Жаңалықтар

Қызылжар: жол мен жарық қажет

  • Қала

Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан Қызылжар елді мекенінде инфрақұрылым мәселесі өзекті. Аталған тұрғын алабы тұрғындарын жарықтың жиі сөніп қалатыны, жолдың нашарлығы ерекше мазалайды. Атауы қойылмаған көшелердің кесірінен де қиындықтарға тап болып жатқандар көп екен. Сол сияқты Қызылжарда мал шаруашылығымен айналысып, айналадағылардың құтын қашырып отырғандарға шағымданушылар бар.
Бұның барлығы жергілікті атқарушы билік өкілдерінің халықпен кездесуінде айтылды.

Жиынды ашқан Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров мұндай кездесулер жоспарға сай өтіп жатқанын айта келе, көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін қосты. Артынша қалаға қарасты Алматы ауданының әкімі Абат Көбенов қысқаша баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде есеп берді. Айталық, Қызылжар-2, 3 тұрғын алаптарына автокөлік жолдарын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқанын, алдағы уақытта №23, №51 бағыттардағы қоғамдық көліктер елді мекеннің ішіне кіретінін, сондай-ақ аталған елді мекенде спорт кешенін салу үшін қажетті құжаттардың мемлекеттік сараптамаға жолданғаны баяндалды. Мәдениет үйінің де жобалық-сметалық құжаты жасалып, құзырлы органдардан рұқсат алу үшін жіберілгені хабарланды.

Атқарылған нақты жұмыстар да бар. Жуырда «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Қызылжар-1 тұрғын алабының Набережная көшесінде спорт алаңы мен балалар ойын алаңы салынған. Мердігер мекеме — «Бизнес Строй» ЖШС. Көптеген тұрғынның шағымы ескеріліп, аталған ауылда 160 бұралқы иттің көзі жойылыпты. Кездесуге қатысқан жұртшылық иесіз жануарлардың әлі көптігін алға тартты. Яғни мәселе әлі күн тәртібінен түскен жоқ…

— Қала маңындағы ауыл, ауасы таза деп осында көшіп келгенімізбен, Қызылжарда мал басы 100-ден асатын шаруашылықтар бар. Оның өзіне тән иісі, биологиялық қалдықтары жайлы өмір сүруімізге мүмкіндік берер емес. Мұндағы үйлер тығыз орналасқанын білесіздер.  Осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймын, жағымсыз иістен құтыла алмай отырмыз. Мұндай кәсіппен үйлерден тысқары, басқаларға қолайсыздықтар келтірмейтіндей етіп айналысу керек. Ал Қызылжар — қала құрамына кіретін елді мекен, — деп жанайқайын білдірді белсенді тұрғындар.

Өз кезегінде Алматы ауданының әкімі Абат Көбенов аталған мәселені бақылауға алуға уәде етті.

Сонымен қатар Қызылжардағы электр стансаларының айналасы қоршалмағанын, соның салдарынан қараусыз жүрген ит-мысықтар кіріп кетіп, жарықтың жиі сөніп қалатыны сын тезіне алынды. Бұл ойын балаларына да қауіп төндіреді… «Қаншама көшелерге әлі күнге атау берілмеді. Үйімізге қонақ келсе де, тіпті жедел жәрдем қызметін шақыртсақ та, әбден қиналамыз» деп арыз айтқандар кездесті. Абат Көбенов соңғы мәселенің жергілікті ономастика комиссиясымен шешілгенін, көп ұзамай жағдайдың дұрысталатынын айтты.

Соңында қала, аудан әкімдері азаматтарға жеке қабылдау өткізіп, мұң-мұқтажын тыңдады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button