Мәдениет

Театр

Періште көңіл жандар

Ақтөбеде гастрольде болған Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры көрермендер назарына 6 қойылым ұсынды. Олар: грузин драматургі А.Цагареллидің «Ханума» сазды комедиясы (режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерсайын Тәпенов), Дулат Исабековтің «Әпкесі» (режиссері ҚР еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов)», Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» драмасы (режиссері Асхат Маемиров), М.Хасеновтің «Пай, пай, жас жұбайлар-ай!» комедиясы (режиссері ҚР еңбек сіңірген артисі Мұрат Ақыманов), украин драматургі Мария Ладоның «Болмаған оқиға» драмасы (режиссері Мұқанғали Томанов), өзбек драматургі Саид Ахмадтың «Super келін» (режиссері Мұқанғали Томанов) комедиясы. Осылардың ішінен бірнеше  қойылымды көрудің сәті түскен еді. Хал-хадерімізше сол спектакльдер туралы пікірімізді білдіруді жөн санадық.

«Ғашықсыз ғасыр»

Драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың белгілі бір артиске арнап пьеса жазатын жақсы әдеті бар. Тоқсаныншы жылдардың басында Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында ҚР еңбек сіңірген артисі Лидия Кәденоваға арнап жазған «Ең әдемі келіншек» пьесасы бойынша қойылған спектакль әлі күнге дейін сахнадан түспей келеді. Облыстық театрлардың көбі сол дүниені сахнаға шығарды. Содан кейін  «Ғашықсыз ғасыр» драмасын қазақ сахна өнері саңлақтарының бірі, КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фарида Шәріповаға арнады. Бас кейіпкердің аты да Фарида болатын. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында осы спектакль қойылып, марқұм Фарида Шәріпова Фарида рөлін келістіріп сомдаған еді.

Орал театрында «Ғашықсыз ғасырды» өзіндік қолтаңбасы бар, психологиялық бағыттағы спектакльдер қойып жүрген  жас режиссер Асхат Маемиров сахналапты. Спектакль театр фойесінен басталып кетеді. Көрермендер профессор Қайырбай мен Фариданың күміс тойының куәсі болады. Қырықтың үстіне енді шыққан алпамсадай азамат пен толған айдай толықсыған әппақ келіншектің ажарына кісі қызыққандай. Тойдың аты той, кәдімгі өзіміз мезі болған қазақы той, онда да асаба қонақтарға ретіне қарай тост береді, әр адам асықпай өткен күннен естелік айтады, тілегін білдіреді. Ән айтылып, би биленеді. «Бұлары несі? Бізге той таңсық па еді?» дегендей  қипақтап, бір орнында тұра алмай, қозғалақтай бастаған халықты асаба көрермендер залына шақырады. Спектакльдің қызығы той өткен соң басталады. Сахнада Фарида: «Той жақсы өтті ғой, иә?» деп алаңсыз көңілмен, өмірге риза болып отыр. Тап осы сәтте үйіне арсың-гүрсіңдеу бір қыз кіріп  келеді. Есіктен кіре еркінсіп, өлең оқып, Қайырбай туралы сұрай бастайды. «Сен кімсің өзі?»деген Фаридаға:«Қайырбайдың көңілдесімін» деп айтып салады. Төбесінен жай түскендей болған Фарида сасқалақтап, не күлерін, не ашуланарын білмейді. Қызды қанша қуса да, үйден шығар емес.  Қыздың әңгімесінен оның аяғы ауыр екенін, егер Қайырбай үйленбеймін десе, жасанды түсік жасатуға дайын екендігін түсінеді. Фариданың 18 жасында тұрмысқа шығып,  жарты ғасыр отасқан, құдайдай сенген күйеуінің сатқындығына көзі жете бастайды. Әлгі қияли қыздың аты Нәзікеш екен. Оны Қайырбайдың: «Той өткенше мені мазалама,  кейін әйелімнен ажырасам, саған үйленем, екеуміз үй салып аламыз» деген деп алдарқатқанына біраз болыпты. Фариданың жас қызға  жаны ашып кетіп: «Солардың сөзіне сеніп жүрсің бе?» — деп қалатыны да бар. Нәзікеш кеткеннен кейін, есі-ақылынан адасқандай күй кешкен Фарида жанына келген жазығы жоқ кенже қызын жерден алып жерге салады. Фарида рөліндегі Бибігүл Исалиеваның ойыны шынайы шықты, көрермендер залы сілтідей тынып, оның басына түскен қайғы-қасіретке ортақтасып отырады. Біресе Фаридамен бірге «аһ» ұрып, көздерінің жасын сығып алса, біресе Нәзікештің өз дегеніне жету үшін қасиетті деген нәрселерден аттап, байбалам салып, бет бақтырмайтын қылықтарынан түңіліп кеткендей күрсінеді. Фариданың жанына екі елі қалмай еріп жүретін ақ қанатты періштеге Мұң деген ат беріпті. Бұл жерде періште жаны баладай таза, адалдығы үшін өмірден таяқ жеп жүрген Фариданың  жанына жалау боп жүргені аян. Той кезінде бақыттан жүзі бал-бұл жанған әйел әп-сәтте гүлдей солады, күйінгеннен жанын қоярға жер таппайды. Қайырбай келгенше дегбір табар емес. Бір кезде шалқып-тасып, Шәмшінің бір әнін шырқап  Қайырбай келеді. Келе келіншегіне еркелеп: «Кел билейік, кетпе менің қасымнан» — деп әндетеді. Ол әншейінде жарқылдап қарсы алатын Фариданың ашудан түтігіп кеткен жүзін алғашында байқай қоймайды. Ақыры Нәзікеш салған лаңның қырсығынан 4 қыздың әкесі, сүттей ұйыған отбасының тірегі  Қайырбайдың өз үйінен кетпеске лажы қалмайды. Сөйте тұра, өзіне адал жар болған, әдемі, сыпайы, көлгірліктен ада жан жары Фариданы кінәлі етіп көрсеткісі келеді. «Нәзікештің ішіндегі балаға обал емес пе? Қандай қатыгезсің?!» деп  бәле салады. Әсіресе, пендешілікпен «Мүмкін ол ұл бала шығар?» дегені сескендіреді.

Спектакльдің декорациясы жұпыны. Бұл қазіргі экспериментальді театрларға тән дүние. Олар сахнада  көп сөзден қашып, аз сөзге көп мағына сыйғызуға, ым мен ишараға, қимыл-әрекетке көп орын беруге ұмтылады. Сахнада дәу кереует тұр. Бір шаңырақтың ортаға түскенін көрсеткендей, Фарида мен Қайырбай ажырасқаннан кейін кереует екіге бөлініп түседі. Нәзікешпен қосылып бақыт таба қоймайды, Қайырбайдың жас әйелі де қыз туады. Соған бола, әлде жастай қосылып, ың-шыңсыз 25 жыл өмір сүрген Фаридаға жасаған опасыздығы жанын қинай ма, Қайырбай ішкілікке салынып кетеді. Кенже қызының дәнекер болуымен өз шаңырағына келген Қайырбайдың соңынан Нәзікеш   қуып  келеді. Өзінің  қылығына қарамай: «Біреудің некелі жарымен құшақтасып отырған деген не сұмдық?!»— деп ұрыс шығарып, Қайырбайды ертіп кету үшін: «Баланы терезеден лақтырам!» деп қоқан-лоқы жасайтын жері бар. Нәзікеш рөліндегі Эльмира Мақашева өз кейіпкерін өте нанымды бейнелейді. Спектакль соңында баласын Фаридаға әкеп тастап кетеді. Сондағы айтатын уәжі: «Қазақпыз ғой енді!». Сөзге қонақ бермейтін, не істеп, не қойып жүрген өзі білмейтін Нәзікеш сияқтыларды жеңу оңай емес.

Ал Фариданың  құрбысы Райханның тағдыры тіпті қызық. Райхан құрбысына: «Ойбай-ау, сені тастап кеткен бір-ақ адам ғой, мені кім тастап кетпеді?» немесе «Сенің күйеуің адам екен ғой, біреуге кетіп қалды, ондай ерлік қолынан келеді екен. Ал менің күйеуімнің қолынан ондай да келмейді ғой!» деп отыздан асқанда тиген можантопай күйеуіне деген ренішін ақтарады. Райхан-Хорлан Шамелова да рөлін келістіріп ойнайды.

Спектакльге еш уақытта мәнін жоғалтпайтын адам тағдыры, әйел тағдыры өзек болған. Әншейінде күйкі тірлікпен жүріп мән бермейтін, күнделікті өмірде кездеспей тұрмайтын жайттар көрерменнің жүрегін қозғайды, тітіркендіреді, ой салады. Спектакль айтар ойымен де, өзіндік формасымен де көрерменін риза етті.

Тым қарапайым хикая

Оралдағы қазақ драма театрының бас режиссері Мұқанғали Томанов қойған украин драматургі Мария Ладоның «Болмаған оқиға» («Очень простая история») атты драмасын да ақтөбелік көрермендер жақсы қабылдады. Бұл пьесаны қазақшаға аударған — Батыс Қазақстан облыстық театрының директоры Құжырғали Телеуішев.

Мария Ладо — драматург, сценарийші әрі актриса. Теледидардан көрсетіліп жатқан «Екі тағдыр» атты сериалдың сценарий авторы. Оның «Болмаған оқиға» пьесасы Ресейдің көптеген қалаларында, ТМД елдерінде, шетел сахналарында қойылды. Қазақстан театрлары да, оның ішінде Ақтөбедегі Т.Ахтанов атындағы драма театрдың орыс труппасы да бұл дүниені қойды, халық жақсы қабылдады.

Спектакль оқиғасы тым қарапайым. Барлық іс-әрекет қора ішінде  өтеді. Оның ішінде кәрі бие, бұзаулағалы тұрған сиыр,  әтеш, Крепыш атты ит, томпаңдаған торай бар. Жинаулы тұрған биік шөптің үстіне  шығатын саты, оны-мұны сақтайтын сандық тұр.

Ауқатты қожайынның қызы Дашаның аяғы ауыр.  Бұған кінәлі — көрші маскүнемнің баласы Алексей, бірақ ол қыздан басын алып қашып тұрған жоқ. Екеуінің кездесетін жері де осы қораның іші. Екі жас бір-бірін сүйеді. Алайда мұны естіген Дашаның анасы: «Әкең мұны естімесін, әйтпесе Алексейдің жанын шығарады. Одан да тезірек бойыңды тазалатып, баладан құтыласың», — дейді. Шынында, күнде қорасындағы тығулы жатқан  самогонын ұрлап жүрген жалаң аяқ кедей көршінің  баласына қожайын қызын өлсе де бермейді. Маскүнем көршісін сұмдық жек көреді. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, театр және кино актері Сердеш Қожамұратовтың сахнаға  әр шыққанының өзі олжа, маскүнемді айнытпай салады, әні қандай тартымды. Спектакль соңында өзінің немересінің жолында  өмірін қиятыны да иландырады.

Осы арада Дашаның баласын аман алып қалу үшін  жануарлар оқиғаға араласып  кетеді. Жылқының (оның рөлінде актриса Гүлжиян Шынтемір):«Қалай көзі қиып тастайды екен құлынын?» деген мұңлы даусы тыңдаған кісінің жүрегін дір еткізеді.

Сәл дыбысқа елеңдеп, қораға бір кіріп, бір шығып жүретін саққұлақ Крепыш сыртта болып жатқан жаңалықтарды айтып келеді. Ал Әтеш болса қызылкеңірдектеніп радиодан естіген жаңалықтарын айтып, өз ойын дәлелдеп әлек. Қораға кірген-шыққандарында сахнада артық қозғалыс, іркіліс жоқ, бәрі де өз орнымен болып жатады. Актер Бақытжан Өтеғалиев қызуқанды, тыз етпе әтештің беймаза мінезін жақсы келтіреді. Бұзау күтіп жүрген Зорьканың да Дашаның ішіндегі балаға жаны ашиды. Ал әрдайым бірдеңеге таң қалып, сұрақты жаудырып жүретін торай: «Қос қанат құсқа біткен маған бітсе!» деп армандайды, қораның сыртындағы өмірді көргісі келеді, ал қожайын болса оны сою үшін жемдеп жатыр. Бейкүнә торай қожайынын жақсы көреді, ол өзін алып кетуге келе жатқанда қатты қуанады: «Менің ұшқым келетінін естіген ғой» деп. Бір кезде Крепыш қораға жүгіріп  кіреді, торайды бауыздағалы жатқанын айтады, сонда жануарлардың қиналғанын көрсеңіз. Көріп отырған біз де  кісі өлгеннен кем қайғырмадық, жанарымызға келген жасты ірке алмадық. Кейін торайдың періште болып өз ортасына оралғанына қуандық. Торайды сомдаған Эльмира Мақашованы танымай қалдық. Қай рөлге де жанын салады екен. «Ғашықсыз ғасырдағы» парықсыздау қыздың рөлінен кейін періштедей пәк торайдың бейнесінде мүлде басқаша көрінді, актриса шебер ойыны арқылы көрермен ықыласына бөленді.

Ал адамдардың өзінің ұрпағын тумай жатып ажал құштыратынына титтей де болса өкінбейтінін, қатыгездігін салыстырмалы түрде көрсеткісі келген украин драматургының хикаясы бүгінгі күннің сұранысына жауап бере алды дей аламыз. «Адамдардың жануарлардан айырмашылығы адамшылығында, жүрегінің жұмсақтығында емес пе еді, олардан да төмен болып барамыз ба?» деп ойлайсың бір сәт. Күнделікті өмірде баланы жетімдер үйіне, қартайған ата-анасын қарттар үйіне шімірікпей тапсырып, жер басып жүрген жандардың барлығына налисың.

Жалпы, Батыс Қазақстан қазақ драма театры ұжымының үлкен ізденіс үстінде екендігі, заман талабына ілесуді ойлайтындығы әрбір қойылымнан байқалды. Актерлердің сахна қозғалысына мән беретіні,  өздерін сахнада судағы балықтай еркін, жеңіл ұстайтыны, биге де, әнге де икемділігі, өздері сомдаған рөлдің сөзін халыққа жеткізуге тырысатыны байқалды. Мұндай гастрольдердің көрермендер үшін де ауадай қажеттігін сезініп қайттық.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button