журналдарды ақтарып, әкелерінің журналистік еңбектерін жинады, Алтынайы кітап шығарудың қаржылай жағын көтерді. Мен жалпы редакциясын басқарып, арнаулы редактор болып, алғы сөзін жазып Сырым Бақтыгерейұлының «Бет қатталып жатқанда» (Астана, 2002) деген 200 беттік еңбегін жеке кітап етіп шығардық. Бұл жаңа жинақты той үстінде бір-ақ көрген Сыр-ағаңа бұл шынында да тосын сый болды: әсіресе, мөлдірген жалынды жастық шағының белгісіндей із қалдырған «Лениншіл жас» газетінің (қазіргі «Жас Алаш») меншікті тілшісі кезінде жазған еңбектерімен қайта қауышып, өзі де ұмыта бастаған кейбір туындыларымен толғана табысты.
Меншікті тілшілер мектебіне «түскен» кезін Сыр-ағаңның өзі  былай еске алады:
«Фариза Оңғарсынова «Пионер» журналына бас редактор болып тағайындалған соң, батыстағы тілшілік орны босады. Бұл — «Лениншіл жастың» даңқы да, беделі де дүрілдеп тұрған кез;  табалдырығынан аттауға жүрек жұтар батылдық керек. Фариза Оңғарсынова да, оның алдында сол өңірде тілші болған Әнес Сараев та есімдері ел аузында жүрген, қаламгерлік мектебін қалыптастыра бастаған дарындар. Солардың ізін басып, ісін жалғастыруға тәуекел етудің өзі мен үшін  бір асқар таудай асу еді…».
Сөйтіп, төрт жарым жыл қызмет еткен аудандық газет ұжымымен қош айтысып, Ойылдан Алматыға жол тартқан жас журналист «Мен келдім,«Лениншіл жас», қабыл аласың ба?» деп, жаңа шығармашылық мектебінің шеберлік сыныбының табалдырығынан аттады. «Бет қатталып жатқанда» жинағы негізінен, міне, нақ осы «Лениншіл жас» сынды талантты орда — талапты ортада  шынығып, шымырланған жүрдек қаламның жемістерінен түзілген.

                                                                             *   *   *

«Жетпіс екінші жылдың желтоқсаны. Қарабұтақ ауданының «Талдық» кеңшарында жас шопандар екі тәулік бойғы қар аралас жаңбыр астында үйірлі қасқырмен айқасыпты деген хабар елең еткізді. Дереу жолға шықтым. Иә, жақында ғана құрылып, қатарласа орналасқан төрт бірдей комсомол-жастар бригадасын әдейі сынға алғандай, дала тағылары лаңды салып-ақ баққан. Біз барғанда, өрімдей қыздардың ерлігі ауыздан ауызға көшіп, қасқырмен шайқаста жарақат алғандары тікұшақпен облыс ауруханасына жөнелтілген екен. Сонда жазылған «Түн. Қыз. Қасқыр» атты очеркім өзіме ерекше ыстық», — дейді ол  ағынан жарылып.
…« — …Айтып көріп едім, көнді ме? Келісіп келдім, ұят емес пе деп отырып алды.
— Жә, жоққа тарылма, ұстаздыққа келіссем, оның да бір терең мәні бар шығар. Түсінсең де соны түсінгің келмей отыр ғой.
Шегебай жұбайы Балзадаға қабағының астымен қарады да, көзін бұрып әкетті. Төрт жасар Гүлжазирасы еркелеп мойнына асыла берген еді…».
Бұл — Сырым Бақтыгерейұлының «Намыс» очеркінің бастапқы жолдары. Кезінде газеттің романы деп аталған, осындай көсемсөз, көркем тілмен көмкерілген оқшау ойлы очерктерді қазір таба аламыз ба? Жоқ, әрине…
Міне, Сырым Бақтыгерейұлының бүкіл журналистік жолын да, қабілетін де,  шыққан биігін де осындай өзіне тән қолтаңбасы даралайды. Бұл туа бітті қалыптасқан, ешкімге ұқсамайтын, авторын ерекшелеп тұратын дәрежеге көтерілген стиль деуге лайық.

                                                                             *   *   *

Стиль, сайып келгенде, жазудың төл мәнері. Осынау қатар жүрген жылдар ішінде Сырым Бақтыгерейұлының қолтаңбасы екенін бірден танитын қабілет пайда болды десем, Алла асылыққа жазбас. Бұған әрине оның ештеңені ешқашан уақытша деп істемейтіні, не істесе де түбегейлі қолға алатыны; мың-сан мақала жазған сырбаз қаламының жаттандылықтан аулақ тұратыны; ізденген, таңдаған тақырыбына жан-дүниесімен беріліп кететіні ғана «кінәлі». Мәселен:
«Ақтөбеде түн аппақ…
Ақ қар аппақ алақанға желбіреп келіп түсіп еріп кетеді. Ақ түбіт шәлілі, беттері нарттай қызарған қарындастар ақ жапырақ – ақ қарды  қуалай ұстап,  аппақ тістерін көрсете мәз-майрам болады…» деген жолдарды Сырым Бақтыгерейұлы жазған газеттің көп «қара мақаласының» бірі дегенге сенуге болар ма еді?! Мен сенемін. Өйткені, ол басқаша жаза алмайды, ойлау жүйесі, қалам ізі осылай қалыптасқан. Бұл әдісі көркем дүниелерінде тіпті күшейіп көрінді.
Дәйімде журналист шығармашылығы  сөз өнерінің  кез келген түрімен теңдесе алатын сан-салалы туындыгерлік екені дау тудырмайтыны белгілі. Сөз жаратылысын жанымен сезінетін қалам иесі үшін қажетті  сапалық кәсіби қасиеттерді қалыптастыратын мерзімдік баспасөздің үлкен мектебінен өткен Сырым Бақтыгерейұлы аудандық облыстық, республикалық газеттердің, республикалық журналдың жауапты қызметкері ретінде барлық жанрда бой көрсетіп, жазу шеберлігін шыңдады. Баспагер ретінде кітап шығару ісімен айналысуы — өз алдына бөлек дүние.
Жазу мәнерінен Алаш арыстарының көсемсөздік қолтаңбасы да елес беріп қалатын Сырым Бақтыгерейұлы туындатқан сөздер жалпыға жағымды; айтқан ойлары қашанда қонымды; ал кейіпкерлері ескі танысыңдай елжірей қарайды.
Оның сыралғы жанры о баста очерк еді: өмірдің белгілі бір суретін кейіпкер характерін ашатын бірер детальмен дәйектеуге бейім қаламы очерктік әдебиет майданында танылған-ды;  ал қазір — эссе: салмақты қалам енді белгісіздіктің бетін ашатын, тың жәйттерді ортаға салатын байсалды әдіспен бауырын жаза түсті. Соңғы жылдары жазылған «Жиырма жетінші желтоқсан», «Ертегі адам», «Шәйгөзде құлын кісінейді», «Біз студент едік», «Қайран қаламын», «Айтылар сөздің бір парасы», «Ақтық сөзін айта алмай кеткен бір арыс», «Заңнама ғұмырын бес ғасырға ұзартқан қайраткер» және т.б. эсселері оқырман ықыласына бөленген, талдап, таразылауға лайық дүниелер.
Оның перзенттік парызбен «Ойыл уәлаятының уақытша үкіметі» сынды іргелі тақырыпты түбегейлі зерделеуге көшкенін көпшілік білсе керек. Жинастырған деректері негізінде жазылған зерттеулері «Түлеген Ойыл өңірі», «Ойыл» тарихи-танымдық кітаптарында жарияланды.

                                                                             *   *   *

…Ұлы Отан соғысының бір қасіретін арқау еткен «Келдің бе, құлыным?!» деген алғашқы драмалық туындысы кезінде облыстық шығармашылық үйінде талқыланып, мақұлданды, аудандық халық театрларына таратылды. Облыстық газеттің бас мақаласында оң пікір айтылды.
Арадан қаншама жыл өткенде сол еңбегін «Жаным-ау, неге бездің зарықтырып?!» деп тұғырнамалық тұрғыда жаңашалап жазып шықты. Бұл драмалық шығарма бүгінде сахнаны аңсап, қаламгердің жазу үстелінде жатыр…
Драматургия — Сырым Бақтыгерейұлы шығармашылығының жұмбақтау қыры, бірақ ықылас-бейімі жас кезінен ауған өнер саласы. Алаш қайраткері Жанша Досмұхамбетов туралы жазылған екі бөлімді «Жанша» драмасы — осы орайдағы көлемді шығармасы. Алаш арысының бейнесі арқылы сол кездегі Ойыл өңіріндегі саяси оқиғаларды жан-жақты сөйлететін «Жанша» пьесасы — ұлт перзентін ұлықтайтын елеулі еңбек; драматургиялық туынды ретінде театр мамандарының жылы ілтипатын жинағанымен, әлі де сахнаға қол созған, алдағы күндерден үмітті күйінде.

                                                                             *   *   *

Өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағының астанадағы бөлімшесінде Сырым Бақтыгерейұлының повесть және әңгімелер жинағы талқыланды. Көпшілік атақты Қызыл әнші туралы «Құйын-тағдыр» повесінің көркемдік ерекшеліктерін атап көрсетіп, қаламгердің сәтті табысын ойдағыдай бағалады. Демек, бұл көркем прозада шығармашылығының бөлек бір саласы ретінде қалыптаса бастағанын көрсетеді. Әдеби журналдарда жарияланған «Мұхитқа телміре қараған қара шал» әңгімесінің қуатын, әнші Қызыл туралы «Таң-Шолпан» журналында жарияланған повесінің  қызықты үзінділерін көзі қарақты оқырман  жақсы біледі.
Сырым Бақтыгерейұлы аударма ісімен де кәсіби тұрғыда айналысты. Андерсеннің «Су перісі», «Ұсқынсыз балапан», «Қайтпас қайсар қалайы жауынгер», «Жабайы аққулар» сияқты бірнеше классикалық ертегісін, белорус жазушысы В.Кастрючиннің «Желаяқ қоян және оның достары», «Ержүрек құмырсқа» атты ертегі кітапшаларын, И.Чендештің «Ескі шатырдағы ертегілерін» қазақ тіліне аударды. Испан жазушысы Артуро Перес-Ревертенің «Құрсау немесе өлім үстіндегі ойын» романын қазақ тілінде жеке кітап етіп шығарды.
«Орыстың көрнекті жазушысы И.Тургеневтің «Қара сөзбен жазылған жырлар» деп аталатын еңбегін 1967 жылы аудара бастап едім, ақыры жарты ғасырдан кейін қайта оралып, бәрін аударып бітірдім», — дейді ол.

                                                                             *   *   *

Қолынан қаламын түсірмей сексенге сергек жеткен Сырым Бақтыгерейұлы туралы басқаша емес, Сырымша сыр ақтару: кісілігі жоғары кәсіби шебер алдындағы кішілік құрмет; өмірдегі адал ағалығына, бауырмал қасиетіне тәнтілік. Осынау жылдар ішінде ізбасар інілер көңілінде сырдесте Сырым ағаның тұлғасы батагөй, ақылгөй, салиқалы сан сырлы сипатымен толысып, ажарлана түскенінің белгісі.

                                                                             *   *   *

Кім біледі, бүгінгі һәм болашақтағы Сырымтану сабақтарының кіріспесі осы үзік реңк сырлардан басталар, бәлкім…

Серікқали БАЙМЕНШЕ,
филология ғылымдарының докторы,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button