Ауыл

Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз

«Әр ауыл әкіміне шамамен 50-100 миллион теңгедей аздап ақша бөлсек, олар аудандық мәслихаттардың бақылауымен қандай да бір қиындық көріп жатқан тұрғындарға қажетті мәселелерді шешер еді, шағын несиелер берер еді».

(Президент Жолдауы жолдарынан).

Елбасы Жолдауында ауыл әкімдеріне біраз ақша бөлінетіндігі айтылды. Ал бұл ауылдың жаңаруы, өркендеуіне ықпал ететіні анық. Ауыл әкімдері тұрғындарға шағын несие беру арқылы ауылдардағы жұмыссыздық мәселесін шешеді. Бұл – бір. Екіншіден, жаңа өндіріс нысандары пайда болады.

Біз ауыл әкімдеріне Елбасы уәде еткен қаржыны ең алдымен қандай мүддеге жұмсайтындығы, шағын несие алуға сұраныс бар-жоқтығы туралы сауалдар қойған едік. Ауыл басшылары былай дейді:

Жөндеу, жарықтандыру, жабдықтар алу – бірінші кезектегі іс

Мұхамбет БЕКМАҒАМБЕТОВ, Байғанин ауданы Оймауыт селолық округінің әкімі:

– Елбасы Жолдауында ауылға көбірек көңіл бөлінген. Мәселен, ауылдың жолын, клубтарды немесе басқа нысандарды жөндеу үшін қаражат бөлінетіндігі айтылған. Әрине, бұл – ауыл тұрғындары үшін өте жақсы жаңалық. Ауылдағы жолдың сын көтермейтіндігі рас. Оның үстіне, Оймауыт –  аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдардың бірі. Жолдың талапқа сай келмейтіндігі онсыз да ұзақ жолды одан сайын ұзартып жібереді. Біз жақсылықтан, жақсы сөзден үміттенеміз. Жолымыз жөнделсе, жағдайымыз да түзеледі.

Жолдауда қазірден бастап әр ауылдың кем-кетігін қалпына келтіру туралы айтылып, осы мақсатта құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берілген. Әрине, ауылды көгалдандырып, абаттандырсақ, халықтың көңіл-күйі көтеріле түсетіні анық.

Елбасы Жолдауына біз ризамыз. Әсіресе, ауыл әкімдеріне 50-100 миллион теңгеден бөлінетіндігі бізге серпіліс, күш-жігер берді. Ауылда бюджет жоқ екені белгілі. Қолымыз байланулы-тын. Аудандық бюджеттен бөлінген қаржыны қолымыздан келгенше үйлестіретін едік. Енді қаржы бөлінсе, шаруамыз дөңгелене түседі деп сенеміз.

Жақында аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі қандай салаға қанша қаржы керектігі туралы сұраған болатын.  Соған байланысты ұсыныстарымызды жібердік.

Оймауытта 700-ден аса адам тұрады. Расын айтқанда, ауылға керек нәрсе көп. Жөндеу жұмыстары да, жарықтандыру да, жаңа жабдықтар алу да кезек күттірмей істелінуі тиіс шаруалар. Мысалы, балабақша пешпен жылытылуда. Соған жылу қазандығын орнатқымыз келеді. Балабақшаны қоршап, балалар ойнайтын алаң жасау,  жабдықтау жоспарда бар. Сонымен қатар селолық Мәдениет үйіне жылу қазандығын орнату керек. Айналасына тал егу де жоспардағы іс. Мәдениет үйінің  сыртын темір шарбақпен қоршасақ, жақсы болар еді. Талапқа сай қоршалуы тиіс тағы бір ғимарат – аурухана.  Аурухананың есік, терезелерін алмастырып, еурожөндеу жасауды да жоспарлап отырмыз. Себебі емделетін, ем қабылдайтын жердің еңселі, әдемі болуы науқастардың көңіл-күйлерін көтеретіні анық.

Ауыл көшелерін жарықтандыру да уақыт созбай атқарылуы тиіс шаруа. Былтыр аудандық бюджеттен 70 мың теңге бөлініп, оған ауылдың бір көшесін жарықтандырдық.

Әр көшеге колонка орнату да жоспарда бар. Тағы бір айта кететін жайт, мектепке де жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ғимараттың төбесін жаңа үлгідегі құрылыс материалымен қаптап, кабинеттердің барлығын жаңартсақ, жақсы болар еді. Сонымен қатар мектептің жылу жүйесін толықтай алмастыру қажет.

Аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне берген ұсыныстарымыздың жалпы мазмұны осындай. Жалпы, осы жұмыстар үшін 92 млн. теңге керек.

Жоспарланған шаруалар биыл істелсе, онда ауылымыз едәуір ажарланып, абаттанып қалатыны анық.

Тағы бір айта кетер жайт, шағын несие туралы. Ауылда шағын несиеге алуға ынта-ықылас білдірушілер жоқтың қасы. Расын айтсам, бір тұрғынға несие алу туралы үгіт-насихат жүргізіп жатырмыз. Шаштараз ашсақ деген ойымыз бар. Ауылда екі жыл қалада шаштаразшы болып жұмыс істеп келген маман бар. Сол тұрғынға: «Жеке кәсібіңді ашып, жұмыс істе, айналайын. Жұмысыңды жандандыру үшін 100 мың несие алып беруге көмектесеміз», – деп едім. Әзір көнбей тұр. Ұмтылыс жоқ. Бірақ келіседі  деген ойдамыз.

Жолдауды насихаттау мақсатында біраз жұмыстар жасалып жатыр. Жиындар өткізілді.

«Шағын және орта бизнес болмай, мықты экономика болмайды», «Ауыл шаруашылығын қолдау – молшылықты қолдау» тәрізді ұғынықты сөздерді жазуға Ақтөбе қаласындағы суретшілерге тапсырыс бердік.

Кәсіпкерлерге көмектесер едім

Зоя БӨЛЕКОВА, Әйтеке би ауданы Қарабұтақ селолық округінің әкімі:

– Ауылға не қажет, көріктендіру үшін не істеу керектігі жөнінде аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне ұсыныстарымызды бердік. Ақша бөлінсе, алдымен ауылды көріктендіру, жарықтандыру, селолық округтің

жолдарын жөндеу, асфальт төсеуге жұмсар едім. Сонымен қатар ауылдағы саябақтың ішін ретке келтіріп, ондағы Әйтеке би бабамыздың ескерткішінің айналасына тал егу жоспарда бар.

Салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттық ойындардың маңызы зор. Соған байланысты стадионға жөндеу жұмыстарын жүргізсек, жақсы болар еді.

Соңғы жылдары ауылдан біраз отбасылар көшіп, кейбір үйлердің орны босап қалды. Сондықтан үйлердің реттік номерлеріне өзгеріс енгізу қажет. Селолық округте 2 екі қабатты үй бар. Соның біреуінде бір отбасы тұрады. Қалған бөлігі иесіз, ескі. Екіншісі тіпті қаңырап тұр. Сол екі тұрғын үйді жөндесек деген жоспарымыз бар. Ауылдың тұрғын үй қорында үй жоқ. Сол екі үйді жөндесек, жағдайы жоқ кісілер баспана сұраса, пайдалануға береміз.

Қарабұтақ халықаралық, республикалық  маңызға ие жолдардың («Самара – Шымкент», «Ақтөбе – Қостанай») бойында орналасқан. Әрлі-берлі өтетін жүргіншілер көп. Сондықтан ауылымыздың сән-салтанаты келісіп тұрғанға не жетсін?! Өкінішке орай, қазір ауылдың айналасы бірнеше жылдан бері жиналған күл-қоқысқа толы. Бұрын қоқыс төгуге белгіленген жер болатын. Қаржының тапшылығынан күл-қоқыс шығару ісі тоқтап қалды. Осы істі қайтадан қалпына келтіру де кезек күттірмей шешілуі тиіс шаруа. Сонымен қатар ауылда өлген малды тастайтын жер жоқ.  Қазір көктем мезгілі. Төлдер өлі тууы немесе тағы басқа жағдайлар болуы мүмкін. Сондай жағдайда санитарлық талапқа сәйкес шараларды жүргізу үшін арнайы жер керек. Сондай-ақ, тал-терек отырғызу да бүгінгі күннің шаруасы.

Селолық округке қарасты Еңбек туы деген ауыл бар. Аталған ауыл жолдың бойында орналасқан. Қыста сол ауылға қатынау қиын. Әсіресе, қарлы қыста ауылға жол болмайды. Сондықтан, Еңбек туына көтерме жол салу жоспарда бар.

Айта берсек, істейтін жұмыс көп. Жоспардың жүзеге асуы қаржыға байланысты. Малдардың құлағына сырға тағу, қаңғыбас иттерді ату да істелінуі тиіс іс.

Шағын несие алуға сұраныс бар. Бірақ істі үйлестіре алатын адамға береміз.  Ауылда шаштараз жоқ. Шаштараз, фотосалон, шағын наубайхана ашуды жоспарлап отырмыз.  Негізі, қазір ауылда фотоға түсіріп, шығаратын маман мен нан пісірушілер бар. Бірақ олар жұмысты үйлерінде істеп жатыр. Одан гөрі арнайы ғимаратта, талапқа сай жұмыс істеген дұрыс емес пе? Ол үшін шағын несие беріп, жабдықтар алуына мүмкіндік жасауымыз керек. Сонымен қатар ауылға ет сататын шағын цех керек. Жақында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы келеді. Сонда кәсіп ашуға ынталы тұрғындарға шағын несие алу үшін қойылатын талаптар түсіндіріліп, кеңес беріледі.

Ауыл тұрғындарының жалпы саны – 4 мыңға жуық. Жақында 24 адам жұмыстан қысқарып, ауылға қайтып келді (бұрыннан тіркеуде 23 адам тұр). Олардың  кейбіреуін орман шаруашылығы мен «Қарабұтақ» ЖШС-ға жұмысқа тұрғызу жоспарда бар.

Ауылда су құбырларын салу республикалық ауыз су бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатыр. Жұмыс былтыр басталды. Жоспар бойынша биыл аяқталуы керек.

Былтыр Т.Шевченко мен Қ. Шаңғытбаев атындағы мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Белқопа орта мектебіне жаңа жылу жүйесі орнатылды. «Ақбөбек» балабақшасы мен мұражайға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал «Мир» кинотеатрына күрделі жөндеу жұмысы жасалды.  Өткен жылы селолық кітапханаға күрделі жөндеу басталған еді. Биыл жөндеу жұмыстары жалғасады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауылға кіре беріс жолға (800 метр)  асфальт төселді.

Г. БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button