Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Импортты алмастыратын отандық өнім

  • Қазақстанның үздік тауары

«Ferroom» ЖШС «Қазақстанның үздік тауары-2022» көрме-байқауының аймақтық кезеңінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясына ие болды. Жеңімпаз компания енді байқаудың республикалық кезеңіне қатысады.

Өртке төзімді жабдықтар мен металл жиһаздар өндіретін компания ел нарығына 2018 жылы қосылды.  Бүгінгі таңда компания жоғары сапалы металлдан жиһаз жасап, корпустық металл бұйымдарын өндіру желісін құрып отыр. Оның ішінде өндіріс тізбегінің барлық кезеңдері — жоғары технологиялық лазерлік станокта бұйымдарды кесу, ию, дәнекерлеуден бастап, дайын өнімді ұнтақ бояумен бояу, оны буып-түю және сатуға дейін жолға қойылған. Компания жұмысының негізгі қағидаттары — технологиялық режимдерді, кәсіпорындардың стандарттарын  мұқият сақтау, өнім сапасын қатаң бақылау, инновацияларды үнемі енгізу, қабылданған міндеттемелерді адал орындау, әр клиентке жеке көзқарас. Өндіріс жұмысын жақсарту мақсатында жапондық кайдзен жүйесі де енгізілген.

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова компанияда болып, өндіріс технологиясымен және өнім түрлерімен танысты.

«Ferroom» ЖШС директоры Мейрамгүл Файзулина клиенттердің сұранысына орай өртке төзімді шкафтар мен сейфтерден бастап, пошта жәшіктері мен стеллаждарға дейін металлдан жасайтындарын, барлық өнімдер сертификатталғанын айтты. Сондай-ақ оның айтуынша, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және Атырау облысындағы филиалдардың қоймаларында жеткізу жүйесі жұмыс істейді. Бұл ретте Атырау мен Шымкентте арнайы дүкендері бар.

— Біздің компания импортты алмастыратын отындық өнім шығарады, яғни бәсекеге қабілетті. Бүгінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа да бірқатар елдермен жұмыс істейді. Біз жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін өндіріс қуаттылығын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Жоғары білікті мамандар, сапаны бақылаудың жолға қойылған жүйесі, заманауи жабдықтар, кең ассортимент, сенімді серіктестер — бұл біздің компанияның ел нарығында өркендеуіне, ең бастысы болашаққа сеніммен қарауына мүмкіндік беретін табыс факторлары, — дейді компания директоры.

Өңірлік кәсіпкерлік палатасының директоры Дана Бекбауова Нұр-Сұлтанда өтетін республикалық байқауда кәсіпорын ұжымының табысты оралуына тілектестік білдірді.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button