Білім

Ғасырлық тарихы бар киелі ұя

  • Білім ордасы

Биылғы жылдың мен үшін өткен кезеңдерден өзіндік ерекшелігі бар. Алдағы алтын күздің бір жаймашуақ күндерінде облысымызға орта арнаулы кәсіптік білім саласы мамандарын даярлауда алдыңғы қатарда көрінген, өзіндік тарихы бар, жас мамандарға кәсіптік білім берудің берік дәстүрін қалыптастырған білім ордасы — Ақтөбе гуманитарлық колледжінің құрылғанына 100 жыл, тура бір ғасыр толады. Осы атаулы жылы өткен күннің естеліктері ойға оралып, «мені айт, мені айт» деп мазалағандай болады…

Соның реті келгендей ме деп, қолыма қалам алып отырмын. Оның үстіне биылғы жылы оқу бітіргенімізге жарты ғасырдай уақыт та болып қалған екен. Бұл оқу ордасынан білім алып, үлкен еңбек жолына қанаттанған біздер, түлектер, оқу ордасының атауын, оның атауымен бірге аталып келе жатқан тұлғалар есімін ұмытпаймыз, әрқашан есте сақтаймыз. Бізге білім беріп, мамандыққа баулыған біраз ұстаздарымыздың көпшілігі арамыздан кетіп қалғаны өкінішті-ақ. Дегенмен сол қасиетті ұстаздарымыздың есімі мен тұлғалары олардың ұстаханасынан шыққан біздің, шәкірттердің естеліктерінде сақталып қалды.

Иә, сонау жетпісінші жылдары өрімдей жас, он бес-он алты жасымызда емтиханнан сүрінбей өткендеріміз қасиетті қара шаңырақ Ақтөбе педагогикалық училищесі — қазіргі Ақтөбе гуманитарлық колледжінің табалдырығын аттап, алғаш ұстаз алдына барып, бастауыш білім берудің қыр-сырын танығанымызға бүгінде еш өкінбейміз, тіпті әрқайсымыз өзімізді бақытты санаймыз.

«Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек», — деген ұлы ғұлама әл-Фарабидің бұл тұжырымы бізге өмірлік азық болатындай етіп білім мен тәрбиені  ұштастыра берген  ұстаздарымыз туралы айтылған. Расында да, мен үшін де, менімен бірге төрт жыл бір курста оқыған студенттер үшін де кураторымыз Қибат Қауанова апайымыз өз үлгі-өнегесімен ұстаз тұлғасын сомдай білген тәлімгер болды.

Үлгі-өнегесі дейтінім — сөз саптауы, киім киісі, жүріс-тұрысы — бәрі-бәрі бізге, жасөспірім қыздарға таңсық, ерекше болып көрінетін. Біз ұстазымызға қатты ұқсағымыз келетін, ұқсадық та. Жылдар өте байқаймын, біраз қыздарымыздың бойында ұстазымыздың сол кездегі бейнесі, қылық-қасиеттері анда-санда көрініп қалады. Сондайда бір-бірімізге «ой, Қибат апайдай сөйлеп кеттің ғой» деп әзілдеп қоямыз. Шын мәнінде ұстазымыздың еңбекқорлығы, табандылығы, адалдығы, турашылдығы сияқты көптеген жақсы қасиеттерін бойымызға дарытқан екенбіз. Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады деген ұлы Абайдың сөзі рас екені тағы бір дәлелденгендей.

Табиғатынан өте қарапайым, өзінің мамандығын шын көңілден, риясыз сүйетін ұстазымыз Қанаш Жұмалыұлы жан-жақтан, әсіресе, ауылдардан болашақта мұғалім боламын деп келген үміткерлерге өз пәніне деген қызығушылықты оята білді. Ол білім алушылардың негізі көп ұната қоймайтын математика, арифметика, геометрия, физикадан дәріс беретін. Бір қарағанда орта бойлы, қоңыр жүзді ұстазымыз бастапқы кезде бізге осы қиын пәндердей жұмбақ, қатаң адамдай көрінгенімен, сөйлей бастағанда-ақ жүзі жадырап, көзінен жылылықтың ұшқынын байқайтын едік. Пәннен шошынған бізге ұстазымыз небір қиын ереже, формулаларды, шешуі күрделі есептерді аудиторияда отырған өзімізді қатыстыра отырып, түсіндіретін. Физика, геометрия сабақтарында тақтаға шартты белгі ретінде салынған сұлбамызды көргенде,  бір-бірімізді мазақтай отырып, күлетін едік, сөйтіп мағына-мәнін түсініп болмайтын, небір ереже, аксиомаларды игеріп алғанымызды сезбей де қалатынбыз.

Өте еңбекқор ұстазымыз ширақ жүрісімен өзінің шаршағанын білдіртпейтін. Сол кездері қаламыздың Москва және мөлтек ауданы арасы құрылыс салынбаған, ашық дала болғандықтан, бергі жақта орналасқан училищеде таңғы сегізде басталатын сабаққа ұстазымыз №15 автобуспен келетін. Сабаққа кешігіп қалмауға тырысып, үйден таң қараңғысында ерте шығып, мен де сол көлікке таласып-тартысып мінетінмін. Оқу орнын бітіргенімше, ұстазымыздың сабақтан кешігіп келгенін немесе келмей қалғанын байқаған емеспін.

Ұстаз өнегесі маған кейінгі еңбек жолымда еңбек тәртібін қатаң сақтап, өз шәкірттеріме үлгі болатындай сабақ болды. К.Д.Ушинскийдің «Мұғалім — зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» деген дана сөзі бар. Мен және менің курстастарым үшін мамандыққа баулып, ұстаз бен тәлімгерліктің небір қыр-сырын меңгерткен ұстаздарымыз біздің өмірімізде мәңгілік күннің құдіретті сәулесі болып қалмақ.

Нұрбәтес ТОБАҒАБЫЛОВА.
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button