Жаңалықтар

Ақтөбе экологиясына үш ірі компания залал келтірген 

  • Брифинг

Эколог мамандар өңірдегі өндіріс орындарында тексеру жұмыстарын жүргізіп, бірталай заңбұзушылықты анықтады. Заңды белден басқандар қандай жауапкершілікке тартылады?

Дүйсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Карибаев баяндама жасап, биылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс нәтижесі туралы айтты. Құзырлы орган облыстағы 3 ірі компания — «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Коппер Текнолоджи» ЖШС және «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ қатысты профилактикалық бақылау жүргізген.  

— «Ақтөбе хром қосындылары зауытында» 3 заңбұзушылық табылды. Атап айтсақ, компания талапқа сай мердігер ұйымдарға қалдықтарды бермеген, жер асты суларының мониторингі бойынша хаттамаларды ұсынбаған, сондай-ақ жер учаскесінің ластануына жол берген.

Ал  «Коппер Текнолоджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты 6 заңбұзушылық анықталды: өндірістік экологиялық бақылау дұрыс жүргізілмеген, ішкі тексерулер және өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері экологиялық рұқсат шарттарымен салыстырылмаған, карьер аумағындағы өндірістік нысанда қалдықтардың есебі жүргізілмеген, ластаушы заттар экологиялық рұқсатсыз шығарылған, «Приорское» кен орнындағы карьер учаскесінде жоспардан тыс және мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысынсыз өндірістік нысан салынған, сонымен қатар соңғы аталған жер сарқынды сулармен түсетін заттармен ластанған.

«Ақтөбе мыс компаниясы» серіктестігінде де 7 заңбұзушылық әшкере болды. Айталық, өндірістік экологиялық бақылау талапқа сай жасалмаған, ішкі тексерулер және өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері экологиялық рұқсат шарттарымен өзара салыстырылмаған, карьер аумағындағы өндірістік нысанда қалдықтардың есебі жүргізілмеген, «Весенно-Аралчинское» кен орнында ластаушы заттардың төгілген және соған іргелес аумақ техникалық майлармен ластанған, сифонды су жіберу құрылысы мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысынсыз іске асқан, сонымен бірге сол кен орнында қалдықтар заңсыз көмілген.

Бұның барлығы — экологиялық талаптарты бұзу. Айналып келгенде 3 компаниядан 16 заңбұзушылық анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдар салынды, — деді Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің өкілі Марат Карибаев.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button