Ауыл

Мәдениет үйі мен жол жөнделіп жатыр

Жұрын ауылының тұрғындары қуанып жүр. Себебі ауылдағы мәдениет үйі және Жұрын-Қаракөл тас жолы жөнделіп жатыр.

Жөндеу жұмыстары барысында мәдениет үйінің төбесі жаңартылып, толық аяқталды. Ішкі электр жүйелері ауыстырылып, көп жылдан бері жөндеу көрмеген көрермен залы, кітапхана, өзге де үйірмелерге арналған кабинеттер жөнделіп жатыр. «Шаңырақ» ЖШС-ның жоспары бойынша Мәдениет үйінің жөндеу жұмыстары тамыз айында толық аяқталады.

Жұрын және Қаракөл ауылдарының тұрғындары аудан әкімімен кездесу барысында Жұрын-Қаракөл тас жолының нашарлығын айтқан болатын.

Бұл жолды күрделі жөндеуден өткізу үшін облыс әкімінің тапсырмасымен жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Қаржының көлемі үлкен болуына байланысты 30 шақырымдық жол екі учаскеге бөлінді (0-15, 15-30). Биыл көктемде осы жолды жөндеу үшін үш рет конкурс өткізіліп, «САБ-ДорСервис» ЖШС жеңімпаз атанды. Қазіргі таңда мердігер мекеме арнайы техникаларын алып келіп, жолды қырып, тазартып, қиыршық тас тасып жатыр. Аудан әкімдігі мердігер мекемені Мұғалжар ауылында орналасқан қиыршық тас шығаратын зауыттармен байланыстырып, қиыршық тасты өз бағасына сатып алуға көмек көрсетті.

Бүгінгі күні жолды жөндеу жұмыстарына арнайы техникалар жұмылдырылды.

Жандос АЙТЖАНОВ,
Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button