Білім

Ауыл мұғалімі 90 мың теңге алады!

Мемлекеттік бағдарлама

Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Негізгі мақсат  — экономиканың орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бағдарлама екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезең 2011-2015 жылдарды, екінші кезең 2016-2020 жылдарды қамтиды.

Бағдарлама толық жүзеге асса, біраз мәселе шешіліп, нәтижесінде білім сапасы айтарлықтай артады. Мұғалім мәртебесін көтеруге күш салынады. Жалақы өседі. Оқушылардың бәрі бірдей мектепке тегін тасымалданады. Ыстық тамақпен қамту да талапқа сай болады. Оқушылар жаңаға бергісіз білім шаңырақтарында білім алады. Себебі, көп мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Әрі жиһаздар жаңартылып, жаңа үлгідегі кабинеттер жабдықталады. Назарбаев зияткерлік мектебі бой көтеретін күн де алыс емес. Білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында біздің облыста атқарылатын осы және басқа да шаралар туралы  облыстық білім басқармасының бастығы Айгүл Арынғазиевамен әңгімелескен едік.

Бағдарламаның басым бағытының бірі — мұғалім мәртебесін көтеру. Білім және ғылым министрлігі осы мақсатта қазірдің өзінде біршама шараларды қолға алыпты. Соның бір парасы —  педагог қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің жаңа үлгісінің әзірленуі. Атқарылған шаралар нәтижесінде, 2015 жылға дейін мұғалімдердің айлығы жекеменшік саладағы мамандардың орташа жалақысы деңгейіне жетеді екен. Біліктілік санатына қарап, педагог қызметкерлердің жалақысының көлемін есептеу үшін қолданылатын сараланған коэффициенттер туралы тарқатып айтып берсеңіз?

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында көрсетілгендей, шілдеден бастап мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға өсетіні белгілі. Бұдан бөлек қыркүйек айынан бастап педагог қызметкерлердің жалақысы біршама өседі. Ең жоғары санат үшін 100 пайыздық қосымша ақы төленеді (бұрын 60 пайыз төленген болатын). Тіпті, санаты жоқтарға да 20 пайыздық ақы қосымша төленеді. Бұл — үлкен жетістік.

Мұғалімдердің барлық өзге санаттарына да үстеме беріледі. І санаттағы мұғалімдер бұрын жалақысына қосымша 35 пайыз алатын еді, қыркүйектен бастап 50 пайыз болады. Ал ІІ санаттағылардың жалақысына қосымша төлентін ақы — 30 пайыз. Бұрын санаты жоқ, жас мамандарға қосымша ақы төленген жоқ. Қыркүйектен бастап олардың жалақысына 3 539 теңге қосылады.

Нақтырақ айтсақ, мысалы, қала  мектептерінде жұмыс істейтін жоғары білімді, жоғары санатты, жұмыс өтілі 20 жылдан кем емес мұғалім шамамен 77 513 мың теңге алады. Қосымша жүктеме алып, жұмыс істейтіндердің айлығы бұдан да артық болады. Ал жоғары білімді жас мамандардың жалақысы (қосымша жұмыстарын, мысалы, сынып жетекшілігіне төленетін ақыны есептемегенде) — 42 473 теңге болса, қыркүйектен бастап оларға 46 012 теңге төленеді.

Ауыл мұғалімдері бұдан көбірек алады. Себебі, олардың барлығына 25 пайыз ақы қосылады. Сондықтан, ауылда еңбек ететін жоғары білімді, жоғары санатты, жұмыс өтілі 20 жылдан кем емес маман қыркүйектен бастап 90 255 теңге алады. Ал жас мамандарға 56 мың теңге төленеді.

Облыс бойынша жоғары санатты 1732 (11 пайыз) мұғалім бар. І санаттағы мұғалімдердің саны — 3959, ІІ санаттағылар — 5081.

Айта кету керек, қыркүйекте кәсіптік лицейлер мен балабақшалардың қызметкерлерінің де жалақысы өсетін болады.

Осы мақсатқа, тек қана санаттар бойынша, еңбекақы төлеу үшін республикалық бюджеттен 2011 жылға 15 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Оның  274, 746 мың теңгесі — біздің облысымыздың үлесінде.
— Республика бойынша біздің облыстың әкімі  Елеусін Сағындықов мұғалімдер мәртебесін көтерудің озық үлгісін көрсетіп отыр ғой. Облыс басшысының тікелей қолдауымен «Білім жетістіктері» марафон-конкурсы екі жыл қатарынан ұйымдастырылып, жеңімпаздар сыйақылармен марапатталды. Биыл да осы игі шара жалғаса ма? Марапатталатын мұғалімдер саны қанша болады?  Сыйақы көлемі өзгере ме?

— Былтыр жеңімпаз ұстаздар мен үздік білім шаңырақтарын марапаттау үшін  135 млн. теңге  бөлінді. Жалпы 2 мыңға жуық мұғалім облыс әкімінің сыйлығына ие болды.

Биыл да игі іс жалғасады. Былтыр мұғалімдер 120 мың теңгеден сыйақы алса, биыл марапатталатын ұстаздарға 1 мың АҚШ доллары беріледі. Марапатталатын мұғалімдердің саны былтырғыдан да көп болады. Айта кету керек, мұғалімдердің білім жетістіктерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған конкурсқа былтыр жеңімпаз атанғандар биыл да қатысуларына болады. Марапаттау рәсімі Конституция күні өтеді.

Облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы білім саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Биыл үшінші жыл қатарынан облысымызда қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда жоғары нәтижеге қол жеткізген үздік мұғалімдерге материалдық көтермелеу гранттарын тағайындау байқауы өтеді. Былтыр аталған жарыста 29 мұғалім марапатталды. 2 мұғалім І дәрежелі дипломдарға ие болып, олар бір жыл бойы ай сайынғы жалақыларына 50 мың теңге қосылатын грантты жеңіп алды. ІІ дәрежелі дипломға ие болған 3 мұғалімге 170 мың теңге табыс етілді.

Мектептерге ер азаматтар қайта оралады

— Бағдарламада еліміздегі мектептерде гендерлік сәйкессіздік, кәсіп феминизациясы байқалып отырғандығы жазылған. Облыс мектептеріндегі ер адамдардың үлесі қанша?

— Облыс бойынша 15 970 мұғалім бар. Оның — 13 353-і (83,3 пайыз) әйел адам. Қалған 2617-сі ер мұғалім.

Мектеп білім беретін ғана орын емес, сондай-ақ тәрбие ошағы. Ал әр тәрбие беретін шаңырақта отбасындағы сияқты әйелмен қатар ер-азаматтардың болуы қажет.

Мектептердегі ер мұғалімдер санының аздығы екі жағдайға байланысты. Біріншісі, жалақы аз. Екіншісі, мұғалім мәртебесін көтеру.
Отбасын асырауда негізгі жүк ер адамдарға түсетін болғандықтан, ер-азаматтардың көпшілігі жалақысы көп басқа салаға кетуге мәжбүр болады. Жаңа бағдарлама аясындағы педагог қызметкерлердің беделін көтеру мақсатында қолға алынған шаралар, еңбекақының өсуі ер-азаматтардың мектептерге қайта оралуына игі ықпал етеді деп сенеміз.

— Еліміз бойынша әрбір бесінші мұғалімнің жасы 50-де және одан да үлкен.   Педагогтердің жалпы санынан 3 жылға дейінгі өтілі бары —  13 пайыз болса, жыл сайынғы жас мамандар есебінен толығу бар болғаны —  2,6  пайыз екен. Біздің облыста бұл көрсеткіш қанша? Мамандар тапшылығының алдын алу үшін мектеп басшылары бейіміне қарай шәкірттеріне бағыт-бағдар беріп, мектепке қажет болатын пәннің маманы болуына ықпал етпей ме? Жас мамандардың жұмысқа қабылдануы қандай деңгейде?

— Ауылдық жерлердегі мектептерге математика, дене тәрбиесі, ағылшын тілі, химия, физика, еңбекке баулу, музыка, қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен орыс әдебиеті  пәндерінің мамандары жетіспейді. Әрине, мектепке маман жетіспеуіне кінәлі — мектеп директоры. Мектеп басшысы қай жылы қай пәннің маманы зейнет демалысына кететіндігін ескеріп, маман тапшылығы болмауы үшін алдын ала қамдануы керек. Бұл туралы қалалық, аудандық білім бөлімдерінің бастықтарының қатысуымен өткен жиында айтылды.

Облыс бойынша жасы 50-ден асқан 1859 (11,6 пайыз) мұғалім бар. Зейнеткерлердің үлесі — 183. Шалғай ауылдардағы кейбір мектептерде   маман тапшы. Сондықтан, зейнеткерлер жұмыс жасап жатыр.

2010 жылы 466 жас маман жұмысқа орналасты. Ақтөбе қаласында — 66, Әйтеке биде — 31, Алғада — 19, Ырғызда — 24, Байғанинде — 7, Қарғалыда — 31, Қобдада — 27, Мәртөкте — 39, Мұғалжарда — 52, Темірде — 33, Ойылда —  23, Хромтауда — 27, Шалқарда — 14 жас маман жұмыс істейді.

Жас мамандардың 15-і тұрғын үймен, 133-і жалдамалы пәтермен және 13-і жатақханамен қамтылды. Әр маманға 90 720 теңгеден көтерме ақы берілді. Коммуналдық төлем төлеу үшін де көмек көрсетіліп жатыр. Әр маманға 1-5 мың теңге  шамасында ақша қосымша берілуде. Жалпы, осы мақсатта 45 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

Айта кету керек, қазір мемлекеттік бағдарламаға айналған «Дипломмен — ауылға» жобасы біздің  облыстан бастама алды. Облыс басшысы Елеусін Сағындықов 2005 жылы жас мамандарды ауылда еңбек етуге шақырды. Жастарды ауылда тұрақтандыру үшін жұмыспен қамтумен бірге, материалдық көмек те көрсетілді. Жыл сайын сәуір айында облыс орталығында үлкен жиын ұйымдастырылады. Онда аудан басшылары ауданға қажет мамандар туралы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының басшылығына өз ұсыныстарын айтады. Соған сәйкес студенттерге жолдама беріледі. Атқарушы билік өкілдері жас мамандарды әлеуметтік қолдауды міндеттеріне алады. Міне, облыс әкімі Елеусін Сағындықов бастаған сол игі іс 2007 жылы республикаға үлгі етіп алынды. Содан бастап «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы республика көлемінде ұйымдастырылып жатыр.

Былтыр облыс басшысы Елеусін Наурызбайұлының қолдауымен қолға алынған «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы да биылдан бастап ел болып атқарылатын игі шараға айналды. Ел үшін маңызды шаралардың  біздің облыстан бастау алуы — мақтануға әбден лайық жағдай.

Жөндеу мен құрылыс

— Бағдарламада басымдық берілген мәселелердің бірі — мектептерге күрделі жөндеу жүргізу. Еліміздегі 7576 мемлекеттік мектептің 25,1 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Апатты жағдайдағы білім шаңырақтарының саны — 201. Біздің өңірдегі мектептердің жағдайы қандай?

— Бұрын мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Бұл мақсаттағы жұмыстар тек қана соңғы жылдары қолға алына бастады. Әсіресе, «Жол картасы» бағдарламасы аясында біраз шаруа тындырылды. Мектептерге күрделі жөндеу жасау үшін 2008 жылы 799,9 миллион теңге бөлінсе, 2009 жылы  2 948,3 миллион теңге бөлінді. Күрделі жұмыстың түрлері әртүрлі. Бір жылы білім беру мекемесінің жылу жүйесі жаңартылса, келесі жылы шатыры бүтінделеді. Дегенмен, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілетін мектептердің саны азайған жоқ.Әлі 143 мектепке күрделі жөндеу жасау керек.  Биыл нақты қанша мектеп күрделі жөндеуден өтетіні әлі белгісіз. Балалардың қауіпсіздігі үшін жоғарыда аталған 143 мектептің  қайсысына болсын, уақытты көп созбай күрделі жөндеу жүргізу қажет.

Облыста апатты жағдайдағы 5 мектеп бар. Олар: Әйтеке би ауданындағы Жабасақ орта мектебі (1975 жылы салынған),  Алға ауданындағы Шибаев орта мектебі (1970 жылы салынған), Ойыл ауданындағы Соркөл (1961 жылы салынған) және  Ақшатау орта мектебі,  Мәртөк ауданындағы Қаратоғай орта мектебі. Қазір Шибаев орта мектебінің орнына жаңа мектеп салынып жатыр. Биыл пайдалануға беріледі. Қалған мектептердің құрылысын салу мәселесі 1-2 жылдың көлемінде шешілуі тиіс. Ақтөбе қаласындағы Кірпішті ауылындағы №18 орта мектеп те апатты жағдайда болатын. Аталған мектепке былтыр «Жол картасы» бағдарламасы аясында 20 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп күрделі жөндеу жүргізілді. Дегенмен, Кірпішті ауылында жақын болашақта 600 орындық жаңа мектеп салынады.

— Бағдарламада 2020 жылға дейін «Назарбаев зияткерлік мектептері» жобасы шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінде 20 мектеп салуы керектігі міндеттелген. Біздің облыста бұл тұрғыдағы жұмыс қолға алынды ма?

— Жұмысты бастап та кеттік. Құрылыс салатын жер бөлінді. «Назарбаев зияткерлік мектебі»  Ақтөбе қаласына қарасты Оңтүстік-батыс-2 ауданында бой көтереді.  Мектепте жалпы 720 бала білім алады деп жоспарланып отыр.

Ыстық тамақ пен тасымал

— Елімізде бүлдіршіндер мен балалардың сапалы тамақтануын ұйымдастыруға  аса мән беріліп жатыр. 2012 жылдан бастап облыс әкімдерінің рейтингісін анықтауда балалардың ыстық тамақпен қамтылуы да ескеріледі екен. Оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту туралы айтсаңыз? Республика бойынша әрбір бесінші мектепте асхана мен буфет жоқ көрінеді. Мектеп асханалары жабдықтарының 80 пайызы ескіріпті. Біздің мектептердің асханаларының жай-күйі қалай?

— 2005 жылы оқушылардың 19,1 пайызы ғана ыстық тамақпен қамтылған.

Ал қазір ыстық тамақты ұйымдастыру 85 пайызға жетіп отыр (республикалық көрсеткіш — 70 пайыз). Облыста 448 мектеп бар. Қазір соның  410-ында (91 пайыз) балаларға ыстық тамақ беріледі. Облыстағы 59 мыңнан астам бала, яғни жалпы оқушылардың 63 пайызы тегін тамақтанады. Бұлар негізінен бастауыш сынып оқушылары, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары.

Жыл сайын 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту артып келеді. Дәл қазір бастауыш сыныпта оқитын балалардың 98 пайызына тегін тамақ беріледі (республикалық көрсеткіш — 45 пайыз). Қарғалы, Қобда, Ойыл аудандарындағы оқушылардың барлығы тегін тамақтанады.

Былтыр 110 мектептің асханасы жаңартылды. Заман талабына сай жабдықтар мен жиһаздар сатып алынды. Жалпы мектеп асханаларының 70 пайызы жаңа жабдықтармен қамтылған.  2015 жылға дейін 292 мектеп асханасын  жабдықтау жоспарланып отыр. Бұл мақсатта 146 млн. теңге бөлінеді.  Қаржы мәселесі тезірек шешілсе, дереу іске кірісеміз. Ондай жағдайда 1-2 жылдың шамасында барлық асхананың жағдайы жақсарады.

Осы жақында ғана облыс әкімі Елеусін Сағындықов мұғалімдермен кездескен болатын. Сонда облыс басшысы Елеусін Наурызбайұлы  білім беруді дамытудың 2011-2020 жылға арналған бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындауды 2020 жылға дейін созбай, 4-5 жылдың ішінде орындаймыз деп мұғалімдерді қуантып тастады.

— Бағдарламада мемлекет қаржысы есебінен оқушылардың барлығына бірдей мектептерге тегін тасымал ұйымдастыру керектігі міндеттелген. Бұл мақсатта қандай жұмыстар жасалып жатыр?

— Үкіметтің қаулысына сәйкес, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар тұратын мекен білім мекемесінен 3 шақырым қашықтықта болса, онда балаларға күнделікті ақысыз тасымал қамтамасыз етілуі тиіс. Біздің өңірде бұл іс жақсы жолға қойылып отыр. Облыс бойынша 3 шақырым қашықтықта 4063 оқушы бар. Оның 2333-і Ақтөбе қаласында тұрады. 2009 жылы балалардың тасымалын қамтамасыз ету үшін 46 автобус сатып алынды. Нәтижесінде,  3 шақырым қашықтықтағы оқушылардың барлығына бірдей тегін тасымал ұйымдастырылды.

«Көлік туралы» Заңға сәйкес, Ақтөбе қаласында және Шалқар, Хромтау, Қандыағаш, Ембі қалаларындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары қоғамдық көліктерде жеңілдетілген жолақы төлейді. Қоғамдық көліктерде мүгедек балаларға тегін қызмет көрсетіледі.

2015 жылға дейін  24 автобус сатып алу жоспарланып отыр. Бағдарламада оқушылардың барлығына бірдей мемлекет қаржысы есебінен тегін  тасымал ұйымдастыру керектігі міндеттеліп отыр. Әрине, тапсырманы орындаймыз. 2020 жылға дейін мектеп оқушыларының барлығы мектеп автобустарымен тасымалданатын болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button