Жаңалықтар

«Қамқор» қосымшасы қамқор бола ала ма?

  • Тікелей эфир

Бүгінде кәсіпкерлерді қорғаудың ерекше бір түрі — «Қамқор» мобильдік қосымшасы. Оны әрбір іскер азамат ұялы телефонына тегін жүктеп, заңсыз тексерістің алдын ала алады.
Бұл туралы кеше «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында Ақтөбе қаласының құқықтық статистика басқармасының бөлім прокуроры Әділбек Жұмабек тікелей эфирде баяндады.

Қазіргі таңда кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуды тоқтату, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде.  Аталған қосымша кәсіпкерлерге көмек ретінде іске қосылды. Оны ұялы телефонына жүктеген кәсіпкерге тексеріс келе қалғанда «Сізге тексеріс келе жатыр» деген ескерту-хабарлама келеді. Сондай-ақ қосымша тексерісті кім ұйымдастырғаны, құқықтық негіздемесі, заңдылығы туралы толық көрсетеді. Кәсіпкер заңсыз тексеріс кезінде немесе тексеріс басталмас бұрын құқықбұзушылық туралы онлайн түрде шағым жасай алады.
— Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті халықты ақпаратпен қамту үшін үнемі өзінің ақпарттық жүйелерін жаңартып, оған толықтырулар енгізіп отырады. Соның бірі «Қамқор» мобильдік қосымшасы. Оны «Googleplay» және «AppStopre» қосымшалары арқылы жүктеп алуға болады. Онлайн режимінде берілген өтініштер прокуратураға түсіп, жұмысты жеңілдетеді. Бізге келген арыз-шағымдар 24 сағаттың ішінде қаралап, міндетті түрде жауап беріледі, — дейді Әділбек Жұмабек.

Кейбір кәсіпкерлер мұндай қосымшаның бар екенінен де хабарсыз екен. Сондықтан аталған басқарма өкілдері мобильді қосымшаны кәсіпкерлерге барынша насихаттауды көздеп отыр.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Рахат Тәжібаев қазіргі заман талабына сай жасалған жоба нәтижелі болатынын айтады. Бұрын кәсіпкерлер бұл жұмыстарды хат алмасу арқылы атқарып келсе, енді үйден шықпай-ақ тындыра алады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button