Спорт

Жеңілістен кейінгі жеңіс

Футбол

Төртінші турда Астанада «Локомотивтен» 0:1 есебімен ұтылып, өзінен кейін тұрған командаларды бір «қуантып» тастаған «Ақтөбе» 4 сәуір күні жанкүйерлеріне қайтадан жеңіс сыйлады.

Әзірге Шымкентті шаттандырудың ретін таба алмай келе жатқан «Ордабасы» Ақтөбеде тағы да сүрінді. 14-минутта Тити Эссомба,  74-минутта Марат Хайруллин соққан голдарға 80-минутта бір доппен ғана жауап қайтарған шымкенттіктер кезекті жеңіліске мойынсұнды.

«Ақтөбе» 12 ұпаймен турнир кестесіндегі екінші орынды меншіктеді.

Бірінші орында бұл турда сырт алаңда «Таразды» 1:0 есебімен ұтқан, 12 ұпай жинаған «Жетісу» тұр.

Қарағандыда бір-бірінің қақпасының құлпына кілт таба алмай, «тату» тарасқан (0:0) «Шахтер» мен «Локомотив» тиісінше үшінші, төртінші орындарға тұрақтады. Бұл екеуінің ұпай сандары да тең — 10.

Бесінші орын иесі — сырт алаңда «Қайратты» 3:1 есебімен ұтқан, сөйтіп ұпай санын 9-ға жеткізген «Ертіс».

Ал өз алаңында «Тобылмен» 2:2 есебімен тең түскен «Восток» бел орта тұста тұр: 6 ұпай, 6-орын.

Бұл турда Қызылордада өзара ойнап,  жеңген «Қайсар» мен жеңілген «Атыраудың» (1:0) ұпайлары теңесті — 5. Павлодарға барған «Қайрат» та осы 5 ұпайды көбейте алмай қалды. Сөйтіп, 7,8,9-орындарды кезегімен «Атырау», «Қайрат», Қайсар» бөлісті.

10-орындағы «Тобылдың» жинаған ұпайы — 4.

Премьер-лиганың турнир кестесіндегі сүйкімсіздеу соңғы екі орынның иелері — бұл турда да сан соққан, 3 ұпайдан ғана жинаған «Ордабасы» мен «Тараз».

  • Мергендер тобын қарсыластар қақпасына 4 доп соққан жерлесіміз Марат Хайруллин бастап келеді.
  • «Ақтөбе» келесі ойынын сырт алаңда өткізеді. Сенбі күні, 9 сәуірде «Тараз» командасымен кездеседі. Ең соңғы орында тұрған тараздықтардың шегінетін жері қалмай тұрғаны белгілі. Жігіттерімізге сәттілік тілейміз!

Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button