Жаңалықтар

Індетпен күрескеннен, алдын алған мың есе артық

  • Мәслихат

Облыстық мәслихат депутаттары бюджет, аймақтық және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында ветеринарлық қадағалау және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Amanat партиясының депутаты Сұлупан Шынтасованың төрағалығымен өткен отырысқа облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Облыстың инспекция, ветеринарлық бақылау және қадағалау, Ақтөбе облысы бойынша агроөнеркәсіптік кешендегі инспекция, облыстық ветеринария басқармасының басшылары көтерілген мәселе бойынша баяндама жасады.

Депутаттарға хабарланғандай, қазіргі уақытта 341 700 ірі қара, 658 мыңға жуық ұсақ мал, 82 800 жылқы, 13 400 түйе сібір жарасына қарсы екпе алған. Жануарларды құтыруға, листериозға, лептоспирозға, пастереллезге, шешекке, эктимаға, эмкарға қарсы вакцинациялау жүргізілді, туберкулезге аллергиялық зерттеулер жасалды.

— Қазір облыста жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы вакцинация жалғасуда, — деді Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Дастан Сағыров.

Облыстық аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы Кеңес Қанатбаев биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында облыста бруцеллезге 279 677 ірі қара зерттелгенін хабарлады. Сондай-ақ 359 946 ұсақ мал зерттеуден өткен.

— Бруцеллезді анықтауға оң әсер ететін барлық мал басы ет өңдеу кәсіпорындарына союға тапсырылады, иелерінің қаражаты есебінен дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде, — деп атап өтті Кеңес Қанатбаев.

2021 жылдың басында облыс бойынша ірі қара малдың бруцеллезі бойынша 5, ұсақ мүйізді мал бойынша 1 және ірі қара малдың эмфизаматозды карбункулы бойынша 2 қолайсыз пункт болды. Қазір сауықтыру жұмыстары жүргізілуде.

Облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Иса Базаров депутаттарға үй жануарларын ұстау, серуендету ережелерін және жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру ережелерін ұсынды. Осы ережелерді бұзғаны үшін мал иелерінің қандай әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салды.

Ж.КӨШЕРБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button