Тұлға

Әкімәлі ақынның баласы еді…

Өмірде тағдыры өзгеше адамдар болады. Олар алдарынан қандай қиындық кездессе де, мойымай, ағысқа қарсы жүзеді, жігерін жасытпайды. Ұлы отан соғысының ардагері Шаһимарал Қаржауов та сондай бітімі бөлек жандардың бірі еді.
Көпшілік арасында Марал атанып кеткен бұл кісі қашанда сабырлы қалпын сақтап, өмірге байыппен қарап, тіршіліктің өнегелі тәлімдерін жан-жағына таратып отыратын. Сырт көз жүріс-тұрысына қарап майдангер ретінде білетін. Оң аяғын сылтып басуы — оның сол бір қанды соғыстан қалған мәңгілік ескерткішіндей еді.  Ұлы Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі  болғанымен, бұл кісі еңбектен қалып немесе жалпы жұрттан бөлініп, жеңілдік іздеген жері болған жоқ. Сонысымен де айналаға қадірлі болды.

Есімі өзгешелеу қойылған Шаһимарал Қаржауов Хромтау ауданына қарасты №18 ауылда 1922 жылы дүниеге келген. Жиырма жасында Ақтөбе қалалық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына алынады. Әуелгіде Саратов қаласынан онша қашық емес тұстағы қосалқы полк құрамында жауынгерлік дайындықтан өтіп, бірінші мамырда Волхов майданындағы 54-армияның 198-атқыштар дивизиясының 1027-атқыштар полкіне келіп қосылады. Мұнда саперлер взводында ефрейтор шеніне ие болады. Көп ұзамай атқыштар ротасында бөлімше командирі болып жүріп, жеңіс жолындағы жанкешті ұрыстарға қатысады. Майдандастары арасында көш бастап, жаудың ДЗОТ-ын алғандары үшін «Ерлігі үшін» медалымен марапатталады.
Соғыстың қызған тұсында, яғни атақты 1943 жылдың қысында ол едәуір тәжірибе жинақтаған, қатарларына енді қосылған жас жауынгерлерді баулитын білікті жауынгерге айналады. Осы тұста атқыштар ротасында старшина шенімен жүрген оны пулеметшілер ротасына ауыстырады. Ал тамыз айында кіші командирлер даярлайтын курсқа жіберіліп, одан пулемет взводының командирі болып оралады. Кіші лейтенанттың бастауымен кеңес жауынгерлері талай жаудың көзін жояды. Осындай қиян-кескі шайқастардың бірінде кеудесінен ауыр жарақат алған ол, бірнеше ай госпитальда емделеді. Содан кейін майданға қайта оралады. Енді Беларусь майданындағы 28-армия құрамында қолға қару ұстайды.
Польша жерінен Шығыс Пруссияға басып кіріп, шекарадан 40 шақырым Шталлупинен қаласына дейін жауды қууға қатысады. 1945 жылдың қаңтар айында шабуылға шыққан сәтінде жау әскері қойған минаға түсіп, оң аяғынан жараланады. Бұл жолы 1945 жылдың қазан айына дейін Иваново қаласындағы госпитальда емделеді.


Ол ұлы Жеңіске осылайша үлес қосады. Қаншама қысталаң сәттерде өзін де, жолдастарын да жау оғынан қорғай жүріп, неміс фашистеріне аяусыз соққы берді. Көптеген майдандастарынан көз алдында айырылғанын да қапалана отырып әңгімелейтін.
Ол елге келген соң қызу еңбекке араласады. Сауда орындарында экспедитор, есепші болып қызмет атқарады, содан кейін Шымкент құрылыс техникумында білім алып, «Ақтөбесельстрой» тресінде техник, инженер болады. Майдангер аға зейнет демалысына шығар қарсаңда қазіргі облыс орталығы аумағындағы «Новый» кеңшарында прораб болып еңбек етеді.
Тылда, ауылда тары егіп, жеңістің жақындауына адал еңбегімен үлес қосқан Қалима Қуантаевамен  соғыстан кейін шаңырақ көтереді. Олар сегіз перзент тәрбиелеп өсіреді. Қалима апа бала өсірумен бірге, Мемлекеттік банк кеңсесінде белсенді есеп қызметкері ретінде көзге түседі.
І дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, көптеген жауынгерлік  медальдардың иегері Марал атаның шаңырағын бүгінде ұлы Нұрлан ұстап отыр. Басқа балалары да азамат болып, қоғамға қызмет етуде.
Оның дүниеден өткеніне он жеті жылдай уақыт өтті. Ол 2005 жылы Жеңіс күні қарсаңында жарық дүниемен қош айтысты. Артында ұрпағы қалды. Балалары Күләш, Лиза, Мария, Нұрлан, Талғат, Мәншүк, Бауыржан, Асқар, олардан тараған немере-шөберелер Шаһимарал аталарының есімін мақтан тұтады.
Сөз басында айтқанымыздай, біздің кейіпкеріміздің тағдыры өзгеше екендігінің бір себебі, ол — сонау отызыншы жылдары қуғын-сүргіннің құрбаны болған атағы елге жайылған ақын Әкімәлі Қаржауовтың баласы.
Әкімәлі Қаржауов 1885 жылы бұрынғы Новоресей ауданының аумағындағы Ойсылқара болысына қарасты №18 ауылда кедей-шаруа отбасында дүниеге келеді. Оның ақындық таланты жас кезінен көрінеді. 1916 жылы қазақтарды майдандағы қара жұмысқа алу жөнінде патша жарлығына сәйкес ол Польша жеріндегі Прода деген қала маңында қорғаныс үшін қажетті ор қазады. Өмір қиындықтарын бастан кешірген ол өзінің сол тұста жазған «Жәңгірге хат», «Халқыма хат», «Молдаштың хаты» деген өлеңдерінде майдандағы өзі тұстас жігіттердің көрген ауыр азабы мен шектен шыққан қорлық-зорлықтарын ашына жазады.
Әкімәлі 1927-1928 жылдары губерниялық «Кедей» газетінің жұмысына белсене қатысып, өзінің өлеңдері мен мақалаларын үзбестен жариялап тұрған, басылымның елдегі штаттан тыс тілшісі болған. Ол өзінің мақалаларында бұқара халықты өнер-білімге, еңбекке шақырады, жақсылыққа үндейді.
Сол тұста жазған «Үлесіңді алып қал!» деген өлеңінде:
…Кедей едің байға еңбек сіңірген,
Ертең түсте келдің, кетіп іңірден.
Жалақыңды түгел бермей сонда да,
Бай емес пе ед қаныңды судай сімірген?
…Жауың бүгін көз алдыңда таланды,
Кезеген оқ маңдайына қадалды.
Тартқан таңба осылып тұр тәнінде,
Белсенділер, мықтап тіре табанды, — деп кедей табын — қара халықты еңсесін көтеруге жетелейді.
Ақиқатқа тура қарайтын адуынды ақын «Бесжылдық план — иірілген қара жылан», «Кәрі құдай, қайдасың, Большевик салды найзасын!» деген өткір өлең жолдары үшін қамауға алынып, 1931 жылы 58-статьяның 10-тармағымен айыпталып, «халық жауы» атанады. Үштіктің шешімімен 10 жылға еңбекпен түзету легеріне айдалады. Сол жақта қысыммен жүріп, қайтыс болады.
Оның ардақты есімі арада отыз жылдай уақыт өткенде ғана ақталып, халқына оралады.
Тоқсаныншы жылдардың басында Құдықсай ауылында Әкімәлі Қаржауовты еске алуға арналған, рухына бағышталып ас берілді. Оған қазақтың белгілі қаламгерлері Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев Алматыдан арнайы келіп қатысты.
Сол тұста өлкетанушы Баянғали Құлтаевтың бастамасымен ақын өлеңдерінің бір бөлегі баспадан «Халқыма хат» деген атпен жарық көрді.
Ал биылғы жылы Әкімәлінің «Ойым — ұзын, қол — қысқа» атты қомақты еңбегі оқырмандарымен табысты.
Отызыншы жылдары қапаста жатқан ақын елге жазған хатында былай деген екен:
Шаһимарал шырағым,
Биыл жеттің сегізге.
Нәсілің адам жаралған,
Топырақтан болған негізде.
Инабатың жар болсын,
Иманды болғай лебізге…


…Биыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасының Ұлы Жеңістің 77 жылдығына арналып, «Қаhармандар мәңгі есімізде!» атты кездесу ұйымдастырылды. Оған майдангер Шаһимарал Қаржауовтың ұрпақтары — бала-келіні Нұрлан мен Ләззат, қызы Мәншүк, шөберелері Кәусар,  Әкімалы, Ханшайым қатысты.
…Өмір бір орында тұрмайды. Майдангер Шаһимарал Қаржауовтың ұрпағы әкелерінің 100 жылдығына орай еске алу шарасын өткізуге дайындалуда.
Шүкір, артында із қалды деген осы болар…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button