Жаңалықтар

Шілде: жаз ортасы жылжыды

  • Шолу

Шілде — жаз ортасы. Әдетте бұл кезеңді көпшілік демалыс айы деп қабылдайды. Алайда, қысқа дайындықтың көп шаруасы да осы тұста атқарылуы тиіс. Сондықтан да еңбек адамы ертеңін ойлап, далалық жұмыстарды бір жөнге салып алып алғанды жөн көреді.
Бұл айда еліміз Елорда күнін атап өтті. Елді ұйымшылдыққа, бірлікке, жасампаздыққа шақыратын көптеген шаралар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ мұсылман қауымы Құрбан айт мерекесін өткізіп, қоғамның рухани-адамгершілік негізін нығайтуға ниеттерін білдірді.

Облыс әкімінің стипендиясы

Биыл оқу үлгерімі жақсы, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын дарынды жастар тобынан 188 студентке облыс әкімінің стипендиясы тағайындалды. Мұндай жеңілдік әлеуметтік осал топқа жататын студенттерге де берілді.
Облыста атаулы стипендияның көлемі жыл сайын өсіп келеді. Өткен жылы жоғары оқу орындарының студенттеріне 160 мың теңгеден, ал колледж оқушыларына 80 мың теңгеден берілді. Биыл жоғары оқу орындарының 148 студентіне 200 мың теңгеден, кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінің 40 оқушысына 100 мың теңгеден стипендия тағайындалды.
Облыс әкімінің стипендиясына ие болғандардың бірі — Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің оқушысы Нұрайым Айғожина мұндай қолдауға алдағы уақытта лайықты жауап беретіндігін айтты.

«Ауыл — ел бесігі»

Осы бағдарлама аясында бүгінде 15 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге өткен кезеңнен жалғасқан 6 ғимараттың құрылысы да аталған мемлекеттік жобаға енеді.
Бұл бағдарламаның мақсаты — ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жоба аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының өркениет игіліктері мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар міндеттерді шешу жоспарланған.
Алға ауданының Самбай ауылында 6 көше жөнделуде. Балалар алаңы, спорт алаңы, дәрігерлік амбулатория да осы мемлекеттік бағдарлама көмегімен салынады.
«Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Алға ауданының 4 ауылында қарқынды жұмыстар жүргізіледі.
Мұғалжарда биыл 9 жоба жүзеге асырылады. Ырғыз ауданының еншісінде 3 жоба жүзеге аспақ. Шалқар ауданы бойынша Бегімбет ауылында спорт кешені, Мөңке би ауылында 150 орындық мәдениет үйі салынуда, Тоғыз ауылдық округінде №7 мектептің жанындағы интернат ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Осындай игіліктерді басқа да көптеген ауыл тұрғындары көреді деп күтілуде.

Табыс көбейе ме?

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен халықтың табысын арттыру мақсатында «Бастау Бизнес» курстары қарқынды түрде жүргізіліп, осы жобаның көмегімен жеке кәсібін ашқан ақтөбеліктердің саны артып отыр.
Хромтаулық жас кәсіпкер Назгүл Беграхимова «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, 583 мың теңге грант ұтып алды. Оған қажетті оқулықтар, компьютер, басқа да құрал-жабдықтар сатып алған. Сондай-ақ «Atameken Aktobe» микроқаржы ұйымынан 5 жылға 15,5 млн теңге несие рәсімдеген. Бүгінде орталықта үш адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ақтөбе қаласындағы «High school» оқыту орталығында балалар қосымша білім алып, тіл үйренуде. Сондай-ақ қосымша білім алғысы келетіндерге де педагогтар арнайы курстар өткізеді.
«Бастау Бизнес» жобасына қатысып, өзінің тігін цехын ашқан Қарғаш Қойшыбаева ұлттық киімдер мен қыз жасауына тапсырыс қабылдайды. Ол төрт адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ауа және экология

Ақтөбедегі атмосфералық ауаның жағдайы — бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. «Ақтөбе облысының  экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасы» бағдарламасы аясында 2020-2024 жылдарға арналған жұмыстар ауқымы белгіленді.
Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы тазарту құрылыстары кешенінің техникалық-экономикалық негіздемесі, жобалық-сметалық құжаттамасы қайта жасақталуда.
Қауіптіліктің 1-ші санатындағы кәсіпорындардың шығарындылары көздеріне атмосфералық ауа мониторингі жүйесін енгізу мерзімі 2021 жылдан 2024 жылға дейін белгіленген.
Биылғы алғашқы жартыжылдықта 15 ірі кәсіпорынға тексеру жүргізілді. «GasProcessing Company» ЖШС-не Экология кодексі талаптарын бұзғаны үшін 647 362 017 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
«Aqtobe su-energy group» АҚ-ына әкімшілік құқықбұзушылық туралы 18 хаттама толтырылып, оның 14-і Ақтөбе қалалық әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотына жіберілді.

Тегін медициналық көмек

«Жәрдем» пойызы облыстың 12 стансасында болып, 7032 тұрғынға тегін медициналық көмек көрсетті. Олардың 2693-і бала, 4339-ы — ересектер.
Медицина қызметкерлері қабылдауға келгендерді тексеріп, ем тағайындады және қажет болған жағдайда аудандық немесе облыстық ауруханаларға жолдама берді.
«Жәрдем» пойызындағы  терапевт, педиатр мамандар 5728 адамға көмек көрсетсе, офтальмолог дәрігер 2811 адамды, ал невропатолог 2473 адамды медициналық тексерістен өткізді. Осы шара барысында 11 шағын хирургиялық операция жасалды.

Халыққа қызмет — абыройлы міндет

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жер учаскелерін рәсімдеу бұрынғыдан біраз оңтайландырылды.
Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалы хабарлады.
Енді бұл қызметті Қазақстандағы барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады. Кез келген адамның жеке менеджер көмегіне жүгінуге мүмкіндігі бар.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жерге орналастыру жобасын әзірлеуден бастап, жер учаскесіне акті дайындауға дейін құжаттарды рәсімдеудің толық циклін көрсетеді.

                                                                             *   *   *

Қырық күн шілде енді тамызға жол береді.
Тамыз — күз хабаршысы. Бұл айда жаз бойғы еккен өнімді жинап алу басталады. Берекелі болғай істеріңіз дейміз диқан қауымына!  

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button