Жаңалықтар

Жүк тасымалдау түйіткілі

  • Тасымал

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасы алаңында бизнестің проблемалық мәселелерін қарау бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Күн тәртібінде облыстағы жүк тасымалдаушылардың мәселелері талқыланды. Ақтөбелік жүргізушілер шет мемлекеттерге жүк тасымалдау үшін  рұқсатнама қағаздарының тапшы екендігін айтып шағымданып отыр.

— Қазір Ресей, Белоруссия мемлекеттеріне санкция салынғанын білесіздер. Сол себепті жүк тасымалдаушылар алыс Еуропа мемлекеттеріне шығуға мәжбүр. Ол үшін жүргізушілердің қолында халықаралық рұқсатнама болуы керек. Мәселен, біздің өңірге небәрі 190, Алматы қаласына 4 мыңға жуық рұқсатнама берілген. Бұл біз үшін тым аз… Осылайша, көптеген тасымалдаушылардың жұмыстары тоқтап қалды.

Қазіргі нарықтық экономикада мемлекеттік органдар тез арада шаралар қолдануы тиіс. Бұл мәселені республикалық деңгейде көтеріп, шешімін табуды көздеп отырмыз, — дейді аталған кеңестің төрағасы Алмат Қалымбетов.

Жүк тасымалдаушылар, әсіресе, Австрия, Латвия, Германия, Польша, Грузия, Чехия елдеріне рұқсатнама қағаздарының санын көбейтуді сұрайды.

Жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бүгінде бірқатар Еуропа елдерімен квоталарды ұлғайту бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқаны айтылды.

Кеңес қорытындысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің отырысына республиканың басқа өңірлеріндегі осы жағдайдың жай-күйін ескере отырып, Ақтөбе облысының жүк тасымалдаушыларының мәселесі бойынша қолдаухат жолдау, мемлекеттік кірістер органдарының қызметіне талдау жүргізуді жалғастыру ұсынылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button