Тұлға

Өнердің өз адамы еді…

Ұлы Абай сөзін сәл өзгертіңкіреп айтсақ, «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы». Бірақ айқайлағанның бәрі әнші болмайды, домбыра ұстағанның бәрі күйші болмайды. Өнер айдынына шығу үшін бойда аз да болса таланттың ұшқыны болуы тиіс.
Балаң кезінен өнердің өз адамы екенін байқатқан, түрлі аспаптарда ойнауды жетік меңгерген Бекболат Бекниязовтың сахна төрінде айдарынан жел есіп, көрерменінің көзайымы болуына әбден мүмкіндігі бар еді. Өзінің жүрген ортасында баянды құйқылжыта тартқанда толқымайтын жан қалмайтын, тыңдаушысы сазды әуен ырғағымен сезімге бөленіп, жүрек тебіренісіне бөленетін. Басқа да музыкалық аспаптар оның қолына тиісімен өз-өзінен керемет дыбыстар шығарып, айналаны ажарландырып жіберетінін сол кездің куәгерлері аузынан талай рет естідік те.

Осындай құштарлық оны — Байғанин ауданындағы Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектептің түлегін Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы педагогикалық-мәдениет институтына алып келеді. Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келген жігерлі жас жігіт жоғары оқу орнында үздік оқып, дипломын алған соң елге оралады. Жас маманды Ақтөбе педагогикалық училищесінің ұжымы құшақ жая қарсы алады. Осында он бес жыл бойы музыкалық бөлімді басқарған ол шәкірттерге саздық-әуендік мазмұндағы білім негіздерін үйретуге ден қойды. Өз бойындағы талантты ел алдына шығаруды екінші орынға қойып, ұстаздық ұстанымы арқылы жастарды жетілдіруді, олардың эстетикалық және рухани жан-дүниесін кеңейтуді ойлады. Бұл ретте есімі дүниежүзіне таралған атақты композитор-ұстаз Дмитрий Кабалевский ілімдерін басшылыққа алды.
Сондай-ақ педагогика ғылымдарының докторы, профессор Рита Жәрдемалиеваның ғылыми жетекшілігімен сол Дмитрий Кабалевский дайындаған пәндік бағдарламаның жергілікті орта арнаулы оқу орындарында енгізілуіне, нәтижелі жұмыс істеуіне жол ашты.
Бекболат Бектұрұлы өзінің ұстаздық ілімдерін «Қазақтың күйлер керуені» атты монографиясында кеңінен дамыта түсті. Ол «Қазақтың аспаптық музыка саласындағы ең бір бай жанр — күй. Күй өзінің тақырыбымен халықтың мұрат-мүддесін, ұлттық психикасын, тарихы мен өмірін кең бейнелейді. Күйлерден біз тарихи шындықтың эпикалық көрінісін, қоғам құрылысы мен табиғат суретін, адамның қайғы-қасірет, қуаныш-сүйініш сезімдері музыка арқылы бейнеленетін сәттерді көптеп табамыз…» деп жазады осы еңбегінде.
1988 жылы Бекболат Бектұрұлы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтына аға оқытушы болып келеді. Училище қабырғасындағы он бес жылдық тәжірибе, талмай ізденістер нәтижесінде ол бұл уақытта білікті маман болып қалыптасқан-ды. Институтта ол, сонымен бірге музыка факультеті деканының орынбасары қызметін де атқарды. Кейінірек музыка кафедрасына жетекшілік етті, доценттік дәрежеге ие болды.
Ол өзінің ұстаздық еткен кезеңдерінде өзінің бұрынғы алған білімімен шектеліп қалған жоқ, тіпті әлемдік деңгейдегі жаңалықтарға құлақ түріп, өнегелі өнер шеберлерінің ғылыми негіздегі тәлім-тағылымдарын зерттеп, өзіне қажетті дегендерін жүйелеп, жинақтап отырды.
Осы мақсатта Мәскеу мемлекеттік педагогика институтында, Алматы мемлекеттік қыздар педагогика институтында музыка теориясы және әдістемесі кафедраларында  ғылыми-ізденуші ретінде білім алды. Тіпті, анау Таганрог, Дондағы Ростов, Киев, Владимир қалаларындағы жоғары оқу орындарында да болып, білімін жетілдіріп, музыкалық тәрбие теориясы-әдістемесі кафедрасында ізденушілік жолдан өткені де оның жан-жақтылығының бір дәлелі емес пе?!
Осындай ұмтылыстардың нәтижесі — 2001 жылы «Педагогикалық практика барысында болашақ музыка мамандарының ұйымдастырушылық іскерлігін қалыптастыру» тақырыбы бойынша диссертация қорғап шықты. Сөйтіп, педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесіне қол жеткізді. Оған профессор атағы берілді. Бұл айтуға ғана оңай, әйтпесе талай ұйқысыз түндер мен тынымсыз еңбектің арқасында ғана ғылымда мұндай жетістікке жол ашылатынын екінің бірі білетін болар.
Ғалымның бір монографиясы, екі оқулығы, елуден астам ғылыми жұмыстары — оның жанкешті еңбегінің, теория мен практиканы ұштастыру жолындағы жүйелі ізденістерінің нәтижесі.
Бекболат Бекниязов Қыздар мемлекеттік педагогикалық институтының оқу-әдістемелік кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болды.
Оның ұстаздық және ғылымдағы еңбегі Қазақстан Республикасының Грамоталарымен атап өтілді. Ол Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының «Үздік оқытушысы – 2006» мемлекеттік грантының иегері атанды.
2019 жылы  5 қазан — «Дүниежүзілік ұстаздар күніне» орай білім мен ғылым саласына сіңірген еңбектері үшін Құдайберген Жұбанов университетінің бір топ профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлері марапаттауларға ие болды. Солардың қатарында «Музыка және хореография» кафедрасының доценті Бекболат Бектұрұлы облыс әкімінің Алғыс хатын алды.
Бекболат Бектұрұлының музыка пәні мұғалімдерінің республикалық, халықаралық ғылыми конференцияларына талай рет қатысып, баяндамалар жасауы да оның біліктілігі деңгейін көрсететін. Оның әдістемелік-ұйымдастырушылық жұмыстарды жетілдіру жөніндегі ұтымды ұсыныстары мен орамды ойлары көпшілік көңілінен шығатын.
Бекболат Бекниязовтың басты еңбегінің бірі — музыка сабағын сан қилы әдіс-тәсілдермен, пәнаралық байланыста оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөлгендігі. Осы орайда ол арнайы авторлық әдістемесін жасап, бұл жаңалықты мектептер тәжірибесіне енгізуді қолға алды. Ол үшін жер-жерде ашық сабақтар өткізу мүмкіндігін қарастырды.
1996 жылы облыстық білім жетілдіру институтының ұсынысымен белгілі композитор Ахмет Жұбановтың туып-өскен өлкесіндегі бүгінде Құдайберген Жұбанов есімін иеленген Жұрын орта мектебінде Құрманғазының «Аман бол шешем, аман бол!» күйі тақырыбымен осындай шара өткізді.
Тәжірибелі ұстаз аталған туындыны оркестрге үйрету сабағы барысында күйдің шығу тарихы, күйші туралы тартымды әңгіме өрбітіп, оқушыларды жетелеп отырды. Күйге қатысты түрлі музыкалық терминдер, әдеби теңеулер, өлең шумақтары сабақтың қызғылықты өтуіне жағдай жасайды.
Міне, осындай сабақтар Бекболат Бектұрұлының педагогикалық шеберлігін танытатын.
Бекең студент кезінде, 1971 жылы шаңырақ көтеріпті. Сол уақытта Шымкент қорғасын зауытының жанындағы ауруханада мейірбике қызметін атқарып жүрген жары Шайзада өнер өлкесіне қанат қаққан азаматының биік самғауы үшін де мейір-шапағатын аямаған секілді.
Елге келген олардың алдында биік армандар, үлкен мақсаттар күтіп тұрған-ды. Шүкір, дүниеге бірінің артынан бірі Амантай, Алтынай есімді перзенттер келді. Олар әсем ән, күмбірлеген күй әуенімен өсіп-жетілді. Бүгінде Амантай мемлекеттік қызметте. Келіні Айнагүл ата-анасына үш немере сыйлады. Олардың үлкені Чехияда білім алуда.
Алтынай мен күйеу бала Ержанның шаңырағында төрт бүлдіршін өмір есігін қақты.
Негізінде кім-кімнің алдындағы үлгісі бағдар беретін адамы — әкесі болмақшы. Бекболаттың әкесі Бектұр ұзақ жылдар ішкі істер органдарында қызмет етеді. Ол Алматы ішкі істер қызметкерлері мектебін, Фрунзе милиция мектебін бітірген. Байғанин, Родников, Новоресей аудандық ішкі істер бөлімдерін басқарады. Кейіннен Қарауылкелді поселкесінде учаскелік инспектор болып қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқан. Мінсіз қызметі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Ел білетін, халық сыйлаған аға буын өкіліне деген көпшілік құрметі ерекше болыпты. Бекболат аға да әкесі Бектұрдың өмір жолындағы сабақтарын ұмытпай, жадында ұстайтын. Міне, жыл өтті әке мен бала мәңгілік дүниеде табысқалы…
…Бекболат Бектұрұлы Бекниязов.
Бұл — бейнелеп айтсақ, бектер әулеті іспетті. Осы тұста:
Бектер мінген сұр қасқа,
Жете алмаса ұр басқа.
Батырлық-байлық кімде жоқ,
Ғашықтың жөні бір басқа, — деген ежелден айтылып келе жатқан өлең жолдары еріксіз ойға оралады.
Бекеңнің сұр қасқасы өнер көшінде алдыңғы лекте жүрді ылғи да. Оның батырлық-байлығы — бойына тағдыры сыйлаған, маңдайына жазылған өзгеше өнері еді. Кез-келгеннің жүрегін жібітіп, жанына жылылық құятын әсем әуен, сырлы саз қол ұстасқан талай жастың ғашықтық әлемінде өзгеше бір өрнек салғандай-ды.
Бекболат аға тәлімінен түлеп ұшып, мынау беймаза тірлікте айналамызға әсем әуенмен шуақты шақ орнатып жүрген жүздеген, бәлкім одан көп, шәкірттері барда ұстаздың жарқын бейнесі ешқашан да көмескі тартпайтыны анық.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button