Әлеумет

Жалақы төлеуден жалтара алмайды

  • Брифинг

Жыл басынан бері облыстағы 130 кәсіпорнында жұмыс істейтін 60 мыңға жуық жұмысшының жалақысы 10 пайыздан 50 пайызға дейін көтерілген. Бұл туралы Ақтөбе облысы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Әбдіхат Мырзалин арнайы өткізген брифингте айтты.

Бүгінгі таңда еңбек ұжымдарындағы жағдай тұрақты, кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеуде. Биыл 12 кәсіпорында жалақы бойынша 80,9 миллион теңге берешек өтелген.

Жыл басынан бері басқармаға келіп түскен 1056 өтініш бойынша 228 тексеру жүргізіліп, 392 заңбұзушылық анықталған.

— Жұмыс берушілерге 133 ұйғарым беріліп, 19,2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға 17 ұйғарым беріліп, 2,0 миллион теңге айыппұл өндірілді. Кәсіпорындарда 1500-ден астам қызметкердің қатысуымен 110 түсіндіру кездесулері мен семинарлары өткізілді.

Бірқатар компаниялардың басшылығына ағымдағы жылдың соңына дейін еңбекақыны қосымша арттыру мүмкіндігін қарау туралы мәселе қойылды. 

Жалпы облыстағы жағдай тұрақты және бақылауда, — дейді Ақтөбе облысы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Әбдіхат Мырзалин.

Оның айтуынша, кәсіпорындарындағы жағдай күнделікті бақыланады, оның ішінде әлеуметтік желілер мен интернет-платформалардағы жасырын жарияланымдарға мониторинг жүргізіліп, белгілі бір шаралары қабылданады.

Мемлекеттік мекемелермен, оның ішінде прокуратурамен, құқық қорғау және арнайы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, барлық түйткілді мәселелер бойынша өзара ақпарат алмасу және апта сайын салыстырып тексеру жүргізіледі.

Қазіргі уақытта 2 кәсіпорында 3 айдан астам жалақы бойынша мерзімі өткен берешек бар. «Mining Inert Materials» ЖШС 138 қызметкердің алдында 31,6 миллион теңге қарыз. Кәсіпорындағы дау үшжақты комиссияның отырыстарында бірнеше рет қаралды. Қазіргі таңда сот орындаушылары бұл іспен айналысып жатыр.

Сондай-ақ «КТП» ЖШС-де 14 қызметкердің алдында 4,5 миллион теңге сомасында берешек анықталды. Жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықты жою туралы ұйғарым берілді.

Ұзақ уақыт бойы банкрот деп танылған «Аска Экспо центр» ЖШС 6,1 миллион және «Мосто трест-4» ЖШС-нің 600 мың теңге жалақы бойынша берешегі сақталып тұр. Банкроттықты басқарушылар Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп жалақы бойынша берешекті өтеуге барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Берешекке жол берген кәсіпорындардан жалақы бойынша берешектерді өндіру мақсатында мемлекеттік органдармен тексеру іс-шаралары, сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілді, жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың атына нұсқамалар енгізілді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button